Мұрат НАҒАШЫБАЙ: «Мақсат – ұлт өнерін өрістету»

Биыл Меңдіқара ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Төлтума ақын Қасым Тоғызақов "Үлгілі аудан, дүлдүл аудан" деп жырға қосқан мекен көрікті келбетімен, кесек тұлғаларымен танымал. Бұл өлкенің облыс мәдениетінің дамуына қосып келе жатқан үлесі де өлшеусіз. Осы орайда тектілер топырағының бүгінгі рухани тыныс-тіршілігімен таныспақ ниетте аудандық "Юбилейный" мәдениет үйінің директоры, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық және республикалық одақтарының мүшесі Мұрат Нағашыбаймен сұқбат құрған едік.   c9ba8da2-6fc4-45c5-ad31-35c4e8219fd7
— Биыл ауданның 90 жылдық мерейтойы. Бұл атаулы датаның думанын жоспардағыша атап өтуге карантин кедергі болғаны даусыз. Дей тұрғанмен, мерекенің ескерусіз қалмағанына да ел-жұрт куә. Айтыңызшы, қатаң талаптарды сақтай отырып, қандай іс-шаралар ұйымдастырдыңыздар?
Еліміздегі жағдайға байланысты, барлық мерекелік іс-шара әзірге онлайн форматына өтуде. Ең басты жоспарларымыздың бірі Меңдіқара ауданының 90 жылдық мерекесі еді. Бұл жоспарымызға да пандемия өз "түзетулерін" енгізді. Дегенмен іс-шараларды кейінге ысырып қоя салмай, қолдан келгенше мақсаттарымызды жүзеге асырудамыз. Мәселен, қыркүйек айында "90 жылға – 90 тілек" атты құттықтау бейнероликтерін түсіру басталған еді, бұл жоба жыл соңына дейін жалғасады. Мұндағы мақсат – Меңдіқара ауданының тумаларының,  Құрметті азаматтарының, әр салада табысты еңбек етіп жүрген жерлес азаматтардың мерекелік лебізін елмен бөлісу. Бейне құттықтаулар Мәдениет үйінің "Инстаграм" желісіндегі парақшасында және "Ютуб" арнасында көрсетіледі. Сондай-ақ, таяуда Алтын Орданың 750 жылдығы және Меңдіқараның 90 жылдығына орай, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында, "Меңдіқара – мекені ұлылардың…" атты облыс термешілерінің онлайн байқауын өткіздік. Ұлттық өнерді насихаттауды көздейтін дарындылар додасына аудандар мен қалалардан 12 үміткер қатысып, өнерсүйер қауымға ерекше рухани тарту жасады. Мұның сыртында, қазіргі уақытта ауыл клубтары арасында  "Бұл – біздің Меңдіқара" деп аталатын челлендж жүруде. Аталмыш челленджде әр ауыл клубының меңгерушісі өз ауылының тарихынан сыр шертіп, сурет және бейнеслайдтар жасап, көпшілікпен әлеуметтік желілер арқылы бөліседі. Сонымен қатар, әріптестерім Меңдіқара ауданында туған және осы елде өмір сүріп, мәдениетінің дамуына ерекше атсалысып жүрген өнерпаз дарындармен онлайн-сұхбат жүргізуде.   
Өзіңіз жаңа ғана айтып өткен облыстық термешілер байқауына кеңірек тоқтала кетсеңіз. Бұл аудан тарихында тұңғыш рет өткізіліп отыр ма, әлде жыл сайынғы дәстүрге айналған жоба ма?
— Баршамыз назардар болып жүргендей, мұндай термешілер байқаулары еліміздің әр аймағында өтуде. Біздің ауданында да көпке үлгі болатын, ұрпаққа өнеге беретін, тәлімі терең іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Осы жолғы термешілер байқауының өту тәртібін өзгешелеу жасадық. Бұл байқаудың ерекшелігі – бірінші кезеңде ауданымыздың ұлы тұлғаларын, тағылымды тарихын, тамаша табиғатын жырға арқау етіп, барлық қатысушы арнау орындады. Кейбір үміткер арнау сөздерін шығарған, ал кейбір қатысушы жергілікті ақындарға арнайы жаздырды. Бұндағы мақсатымыз – сөзі тыңнан жазылып, осы байқауда орындалған арнауларды шағын кітапшаға топтастыру еді. Бұл жирақ ауданымыздың мәдениет ошақтарында 90 жылдықтың естелігіндей сақталатын болады. Ал, жалпы, термешілер байқауы бұған дейін аудандық деңгейде, ауыл термешілері арасында өткен-ді, ал облыстық деңгейде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұны дәстүрлі байқауға айналдыру – уақыттың еншісіндегі шаруа. Негізі, ұлттық өнерді насихаттау мақсатындағы, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясындағы мәдени іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылады. Бұйыртса, келер жылы аймақтық "Қымызмұрындық" фестивалін өткізу жоспарымызда бар.   
Жалпы, биыл аудан орталығында және ауылдық округтерде қандай елеулі жұмыстар атқарылды? Мәдениет ошақтарын жөндеуден өткізу, қалпына келтіру жұмыстары жайында қандай мәлімет бере аласыз?
Биыл мәдениет саласының мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Михайлов ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу ұсынысы комиссия қарауына жіберіледі.  
-Аудан кәсіпкерлері осындай жоспарлы жұмыстарға, мәдени шараларға, ауылдық елді мекендердегі мәдениет ошақтың жағдайына қарасып, демеушілік көрсете ме?
— Жергілікті кәсіпкерлердің мәдениет саласына деген пейілі, демеушілік қолқабыстары әрдайым тәнті етеді. Өз басым, бұл тұрғыда ерекше ризашылықпен айта алар едім. Мысалы, 2019 жылы өзім ұйымдастырған "Асабалар алаңы" жобасының жалғасы ретіндегі ақындар мен асабалар айтысын өткізуге аудан тұрғындары, ел азаматтары демеушілік танытып, қолдау жасады. Осы елден шыққан тұлғалардың атынан арнайы сыйлық дайындалды. Жақында ғана өткен облыстық термешілер байқауында да ардагер ұстаз, зейнеткер Зүмірет апай Шаяхметқызы демеу білдіріп, арнайы жүлде қосты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бастысы, осындай жомарт жандардың бәріне риза көңілмен алғыс білдіреміз.m-rat-na-ashybaj-ner-m-hal-ym-sen-sh-n-2018
— Аудандағы мәдениет саласына мамандар тарту мәселесі қалай? Кадр тапшылығы бар ма? Шақырылған мамандар болса, оларға материалдық  қолдау көрсету деңгейі қандай?
Өздеріңізде білесіздер, қазіргі таңда елімізде елбасымыздың бастамасымен ісек қосылған "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бар. Осы бағдарлама арқылы көптеген аудан және шалғай ауылдар әр сала бойынша жас мамандармен толығып жатқанын көріп отырмыз. Ал, енді, біздің Мәдениет үйіне биылдың өзінде екі жас маман келіп отыр. Олардың бірі – танымал термеші, талантты әнші Байдос Қожасағиев болса, екіншісі – дарынды әнші, "Жастар" тобының әншісі Азат Тобылұлы. Осы мамандарға аудан орталығынан аталмыш бағдарлама бойынша пәтер беріліп, тиісті көмек көрсетілді. Ал, жалпы, өз тарапымыздан мәдениет үйлерінің қызметкерлеріне, қолдан келгенше, бөліп жармай көмек берудеміз.  
— Өңірдегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы, ұлттық өнердің насихатталу деңгейі, руханият мәселесі туралы пікіріңізді білгіміз келеді.
Мемлекеттік тіл тұрғысында айтар болсам, біздің іс-шараларымыз екі тілде өтеді, бірақ 60-70 пайыз қазақ тіліне басымдық береміз. Кейінгі екі-үш жылда тек қазақы тақырыптағы, ұлттық мазмұндағы рухани кештер өткізіліп жүр. Олардың бәрі – ана тілімізде. Іс-қағаздардың да басым бөлігі қазақ тілінде жүреді. Енді, ұлттық өнерді насихаттау міндетіне келер болсақ, біздің ауданда әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жаңғыруға бағытталған іс-шаралар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Тіпті кейінгі уақытта жобаларымыздың көбісі ұлттық нақышта өтуде. Мысалы, Меңдіқара ауданына жұмыс бабымен келгеннен бері осы міндетке ұдайы бүйрегім бұрумен келеді. Айталық, 2016 жылы "Асабалар алаңы" жобасы таза қазақ тілінде өтті, "Бабалар сазы" деп аталатын аудандық термешілер сайысы да осы мақсатта қолға алынған шара, "Аталар айтқан ақ бата" атты қариялар сайысының мән-мазмұны айтпаса да түсінікті. 2017 жылы "Жас тұлпар" оқушылар айтысы өтті, 2018-2019 жылдары келіндер сайысы, "Жігіт сұлтаны" бәсекесі, асабалар мен ақындар айтысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал биыл домбыра күнінде 35 домбырашының қатысуымен флешмоб және ұлт аспаптары ансамблінің концерттік бағдарламасын жергілікті жұртқа тарту еттік. Бұған ауданның 90 жылдығына  арналған облыстық термешілер байқауын қосыңыз… Осының бәрі ұлттық өнердің насихатталуына, қазақылықтың қанат жаюына, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне ықпалын тигізеді деп сенемін. Өзімнің де өмірлік мақсатым осы – ұлт өнерінің өрістеуіне өз үлесімді қосу.  
— Өзіңіздің бастамаңызбен облыстық деңгейдегі бірнеше жобаның ел назарын бұрғанын жақсы білеміз. Мәселен, солардың бірі – өзіңіз жаңа ғана тоқталып өткен асабалар байқауы. Осы секілді сипаты ерекше жобалар жалғасын табуы мүмкін бе?
— "Асабалар алаңы" жобасы екі мәрте өткізілді. Алдағы 2021 жылы да жалғасын табады деген үміттемін. Назардан тыс қалып қойды деуге болмайды. Бұдан бөлек, жыршы-термешілердің әдетте жұрт назарына жиі іліге бермейтіні жасырын емес, сондықтан көбінің танымалдығы да тар шеңберде, тіпті мұндай бағыттағы өнерпаздар облыс көлемінде соншалық көп деп те айта алмаймыз. Осы себептен алдағы уақытта ұлттық өнерді насихаттайтын жобалар ұйымдастырсам деген ой бар. Ол жобалардың қашан, қалай және қайда өтетінін уақыт еншісіне қалдыра тұрайын. Қазір айтсам, қызық болмай қалуы да мүмкін.dsc_0234
-Меңдіқара өңірінің елге әйгілі тарихи тұлғаларға бай екені баршаға мәлім. Көптеген ақын-жазушы, сазгер, әнші, ғалым-ғұламалар шыққан. Осындай тұлғалардың рухани мұраларын насихаттауға мәдеиет саласы қаншалықты үлес қосуда?
—  Осы орайда тағы да термешілер байқауына шегініс жасаудың қажеттігі туындап тұр. Байқаудың бірінші кезеңінде, яғни арнау орындау бөлігінде осы елден шыққан тұлғалардың есімдері тізіліп, тектілер өлеңмен әспеттелді. Тіпті, кейбір өнерпаздың терең ізденісі бізді тәнті етіп, арнауларынан ауданға қатысты ақпаратқа тереңінен қаныққан жайымыз бар. Тыңдармандар да көптеген есіммен танысып, меңдіқаралық таутұлғалармен қауышқан болар. Мінекей, бұл-дағы тарихи тұлғаларды насихаттаудың бір тәсілі емес пе! Мұның сыртында, Қаратал ауылына қарасты Қаражар елінен шыққан Қажығали Омаров атты дарынды сазгер ағамызды бірі білсе, бірінің біле бермеуі әбден мүмкін. Бұл кісінің әуезді әндері көп, бірақ өкініштісі – туындылардың насихатталуы аз. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында Қажығали Омаров ағамыздың "Қаратал вальсі" деген әнін заманауи тұрғыда өңдеу жасап, жарыққа шығарғалы отырмыз. Бұйырса, өзіміздің дарынды әншілер орындап, кеңінен насихаттайды. Бұған қоса, әйгілі меңдіқаралық тұлғалардың мерейтойлық шаралары біздің ұжымның қатысуынсыз өткен емес. Осы бағыттағы жоспарлы шаралар іске аса бермек. 
-Ауданның бүгінгі өнерпаздарының осы жылы қол жеткізген қандай жетістіктерін мақтанышпен айтып, оқырмандарымызбен бөлісе аласыз ба?
Биыл онлайн форматында өтіп жатса да, республикалық, облыстық байқаулардың ешқайсысынан қалып жатыққан жоқпыз. Атап айтар болсам, "Мұрагер" республикалық жобасына қатысып, "Терме" номинациясы бойынша өзімнің 1-орын иеленгенімді сүйіншілеуден бастайын. Байдос Қожасағиев  те дәл осы байқаудан "Дәстүрлі ән" аталымы бойынша 1-орынды қанжығасына байлады. Жалпы, Байдосымыз биыл біздің қоржынға аз олжа салған жоқ. Айталық, ол Денисов ауданында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналып өткізілген "Алыс та жақын ән" атты облыстық байқаудан да жүлдегер атанды. "Меңдіқара – мекені ұлылардың" атты облыстық термешілер байқауында бірінші орынды иеленді. Бұдан бөлек, мәдениет үйінің  жанынан құрылған халықтық, вокалдық "Жастар" тобы  аймақтық славиян халқының "Душа славянская" атты фестивалде жақсы өнер көрсетті.  "Жұлдыз" халықтық бишілер ұжымы "Жеті өнер" деп аталатын  IV халықаралық балалар мен жастар фестивалінде 1-дәрежелі лауреат атанды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген кәсіби емес орындаушылар арасындағы "Абай әндері" республикалық байқауына қатысып, Абай әнінің ұлттық ерекшелігін танытқан орындау шеберлігі үшін дарынды әріптесіміз Дивель Вера "Ұлағат" жүлдесімен марапатталды. Жалпы, жетістіктер легі мұнымен таусылмайтынына кәміл сенімдіміз.
"Арман деген – көп белес: біріне шықсаң, бірі бар" дейтін нақыл болушы еді. Сол демекші, сізді кезек күттірмей ретке келуі тиіс қандай түйткілдер толғандырып жүр? Жалпы, мәдениет саласына тән қандай мәселелерді көзіңіз шалады?
Біз еңбек етіп жүрген мәдениет саласында ерекше ден қойып, назар аударатын бір мәселе бар, ол – авторлық құқық. Қазіргі таңда авторлық құқыққа қатты қарап жатыр. Тек мәдениетте ғана емес, кез келген салада біреудің еңбегін, жұмысын, идеясын рұқсатсыз пайдалану – үлкен қылмыс. Айтайын дегенім, облыста жергілікті композиторлардың әндерін студияға жаздырып жүрген талантты өнерпаз әншілер бар, солардың бірі өзім. Өз қаражатымызға, өз еңбегімізбен, ұнатқан әнімізге заман талабына сай өңдеу (аранжировка) жасатып, айтып-орындап жүрміз. Кей жерлерде сол әндердің "минусовкасын" (мәтінсіз әуен) рұқсатсыз пайдаланып, қалаған кезінде орындап жүрген әншілер бар. Көбіне тойда айтылады. Егер автор өз "минусовкасын" жақын таныс әншісіне берді делік, алған адамның оны одан әрі басқаларға беруге, болмаса жаппай таратуға құқығы жоқ қой. Сұрап алды ма, өзі ғана айтуы керек, болмаса автордың рұқсатын иеленуге тиісті. Тағы бір айтарым, кімде-кім әнді орындағысы келсе, туындының сөзін жазған ақынға, әнін шығарған сазгерге хабарласуы қажет. Авторлары болмаған жағдайда облыста арнайы құрылған компазиторлар одағының қызметкерлеріне жолыққаны дұрыс деп ойлаймын. Тобыл-Торғай өңіріндегі айтылып жүрген кейбір әндердің сөзінде де, әнін жеткізуде де кездесетін қателіктерді құлағымыз шалып қалады. Бір ғана дәлел, Бақытжан ағамыздың "Киелі топырақ" әнінің екі-үш жерін көп әнші қате айтып жүр. Реті келіп тұрғанда, автор Бақытжан ағамыздың осыған сәл реніш білдіргенін айтқым келеді. Бауырларымыздың "Ер Торғай" әнін айтуына да аға-апаларымыз сын білдірді. Жаңа әндер жазып, жақсы танылып келе жатқан Серік Алпыс бауырымыздың "Біздің Торғай" термеге ұқсас әнін де қоғам болып біраз талқыға салдық. "Әні басқа, олай айтылмайды" деген наразы пікірлер көп айтылды. Мінекей, айналып келгенде, осындай мәселелерді қарастыратын, кейінгі жастарға бағыт-бағдар сілтейтін, сөздің нақтысын, әннің дұрысын ұсынатын облыстық арнайы ұйым болса деген ой туындайды. Аймақтағы ұйымдастырушылар мен компазиторлар одағы осы іспетті түйткілдерді қадағалауға алуы керек деген пікірдемін. Ол үшін әнші де әуенді жарыққа шығармас бұрын осындай ұжымға міндетті түрде барып, рұқсат алу керек-ақ. Сөйткенде ғана әрқайсымыздың әрекетімізде берекет болар ма еді. Әрине, бұл – менің жеке ой-пікірім. 
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓