Басты бағыт – баспана

WhatsApp Image 2020-11-30 at 15.30.29Президент күні қарсаңында Амангелді ауданында 18 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында ауыл еңбеккерлерін қолжетімді жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету туралы өңір әкімдеріне міндеттер жүктеген болатын. Тұрғындарды баспанамен қамту бойынша мәселе Амангелді ауданында оң шешімін тауып келеді.
Аудан орталығында 1997 жылдан бері бұзылып, жарамсыз күйде тұрған нысан баспанаға айналды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасымен «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 169 млн теңге қаражат бөлініп, қайта жаңғыртудан өтіп отыр. 2 қабатты, аумағы 1268 шаршы метрді құрайтын бұл ғимарат 2 және 3 бөлмелі 18 пәтерден тұрады. Құрылысты «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігі 152 млн теңгеге жүргізіп, уақытында сапалы орындап шықты.
Пәтерлер кезекте тұрған көп балалы отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарға және бюджет қызметкерлеріне берілді.
Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асановтың айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесі кешенді түрде шешіліп келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда Амангелді ауданы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 131 адам кезекте тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 27, көп балалы аналар – 25, халықтың әлеуметтік жағынан осал топ мүшелері – 33 адам, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 46 адам. Биылғы жылғы ақпан айындағы халықпен есепті кездесуде облыс әкімі Архимед Бегежанұлы тұрғын үй салу туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында маусым айында аудан орталығынан 11 пәтерлі жатақхана салып, әлеуметтік осал санатқа жататын отбасы мүшелеріне берген болатынбыз. Ал бүгінгі ашылып отырған 18 пәтерлі тұрғын үй ғимаратын қайта құрылымдау «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында өтті, — дейді аудан басшысы.
Әмірхан Біркенұлы мереке қарсаңында қуаныштары еселеніп жатқан тұрғындарға пәтер кілттерін тапсырды. Баспанаға ие болғандардың бірі – Бану Мұхатова. Көп балалы ана жақсы жағдай жасап отырған облыс әкімдігіне алғысын білдірді.
– Мен жалғыз басты анамын. Ақпан айында облыс әкімі Архимед Бегежанұлының жұртшылықпен өткен есепті кездесуінде тұрғын үй алу мәселесін көтерген болатынмын. Осы күнге дейін өзіміздің үйіміз болмай, жалдамалы пәтерде тұрып, әртүрлі қиындықтар көріп келдік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясаты арқасында Амангелді ауданында тұрғын үйлер қайта тұрғызылып, жөндеуден өтіп жатыр. Жаңа пәтерге қол жеткізіп отырғаныма қуаныштымын. Дәл қазіргі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы қамқорлықтары үшін Елбасымызға, Президентімізге, облыстың, ауданның басшысына алғысымыз шексіз, — дейді Бану Қабжәлелқызы.
WhatsApp Image 2020-11-30 at 18.34.16 WhatsApp Image 2020-11-30 at 18.34.17 WhatsApp Image 2020-11-30 at 18.34.18 (1) WhatsApp Image 2020-11-30 at 18.34.18 WhatsApp Image 2020-11-30 at 18.34.19

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓