ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ

"Атамекен" ҰКП сауалнамасына қатысқан 70 мың кәсіпкердің 10% — і өз бизнесін жабудың алдында тұрғанын мәлімдеген. Тығырыққа тірелгендердің дені тамақтандыру, ойын-сауық және демалыс, білім беру саласында тер төгіп жүргендер көрінеді. Сауалнамаға қатысқан бизнесмендердің 23% — ы табысынан толық айырылған және үштен бірі қарыздарын қайтатар мүмкіндіктерінің жоқтығын хабарлаған. "Kazakhstan Growth Forum K20"онлайн-форумында "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов осындай мәліметтер келтірді.

01-2-570x380

23 маусым мен 2 қыркүйек аралығында жүргізілген сауалнамаға қатысқан кәсіп иелерінің басым бөлігі бизнестің үкіметтік қолдауға зәру екендігін білдіріпті. Яғни, салықтық жеңілдіктен бастап, қолдау қаржысы берілсе дегендей тілек білдірген. Палата төрағасының сөзін сүзгіге салсақ, бизнес бағытын өзгертуге қатысты бірде-бір кәсіп иесі ой қозғамаған сыңайлы.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, кәсіпкерлердің 17% — нің салық төлейтін қаражаты жоқ. Бизнес өкілдерінің  13%-і табыстың төмендеуіне қызмет пен өнімге сұраныстың қысқарғаны себеп десе, 12% — і бизнес субъектілерінің жұмысына тыйым салу мен шектеулердің бизнестің құлдырауына себепші болғанын атап өткен.

Елде карантин мен төтенше жағдай режимін енгізуден кинотеатрлар, ойын-сауық парктері және event-қызмет көрсету саласындағы компаниялар зардап шегіпті. Олардың 2020 жылдың қаңтарынан тамызына дейін көрсеткен қызметтерінің көлемі 70% — ке дейін қысқарған. Жалпы, елімізде көрсетілген қызметтер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6,1% — ға төмендеді. "Жылжымайтын мүлікпен операциялар" сияқты сегменттерде құлдырау – 4,3%, әкімшілік қызмет көрсету – 5,1%, сауда – 10,5%, көлік саласында  —  16,1% қысқарған. Тек, байланыс саласындағы компаниялар ғана 8,3% өсімді көрсеткен.

 Өтпелі кезеңде елдегі тауар өндірісі 1,7% — ке өсті. Құрылыс секторы –  6,5%, ауыл шаруашылығы  — 4,9%, өңдеу өнеркәсібі — 3,3%  өсім көрсеткен. Ал тау-кен өнеркәсібі керісінше, 1,5% -ке төмендеген.

"Сауалнамаға қатысқан бизнесмендер қызметкер санын қысқартуға мәжбүр болғанын мойындады. Барлығы 87 мыңға жуық маман жұмыссыз қалса, 97 мыңға жуық адам жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілді. Бірінші жағдайда бұл жұмысқа орналасқандардың жалпы санының 16% – ы, ал екінші жағдайда — 17%-н құрайды",-деді Абылай Мырзахметов онлайн-форумда.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы  бизнесті қолдау үшін сегіз мәселені шешу керектігін атап өтті. Нақтылар болсақ,  шағын және орта бизнестің салықтары мен әлеуметтік төлем міндеттемелерін 2020 жылдың соңына дейін тоқтатуды ұсынды. Сондай-ақ, барлық талаптарды сақтай отырып, бизнес объектілерінің жұмыс режимін жеңілдету және зардап шеккен салалар үшін міндетті әлеуметтік төлем мен өзге де салықтардан жыл соңына дейін босату көзделген. "Атамекен" ҰКП 2020 жылдың 6 наурызынан бастап 12 айға экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ-тың барлық қолданыстағы кредиттері бойынша жылдық 6% — ға дейінгі пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды ұсынады. Сондай-ақ карантин кезеңінде қызметі шектеулі кәсіпорындардың коммуналдық қызметі мен жалға алушылар мен жалға берушілердің мәселелерін шешуді көздейді.

Кинотеатр, ойын-сауық орталықтары мен event-қызмет көрсету саласына жеңілдік қарастырған Абылай Мырзахметов бюджет "жыртығын" бөлшек сауда салығын енгізу арқылы бүтіндеу керектігін алға тартқан.

Әлемді жайлаған індеттің салдарын тек, Қазақ елінің ғана емес, жаһан жұртшылығының сезініп отырғаны мәлім. Қазақстандық  event-индустрия өкілдері іспетті, өзге мемлекеттердің де осы салада жүрген азаматтары нәпәқасын айыра алмай жүр. Мәселен, ресейлік атақты актерлердің бірі, "Уральские пельмени" шоуының жұлдызы Андрей Рожков пандемия белең алғалы  электр энергиясын өткізу қызметіне кіріскенін хабарлаған.

"Жарты жылдан бері актерлерде жұмыс жоқ. Осыған байланысты, электр энергиясын тарату қызметіне кірісуге тура келді. Қорқынышты болса да, қылар қайран жоқ," – дейді Инстаграм парақшасына жүктеген видеосында Андрей Рожков.

Актер электр жарығымен жұмыс істеуді студенттік шағында  өндірістік оқыту комбинатында үйренгенін айтады. Ал біздің елімізде мұндай мамандыққа арнайы оқыту орталықтары арқылы кез-келген уақытта бейімделуге болады.  Жалпы, елімізде жұмыспен қамту орталықтары, кәсіпкерлік палаталары арқылы қайта даярлау курстары ұдайы жүргізіліп тұрады. Жұмысынан қағылған немесе кәсібін ауыстыруға ниеттілерге мемлекет тарапынан шәкіртақы да қарастырылған. Тек, жаңа кәсіпті меңгеріп, жұмыс істеуге деген ынтаңыз болсын.

Ол аз десеңіз, "Жұмыспен қамту жол картасы" арқылы Қостанай облысында ғана 54 миллиард теңгенің 282 жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында 14 340 жұмыс орынын құру жоспарланған. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталықтары арқылы бағдарлама шеңберінде құрылған жұмыс орындарына 5 139 жан еңбекке тартылған. Құрылыс, жол жөндеу саласында әлі де мамандар жетіспейді. Ән айтып, той тойлайтындардың да қара жұмысқа бейімделер кезі келген сыңайлы. Табысты болса – жұмыстың жаманы жоқ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓