ҚҰРЫЛЫСҚА КЕДЕРГІ БОЛМАУЫ ТИІС!

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  словакиялық «H + H Technika»  компания өкілдерімен кездесті. Басқосу барысында Қостанай қаласындағы  Мұз аренасының  құрылыс қарқыны, жұмыс барысында туындап жатқан мәселелер талқыланды. Бұл жөнінде аймақ басшысы Инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.

Облыс орталығында ауданы 8,6 мың шаршы метрден асатын, 2,5 мың көрерменге шақталған Мұз спорт сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды көтеруге кіріскен «H + H Technika» компаниясының бұған дейін  Чехияның Быстрижице, Вешков, Телч қалаларында үш бірдей мұз сарайын сәтті салып шыққанын айта кеткен жөн.

Біздегі бой түзеп жатқан спорт нысаны жыл бойы оқу-жаттығу процесін үздіксіз жүргізіп, хоккей, мәнерлеп сырғанау, спорттың басқа да түрлерінен жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Мердігер компания өкілдерінің уәжіне сүйенсек, спорттық нысан заманауи техникалық деңгейде ойын-сауық мәдени іс-шараларын өткізетін алаңға айналмақ.

Әлемді жайлаған індетке байланысты, құрылысқа қажетті кейбір бұйымдар Қостанайға жеткізілмей қалған көрінеді. Облыс әкімі осы мәселені жылдамдатып шешіп, құрылыс нысанын бекітілген жоспарға сай жыл аяғына дейін қолданысқа енгізуді қадап тапсырды.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓