Тарихы терең, беделі ерен театр

Өнер біткеннің төресі саналатын театр сахнасы әр өңірде жұмыс істеп, халықтың рухани қажетіне жарауы – маңызын жоймас ізгі іс. Бұл тұрғыдан  Жангелдин  ауданы көш соңында емес. Н.Ахметбеков  атындағы   мәдениет  үйінің  жанындағы "Халық  театры" өнерсүйер қауымды тамаша туындыларымен тәнті етумен келеді.Без названия (4)
Аудан орталығындағы халық театрының тарихы әріден басталады. Ол сонау 1936 жылы  Амангелді-Торғай арасында алғаш "колхоз-совхоз театры" болып  құрылып, көп жыл үзіліссіз жұмыс атқарды. Елден шығып, исі қазаққа есімі мәшһүр болған талай дарынның талабын шыңдап, дарынын ұштады.
Мәселен, "Торғайдың Топжарғаны" атанған ақиық ақын, Абай атындағы  республикалық сыйлықтың лауреаты, Нұрхан Ахметбековтің 1936-38 жылдары  осынау ауданаралық  колхоз-совхоз театрында қызмет етіп, өнер қарлығаштарының қанатын  қатайтуға, көркемөнерпаздықты дамытуға елеулі  еңбек сіңіргені баршаға  мәлім.Без названия (5)
Осынау халық театры құрылғанда алғашқы әртістерінің бірі ақын, жырау, күйші, шежіреші Ахметқан Әбіқаев болғанын бүгінде бірі білсе, бірі білмейді. Шалғайда жатқан елді мекендер мен қыстақтарда асқақтата ән салып, күмбірлете күй төгетін, шағын сахналық көріністерімен ашық аспан, кең даланы  театр сахнасына айналдырып жіберетін өңкей дауылпаз өнерпаздарды жұртшылық асыға күткен.
Халық театр сахнасында Б.Майлиннің «Шұғасы», М.Әуезовтің  «Еңлік- Кебегі», Қ.Мұхамеджановтың  «Бөлтірік бөрік астында» шығармасы, О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» туындысы, Д.Исабековтың «Әпке» драмасы және тағы да басқа сүйекті де сүйікті спектакльдер сахналанған.
Театр 1972 жылы  М.Әуезотің  «Қаракөз» қойылымымен шымылдығын ашып, халық театры атағын жеңіп алды. Театр  ұжымына қазақтың мемлекеттік  драма театрының  режиссері Қадір Жетпісбаев жетекшілік жасап, Бейімбет Майлиннің « Шұға » спектаклін  сахнаға шығарды.
1972 жылы Алматы да өткен халық театрлары байқауында әуесқой әртіс Рысты Ерденова лауреат атанды. 1972-1982 жылдар аралығанда халық театрын кәсіби режиссер Жақсылық Қожахметов басқарып, көптеген кесек туынды жоғары дәрежеде сахналанып, көпшіліктің көңілінен шыға білді.
Тектілердің ізі қалып, маңдай тері сіңген сахнаға жас буын көтеріліп, асыл аманатты абыроймен жалғап келеді. Оған соңғы онжылдықта бағындырған белестері айғақ. Мәселен, 2010 жылы ҚР мәдениет Министрлігінің бұйрығымен «Н.Ахметбеков атындағы халық театры» ұжымының  «халықтық» атағы расталды.  Ал 2019 жылы сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметовтің 80 жылдығына  арналған «Мірдің оғы»  республикалық  әзіл-сықақ  театрлары  фестиваліне  қатысып, ерек өнері үшін марапатталды. Былтыр Қазақстанның  еңбек сіңірген  қайраткері, күйші-композитор  Нариман  Үлкенбайұлының  80 жылдығына арналған  І Республикалық  Халық театрлары  фестиваліне  қатысқаны үшін және  шығармашылық жетістігі мен  шеберлігі үшін  «Көрермен көзайымы»  аталымына және  300 000 теңгеге ие болды. Бұл көп  еңбек  пен тынымсыз  даярлықтың  жемісі.  Торғай өнерінің негізін қалап, шырқау шыңға шығарған Б.Хамзин , Н.Елеутов, Н.Сафарғалиев,  Ы.Ғұбайдуллин,  Р.Ерденова, Б.Махмұтова, Ө.Мұқашев, С.Маманова, М.Тоқпанова, Ш.Жаңабергенов, К.Жұмаділова сынды есімі ардақты алдыңғы буын дарындардың абыройын аласартпау – басты борыш, айнымас міндет.images (1)
 Бүгінгі театрымыздың жаңа белес, толымды табыстарға жетуіне Кәдіржан Хасенханов, Назар Әбдібеков, Ғалия Жауынбаева, Мәулетқали Абдірахманов, Оңғар Жоламанов, Сапура Әлібекова, Гулбану Сейтқасым , Жанат Әлібекова, Арай Ерсары, Қали Сұлушаш , Марат Гаюпов, Қайыржан Шыңғысов сияқты әуесқой әртістеріміз елеулі еңбек сіңіріп жүр.
Біздің сахнадан бастау алып, осы күні  Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында Ақдәмен Досанова, Күлай Ахметова, Қымбат  Әуезханова  және  Арқалық облыстық қазақ жасөспірімдер театрында  мәдениет қайраткері Бөлтірік Молдашов, Рая Байкөбен, Ұлжалғас Сейдахметовалар жемісті еңбек етуде.
Театр ұжымында қазіргі танда 20-55 жас аралығындағы әр саланың  қызметкері бар, зейнет жасындағы кісілер де әлі күн арамызда.  Көптеген жас өздерінің шеберліктерімен, ізденістерімен көзге түсіп жүр. Мысалы, Марғұлан Қасымбек , Фариза Бүркітбай, Жаңажыл Кемелтаева, Гүлсезім Раисова, Нұрлан  Алмас, Сейілхан  Алмас  секілді көптеген жас қыз-жігіттер сахна өнеріне бойдағы бар қарым-қабілеттерін арнауда. Осынау киелі отаудан әлі талай сом тұлғалар, сақа әртістер, кесек қайраткерлер түлеп шығарына қылаудай күмән келтірмейміз.
 
                            Г.Хамзина,
Н.Ахметбеков атындағы  мәдениет үйінің директор

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓