Шығармашылық әріптестік орнайды

Нұр-Сұлтан қаласы және Қостанай облысы филармонияларының директорлары әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі хабарлайды. миниии
"18 қыркүйекте Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының директоры Сүндет Байғожин Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ерлан Дәкеновпен кездесті. Кездесу нәтижесінде екі ұйымның стратегиялық мақсаттарын, ақпарат алмасу және гастрольдік бағдарламаларын айқындаған меморандумға қол қойылды", — деп хабарлаған Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының баспасөз қызметі.
Ерлан Дәкеновтың айтуынша, астаналық және қостанайлық филармониялар бұған дейін де жақсы әріптес болған. Мәселен, қостанайлық әртістер қазақ халық оркестрлерінің "Серпер" республикалық фестиваліне қатысқаны елордалық көрермендер есінде. 2019 жылы қыркүйекте Қостанай облыстық филармониясының Қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Берік Оразалин елордалық Қазақ оркестрі музыканттарымен бірігіп, "Ұлы дала жастары" атты концерт берген болатын. Қос мәдениет ошағының басшылығы ендігіде шығармашылық байланысты ресми деңгейде әлде де дамыта түсуге уағдаласып отыр.
"Біз Сүндет Байғожин екеуміз пікір алмасып, ой бөлісе отыра, әр ұйымның тәжірибесі, айталық репетицияны ұйымдастырудан бастап, концерттік қойылымға дейін өзара пайдалы екеніне көз жеткіздік. Сүндет Байғожин – Қазақстандағы даңқты тұлға, оның Қостанай филармониясының директоры лауазымына тағайындалғанына қуаныштымын. Біздің әріптестігіміз жемісті болады деп үміттенемін", — деп толықтырды Е.Дәкенов. 
Нұр-Сұлтан және Қостанай филармониялары арасында шығармашылық байланыс таяу арада орнамақ: астаналық әртістердің Тобыл-Торғай өңіріне және қостанайлықтардың елордаға гастрольмен сапарлауы әбден мүмкін. Бұл жоспарлардың жүзеге асуы Қазақстандағы коронавирустық пандемия жағдайына тікелей қатысты. Дей тұрғанмен, қос тарап онлайн режимінде бірігіп концерт беру мүмкіндігін ойластыруда.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓