Қараусыз қалмағанын қалайды

Бүгінгі таңда елді мекендердің көпшілігінде мемлекет меншігі есебінен шығарылып, әр түкпірде қаңырап жатқан ғимараттар саны аз емес. Әсіресе, заманында белгілі мақсатқа салынып, кейін пайдаға жарамсыз болып қалған тарихи нысандарды толық түгендеу мүмкін болмай тұр.
Қамысты ауданының Жайылма жерінде 1926 жылы бастапқыда мектеп ғимараты болып салынған үй мен оның жанында шаруашылық мақсатқа пайдаланған бір қабатты нысан ауылдықтардың көз қимас орны. Екі ғимараттың қазіргі жағдайы арқаңа батады. Есік-терезелері жоқ, едені қираған ескі орын сексенінші жылдардың ортасынан кәдеге жарамай келеді.IMG_7921Бір қызығы, бұл нысанда жылыту құбыры жоқ. Кезінде аумағы кең ошақтың ортадағы жалғыз пеші қамыспен жағылып келіпті. Ауылдың дәл іргесінен Тобыл өзені ағып жатқандықтан, тұрғындар жазда арбамен, қыста шанамен құрақ тасыған екен. Соғыс уақытында әскери комиссариат есебінде қызмет еткен – майданға жігіттер осы орыннан аттанып отырыпты. Кеңес үкіметі кезінде емдеу орны болған. 1985-1986 жылдарға дейін жұмыс істеп келіпті.IMG_7945
Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге аса бастаған жылдары бұған дейінгі елдімекен әкімдігі осы нысанды аудандық маңызы бар киелі орындар қатарына алғысы келген екен. Бірақ ол жұмыс әзір іске аспай тұр.IMG_7889
Дегенмен биыл жергілікті «Жайылма» бастамашыл тобы жалпыреспубликалық «Birgemiz: AsylMura» жобасында осы нысанды жеңіл-желпі жөндеуге 300 мың теңге грант ұтып алған. Қаржының тең жарымына терезелерді сырлаған, сыртын әктеп қойған. Бұл жұмысқа мектеп қызметкерлерінің өздері жұмылып отыр. Ендігі қалған ақшаға төбесін жамасақ дейді. Бірақ 300 мың деген ақша ма? Бұл орынға толық күрделі жөндеу қажет.IMG_7943
— Заманында Жайылма үш ауданның – осы Қамысты, көршілес Ресейдің Орынбор облысының Адамов және іргелес Денисов аудандарының орталығы болған. Ресейдің шекарасы қырдың ар жағында – жиырма шақырым ғана. Міне, елдімекеніміздің дәурені жүріп тұрған заманда осы ғимарат салынған ғой. Қабырғалары берік болсын деп балшығына жұмыртқа қосқан екен. Мұның осы уақытқа дейін құламай тұрғаны содан. Артынан аурухана қылды. Одақ құлады, ауылдың жағдайы нашарлай бастады, ел көшті, бұл ғимарат та қаңырап бос қалды. Нысан аумағының дәл қанша шаршы метр екені де белгісіз – құжаты жоқ. Биыл Жеңістің 75 жылдығына орай архивті ақтардық, РФ Қорғаныс министрлігінің сайттарына кіріп сұрау салдық. Нәтиже жоқ. Енді тым болмаса, аудан әкімдігі немесе облыстық мәдениет басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл ғимаратты қарамағына алып, киелі орындар тізіміне қосса, — дейді «Жайылма» бастамашыл тобының жетекшісі Шымбат Ақбасова.IMG_7949
Бұлай деудің де жөні бар. Кезінде жайылып жатқан Жайылмада қазір алпысқа жуық отбасы қалған. Олар әбден орнығып қалған, ешқайда кеткісі жоқ. Тіпті, басқа өңірлерден көшіп келіп жатқандар да баршылық. Бірақ сол алпыс үйде мыңға тарта қара мал, 150 жылқы, мыңнан аса қой бар. Суы мол, малға жайлы, үлкен жолдың бойында жатқан елге бұдан артық не керек.IMG_7960
IMG_7956— Демек, қаңырап жатқан осы тарихи үйдің жөнделуіне сұраныс бар деген сөз. Мектебімізде отыз оқушы білім алады. Олардың қатары сырттан көшіп келген балалардың есебінен әлі де өсе түсуде. Мұның сыртында екі жыл бойы біздің білім ордамыздың жанынан жазғы этнолагерь жұмыс істеп келді. Биыл пандемияға байланысты жұмысын тоқтатып отыр. Әйтпесе, өзіміздің оқушыларымыз бен басқа аудан-қалалардан келетін балалар бір апта бойы осында қазақтың ұлттық өнерімен, тұрмыс-салтымен танысып, демалып кетіп жүреді. Тіпті, аудан әкімдігі этнолагерь шынайы болсын деген мақсатта киіз үй де берген болатын. Ал келешекте бір ғасыр бұрын салынған ескі ғимараттың осындай өскелең ұрпағымыздың пайдасына жарап жатса, нұр үстіне нұр болар еді, — деді Жайылма негізгі мектебінің директоры Нұрлан Өтегенов.
 
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
            Жайылма ауылы, Қамысты ауданы
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓