Бала жанының бағбаны

Дүниедегі ең ұлы мамандық – ұстаздық ету. Оқушысына білім беріп қана қоймай, оның бойына ең ізгі асыл қасиеттерді дарытып, адам болып қалыптасуына да ұстаздың қосар еңбегі ерен.  Ал, бастауыш сынып мұғалімінің жауапкершілігі тіптен екі есеге зор. Өйткені, “ел боламын десең, бесігіңді түзе” демекші, мектептегі білім мен тәрбие берудің негізі бастауыш сыныптардан басталады. Сондықтан, бастауыш мұғалімі алдында отырған баланың бойына білім нәрін сеуіп қана қоймай, имандылық, адамгершілік, әдептілік сияқты рухани құндылықтарға да үйрететін тұлға. Міне, сондай жанның бірі, яғни өз мамандығына жаны құштар, барлық өмірін осы салаға арнаған ұстаздың бірі – Айгүл Нұрпейісова. Ол Қостанай ауданындағы Заречный орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
ұстаз
Айгүл Баубекқызы Қарабалық ауданының Өрнек ауылында туып өскен. Сол ауылдағы негізгі мектепті тәмамдаған ол 10-11 сыныпты Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жалғастырды. Одан кейін Қостанай педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны аяқтаған соң алғашқы еңбек жолын Заречный ауылындағы аралас мектепте бастады. Сонда аттай 17 жыл бастауыш сыныптарға қазақ тілінде сабақ берген білікті ұстаз 2011 жылы осы ауылда жаңадан ашылған қазақ мектебіне ауысады. Кейін ҚМУ-нің сырттай бөліміне оқуға түсіп, жоғары білім алып шығады. Отыз жылдай осы салада абыройлы қызмет етіп келе жатқан ұлағатты маман ұстаздық қызметтің қызығымен қатар, қиындығының да мол екендігін жасырмайды.
-Себебі, ұстаз екі-үш баланы ғана тәрбиелемейді. Ол мінез-құлқы, түсінігі мен көзқарасы әр деңгейдегі жас өскіндерді тәрбиелейді, оқытады, біліммен сусындатып, өмірге жолдама береді. Мұғалім еңбегінің ерекшелігі де осында. Жиырма алты жыл бойы бастауыш сынып оқушыларына білім беріп келемін. Өз басыма  олармен жұмыс істеу қызықты, кейде өзің де баламен бала болып ойнап кетесің. Өйткені, енді ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінді білім нәрімен сусындату өз алдына, кейде ойын баласының көңілін аулап, жүрегін баурауға да тура келеді. Әр бала қайталанбас тұлға. Бәрі бір-бір үйдің еркесі, олардың мінез-құлқы да әртүрлі. Неше оқушы болса, сонша мінез бар. Біреуі табиғатынан тұйық, ойын ашық жеткізе алмайды, ендібірі еркетотай, қыңыр болады, ондай балаға жекіп ұрыспай, керісінше оның оқуға деген қызығушылығын, ынтасын арттыра білу керек. Алақанға салып аялап отырған  әр баланың мінезін табу да қиынның қиыны. Бұрынғыдай “еті сенікі, сүйегі менікі” деп молдаға тапсырғандай заман жоқ. Кейбіреуі үйдегі еркелігін сабақ үстінде көрсетеді. Ондай жағдайда не істейсің, баланың аты бала. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінге ұрыса да, жеки де алмайсың, қорқытып-үркітіп білім беруге тағы болмайды. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған балалардың қылығы да тәтті ғой, неше түрлі қызық жайларды бастан кешесің. Сондай жәйттің бірі, мектепке алғаш келген бір оқушым жылап, үйге барам, оқымаймын деп “концертті” қойған еді. Содан ол баламен бірнеше күн жеке жұмыс жасап, оқуға деген қызығушылығын арттырдым. Міне, сол бала биыл төртінші сыныпты үздік бітіріп, С.Мәуленов атындағы №24 мектеп-гимназиясына түсті. Мектепте балалармен жұмыс жасаған соң, түрлі-түрлі қылықтары да болады. Бір оқушым сөмкесімен ойнап отырып, бауына оралып қалған ғой, тақтаға шыға ғой десем үндемейді, содан бұған не болды деп жанына барғаным сол еді, жылап қоя бергені. Рюкзактың бауына байланып қалған екен. Ондайда не істейсің, күлкің келсе де күлуге де болмайды, тек баламен балаша сөйлесіп, әрекет етуіңе тура келеді, — дейді бала бағбаны Айгүл Баубекқызы.
Расында да, мұғалім кез келген жағдайда ұстамды, шыдамды, әділ әрі мейірбан болуы керек. Яғни, оқушылармен қарым-қатынас жасау барысындағы мінез-құлқын үнемі бақылап отыруы тиіс. “Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, бастауыш сынып мұғалімі кез келген оқушының ойлау қабілеті мен шығармашылық әрекетін дамыта білуі қажет. Кейіпкеріміз де уақыт талабына сай әр сабақты жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдаланып, ізденіспен өткізуге тырысатындығын айтады. Десе де, білікті маман қашықтан оқудың әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін оңай еместігін де жасырмайды.
-Өткен оқу жылында төртінші сыныптағы 24 баламен жұмыс жасадым. Төртінші тоқсанда қашықтан оқу болса да, балаларым оқу жылын сәтті аяқтады. Жасыратыны жоқ, бастапқыда онлайн оқу қиынға соқты, балалар сабақты “Балапан”, “Еларна” телеарналарынан қарады, одан кейін өзіміздің сабағымыз қоса жүрді. Кейбір үйлерде интернеттің қолжетімсіз болуы қиындық тудырды. Және бастауыш сынып оқушылары болғандықтан ол балалардың ата-аналарының көмегін күтіп отыруына тура келді. Ата-аналар жұмыстан келгенше, үй тапсырмасын орындағанша,  біздің де бірталай уақыт күтіп отыруымызға тура келетін. Әрине, балалар мектепте оқыса тақырып бойынша берілген тапсырмаларды уақытылы орындап отырар еді.  Сол үшін де мектепте оқығандары жақсы ғой, мұғалім де баламен тығыз қарым қатынас жасайды. Енді оның бәрі әрине әлемді алаңдатқан мына індетке байланысты туындап отыр, ең бастысы басымыз аман болсын. Қалай десек те, өткінші қиындықтарға қарамастан біз оқу жылын жақсы аяқтадық. Пандемияға байланысты биыл да жаңа оқу жылын қашықтықтан оқитын боламыз. Басты ерекшелік бастауыш сынып оқушылары үшін мектептерде кезекші сыныптар ашылды. Жалпы, қашықтан оқуға біздің мектебіміз дайын. Жаз бойы демалыста жай жатпай, ата-аналармен хабарласып, кімде компьютер, ноутбук, смартфон бар, кімде мүмкіндік жоқ. Соның бәрін анықтап, ертерек қамдандық. Сондықтан, мен ата-аналарым да, сыныбым да қашықтықтан оқуға дайын деп айта аламын, — дейді ұлағатты ұстаз.
Оқушы жүрегіне жол таба білген мейірбан ұстаз осы күнге дейін шәкірттерімен араласып тұрады. Олардың дені бүгінде отбасын құрған, бір-бір шаңырақтың иелері. Алғашқы ұстаздарымен әрдайым хабарласып, әр мереке сайын құттықтап, мектепке келіп ұстаз бен шәкірттері арқа-жарқа болып жатады.  Ұстаздары да түрлі салада абыройлы еңбек етіп жатқан олардың әр жетістігіне әрдайым балаша қуанып, тілеулерін тілеп отырады. Айгүл Баубекқызы да өзінің ауылда бастауыш сыныпта сабақ берген алғашқы ұстазы Кәмила апайымен әлі күнге дейін хабарласып, араласып тұрады. Ұстазының жүрген жүрісіне, киген киіміне, тіпті қолындағы сөмкесіне дейін қызығып, “шіркін Кәмила апай сияқты ұстаз болсақ қой” деп армандайтын сол бір бүлдіршін қыздың арман-тілегі орындалып, міне бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеп отырған жайы бар.
 -Алғаш бастауыш кластағы жетекшімізге еліктеп, ұстаз болуды армандадық. Өз басым мектепті бітіргенге дейін сол ойымнан өзгерген жоқпын. Әрдайым сол кісінің айтқан сөздерін, ақылын жадымда сақтап, қашан да оның бізге артқан үмітін ақтаймын деген өз алдыма мақсат қойдым. Ұстаз болу көп еңбекті, шыдамдылықты, төзімділікті, адалдықты, әділдікті талап етеді. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Сонау нарық кездері жалақы болмай, кейбір мұғалімдер басқа салаға кеткенде де, мен өз мамандығымды тастамадым. Себебі, мен ұстаздықты бала күнімнен армандадым, — дейді Айгүл Баубекқызы.
Өз мамандығына берілген, тәуелсіз елдің ұрпағын тәрбиелеуде барынша адал еңбек етіп жүрген Айгүл Баубекқызы түрлі дәрежедегі “Құрмет” грамотасы мен  “Алғыс” хаттарды айтпағанның өзінде 2018 жылы республика бойынша “Үздік ұстаз” атанып, кеудесіне төсбелгі тақты. Білікті ұстаздың 2011 жылдан бері аталған білім ордасында кәсіподақ төрайымы сияқты қосымша қоғамдық жұмысты да қоса алып жүрген жайы бар. Оның бұл еңбегі де атаусыз қалған емес. Бірнеше марапаттауларға ие болды. Екі ұл өсіріп, тәрбиелеген ол кісі отбасында да ардақты ана, аяулы жар. Жұмыстан кейін үйіне, ертесіне мектебіне асығатын ұлағатты ұстаз өзін бақытты санайды. Елбасымыз да “Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр” деген еді. Шынында да, ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – бақыт әрі абырой, ұлық мамандық.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓