ОБЛЫС ОЗЫҚТАР ҚАТАРЫНДА!

Республика бойынша бюджеттік қаржыны игеру жағынан Қостанай облысы үздік үштіктің қатарында. Бұл жөнінде еліміздің Ұлттық экономика министрлігі хабар таратуда. Ведомствоның мәліметіне жүгінер болсақ, 2020 жылы жергілікті атқарушы билік өкілдері 2,3 млрд теңгені игеруі тиіс болған. Өткен жарты жылда жұмсалуы тиіс қаржының 12 млрд теңгесі мүлдем қозғаусыз қалған көрінеді.  

Жалпы, елімізде жарты жылда жергілікті бюджет кірісі 3,6 трлн теңгені құраған, бұл былтырдың дәл осы мезгілімен салыстырғанда 39,2% — ке артық. Бұған  трансферттердің бір жылда 46,1%-ке, яғни 2 трлн теңгеге (былтырғы дәл осы кезеңде-1,4 трлн теңге) өсуі  себеп. Мұның үстіне  салық түсімдері 34,9% — ке өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Былтырғы салықтық түсімнің 1,1 трлн теңге шамасында болғанын айта кеткен жөн.

Есесіне, негізгі капитал саудасы — 31,1 %, салықтан тыс түсім – 9 % кеміген. Сала мамандарының есебінше, аталған түсім жергілікті бюджет қаражатының бар болғаны 1,7 %  ғана құрайды екен. Ал бюджеттің басым бөлігі республикалық трансфертпен толықтырылады. Биыл республикалық бюджеттен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджетіне тікелей бөлінген нысаналы трансферттердің сомасы соңғы алты айда 895,9 млрд теңгені құраған. Қаражат ағымдағы бағдарламалар мен стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға арналған. Бөлінген қаражаттың 99,1% игерілген. Жұмсалмағаны –  8,5 млрд теңге, оның 2,6 млрд теңгесі бюджет қаражатын үнемдеуден қалса, қалған 5,9 млрд теңгесі қозғаусыз қалыпты.

Қаражатты кәдеге жарата алмаған аймақтар көшін Алматы қаласы бастап тұр.  Оңтүстік астана жыл басында бөлінген қаражаттың 74,7 млрд теңгесін бекітілген жоспарларын жүзеге асыруға жұмсапты. Қалған  2,9 млрд теңгені игере алмаған. Алматы облысында да дәл осы жағдай қалыптасқан. Баталов командасы  1,1 млрд теңгені қайда жұмсарын білмеген сыңайлы. Одан кейінгі тізімде Нұр-сұлтан қаласы. Елорда билігі  902,1 млн теңгені игере алмаған деседі.

Ал Қостанай, Жамбыл облыстары мен Шымкент шаһарының жергілікті атқарушы органдары өңірлерді дамытуға бағытталған трансфертті толықтай игергенін мәлімдеген. Қазіргі уақытта, аталған аймақтарда қалған жартыжылдықтың қаражаты кәдеге жаратылып жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің кәріне ұшыраған өзге облыстар мен республикалық маңызды қала басшылығының бұл іске білек сыбана кіріскені айтпаса да белгілі. Тобыл өңіріндегі тынымсыз тірлік те жалғаса бермек.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓