Бір ауыз сөзге тоқтайтынымыз қайда?

АязбековАлаш жұртына мәлім академик ағамыз, марқұм Кенжеғали Сағадиев дүниеден озарда ағайын-жұртқа қоштасу жиынын тура бір жылдан кейін өткізіңдер деп аманат етіпті. Күні кеше кезінде Қонаев қария «бір жапырағым» деп үкілеп аламан бәйгеге қосқан, қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпірвтің отбасы да дәл осындай сауын айтты. Екеуі де шын мәніндегі көпті көрген, оқыған-тоқыған, ащы-тәттінің дәмін білген ел жақсылары еді. Аталы сөзді айтты.
Бірақ… күнде жаңалықтарға құлақ түрсеңіз, той тойлаған, ойын ойнаған, құдалықты құба-құп дескен, қонақ тосқан, бас қосқан ағайындарымыз… Қояр емес, тыйылар емес. Оларға адам өмірінің құны түкке де тұрмағаны-ау. «Өлімнен ұят күшті» деген сөз бар. Бірақ бүгінгі жағдайда ұяттың жағдайы бөлек. Қазіргі кезде ұят ұят емес, жөн ұят деген дұрыс емес пе?! Анаңа да, балаңа да той жасап бере алмасаң немесе аяулы кісіңді ақыреттік сапарға шығарғанда ел-жұрттың басын қоса алмасаң намыстан өртеніп, ұяттан жерге кіретін уақыт па қазір? Бірақ солай ойлайтын ағайындар табылып тұр. Тоқтайық, қоя тұралық, онысыз да аз қазақты жалған намыс, даңқ-дақпырттың құрбанына шалмайық дейтін кез.
Әрине, бәріміз де жұмыр басты пендеміз. Қарап отырсаң, тоқитын нәрсеміз аз емес. Қолыңнан келгенше өткізіп жүрген өміріңді сыйластықпен өткізуді үйрен. Иә, үйрен. Бүгінгі адам, ертең топырақ.. Бір үйде қанша жан барсың, бір-біріңе қонақсың. Сыйлассаң, тіріңде сыйлас. Өлген соң жыласқаның кімге керек? Ешкім мәңгілік емес. Еркелейтін жерде еркеле. Өкпе, реніш, наз еш уақыт бітпейді. Оны жүрекке жақындатпа. Естен шығар, ұмыт.
Қазір сақтық шараларына бағыныңыз, бетперде (маска) тағыңыз, қашықтықты сақтаңыз! Жақыныңызға жанашыр болыңыз! Міне, осы бірауыз сөзге тоқтағымыз жоқ. Қарапайым қағидаттарға құнтсызбыз. Осы құнтсыздықтың кесірінен небір арыстарымыз мезгілсіз көз жұмып жатыр.
Қазақтың тектілігі – жүйелі сөзге тоқтаған. Қазақта «аталы сөзге арсыз да тоқтайды» деген мақал бар. Ендеше, сын сағаты соғылды, құндылықты құнттай алатын қасиет бар ма? Бар шығар. Көрсетейік. Жақынымызға Жанашыр болайық, ағайын! 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓