Сауатты да жауапты болайық!

YISnL4wWxaUДүние жүзін діңкелеткен дерт біздің елге де өте ауыр соққы жасауда. Күн сайын сан түрлі жайсыз хабарларды естіп түршігесің. Әрине, осы індеттің алдын алу жолындағы күресте Үкімет аянып қалып жатқан жоқ. Қазіргі ахуалдың ауанына қарай амал қылуда. Мәселен, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантинді тағы екі аптаға созу туралы шешім қабылдауы – мәжбүрлі қадам екенін айдан анық жағдай. Егер қандай да бір олқылық, кемшіліктер болып жатса, оған халықтың тарапынан кінә жоқ емес. Айталық, карантиндік шектеулерге шекеден қарау, талап-тәртіптерді сақтаудан жалтару – өзіміз күн сайын көріп, естіп жүрген құбылыс. Мәселен, мен жасым 70-те болса да, аулаға, дүкенге шыға қалсам, міндетті түрде медициналық бетперде тағуды естен шығармаймын. Баршаға ортақ заңдылықты бір кірідей сақтау азаматтық борышымыз деп білемін. Оның үстіне, қазір әр жерде тығылып той жасап, мереке өткізіп, өлім-жітімге көптеп жиналу тыйылар емес. Қаншасы ұсталып, айыппұл арқалап жатса да одан сабақ алу әлі санамызға сіңбеген сыңайлы. Сана "шана" емес, сондықтан оны сергек ұстау жөні түзу адамның міндеті болса керек. Жалпы, осындай аза бойыңды қаза қылатын күрделі ахуалда отырғанымызда қазақы қонақжайлық, көңілжықпастық, жалпақшешейлік, немкеттілік ниеттерге бұғау сала тұрғанымыз абзал деп ойлаймын.
Тағы бір айтар жайт, қазір қауіпті дертпен күресте алғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандардың қадірін ерекше бағалап отырмыз. Олардың жанкешті еңбектеріне бас ию керек. Дей тұрғанмен, әлі де ауадай қажет дәрі-дәрмектің жетіспей жатқаны, тапшылықтың дәрігерлер қолын байлап отырғаны жасырын емес. Осы мәселеге бірінші кезекте ден қойылып, түбегейлі шешімі табылса деген жанашырлық тілегіміз бар.
Ал, жалпы, ертеңінен, жақсылықтан үмітін үзбеген халықтың ұрпағымыз ғой. Оның үстіне, қазақ – басынан нәубеттің неше атасын кешірген ұлт. Бұл кесір-кесапат та келмеске кетер деп сенемін. Еліміз аман, жұрт тыныш, шаңырағымызда құт-ырыс болсын!
 
Нағашыбай МҰҚАТОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓