Әлеуметтік төлемнен үміттілер көп

Бұған дейін хабардар еткеніміздей, карантин кезінде енгізілген шектеулерге байланысты табысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік жәрдемақыға өтінімдер қабылдау 17 шілдеден басталған еді. Аталған көмектен үмітті облыс тұрғындары алғашқы апта ішінде-ақ белсенділік танытқан. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтылды.
әлеуметтік төлем РСК
Әлеуметтік төлемге өтінім беру бұрынғыдан оңтайлана түскен. Яғни, қазір СМС-хабарламалар арқылы қабылдайды. 20 шілдеден бастап төлем алудың басқа жолдары енгізілген.
«Сіз бес жолмен өтінім бере аласыз. Біріншіден, электронды үкімет порталы арқылы жіберуге болады. Екінші әдіс – жеделхатпен, үшінші тәсіл – екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларының көмегімен. Сондай-ақ, төлемді проактивті форматпен алуға болады. Бесінші әдіс – 42500.enbek.kz порталы арқылы», — деп атап өтті брифингте Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынова.
Бір апта ішінде осы әдістерді пайдалана отырып, облыс тұрғындары 51,5 мың өтінім жолдады. Солардың жартысына жуығы мәртебесін СМС-хабарламалар арқылы растаған. Өтінімдердің басым бөлігі мақұлданып, бұл санатқа тек 190 адам сәйкес келмепті.
«Өтінім қабылданбай жатса, оның негізгі себептері – жұмыссыз ретінде еш жерде тіркелмеуі немесе басқа табыс көзінің болуы. Сонымен бірге, әлеуметтік сақтандыру қорынан белсенді төлем жүргізіліп, республикалық бюджеттен басқа да алымдар алып жүрген азаматтарға 42500 бірелмейді», — деді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалының бас маманы Шолпан Сералинова.
Ел арасында «жұмыссыз қалдым, маған неге бермейді?» деп сұрап жататындар бар. Мемлекеттік әлеуметтік қоры бас маманының айтуынша, ондай азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына есепке тұруы тиіс.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 51,5 мың адамның 49 337-сіне төлем тағайындалған. Оларға аударылған қаржы көлемі 2 миллиард теңгеден асады.
Қазір өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр. Оның соңғы уақыты әзірге 1 қыркүйекке дейін деп белгіленіп отыр.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓