Сақтансаң, сақтайды

Әлемде коронавирусқа шалдыққандардың саны 10 миллионнан асты. Бұл жөнінде АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің зерттеу орталығы хабар таратуда. Университет мәліметіне жүгінер болсақ, осы уақытқа дейін 5 миллионнан астам жан сырқатынан айығыпты. Ал  қаза тапқандардың саны 500 мыңға жеткен.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауру АҚШ-та асқынып тұр. Айтулы мемлекеттің 2,5 млн тұрғыны індет жұқтырған. Одан кейін Бразилия (1,3 млн), Ресей (600 мың), Индия (500 мың) және Британия (300 мың) болып жалғаса береді.

Қазақстанда сырқатқа шалдыққандар саны 21 мыңға жуықтады. Сақтық шараларын күшейту арқылы әзірге, өсімді тежеу мүмкін болуда. Дәрігер мамандарының уәжіне құлақ асар болсақ, той-томалақ, жиындарды індеттің беті қайтқанша шектей тұрған жөн. Сәл ғана сылбырлық танытсақ,  жағдайдың  ушығып кетуі де ғажап емес.

Санитарлық дәрігерлердің ескертуіне  қарамастан, елдегі шектеу шараларына  шекесінен қарап жүргендер көп. Тобыл өңірінде  де жасырын жиын жасайтындар баршылық. Карантин кезінде мейрамханалардың маңайлатпайтынын сезгендер коттедждерде тығылып той жасауға көшкен көрінеді. Ондайлармен күресті  Полиция депаратменті күшейтпек ниетте.   

Жалпы, Қостанай облысы бойынша індетке шалдыққандар саны 500-ге жуықтады. Облыс көлемінде вирустың алдын алу, емдеу шаралары бекітілген тәртіппен кешенді түрде жүргізілуде. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың Инстаграм парақшасындағы хабарына жүгінер болсақ, аймақта медицина мамандары да, қажетті құрылғылар мен дәрі-дәрмек  толық жеткілікті. 

"Облыста 200-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты бар. Оған қосымша шетелде шығарылған 40 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Бүгінде  құрылғылардың 21-і жеткізілді. Қалған аппарат жақын күндері әкелінуі тиіс", — делінген әкім хабарламасында.

Өкпені жасанды желдету аппараттары COVID-19 және пневмониясы бар пациенттерді емдеуде біз үшін жақсы көмекші болады дейді Архимед Мұхамбетов. Десек те, ауырып аппарат іздегеннен, ауырмаудың жолын іздегеніміз абзал-ау.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓