Шолақсай неге алаңдаулы?

мектеп 333

Редакциямызға Науырзым ауданы Шолақсай ауылынан ел ағасы Өмірзақ Ихтиляпов хабарласып, елді мекен орта мектебінің қашықтан емес, штаттық режімде білім беріп жатқанына алаңдайтынын білдірді. Айтуынша, жылдың басы қаңтар айында Шолақсай ауылы облыс әкімінің қолдауымен талшылықты-оптикалық интернет желісіне қосылған. Яғни, қазіргідей төтенше жағдай мезгілінде мектептің қашықтан оқуға мүмкіндігі бар. Өмірзақ Бекділдәұлының алаңдауы бекер емес. Өйткені осы ауылдың көркеюіне үлес қосып, ыстық-суығын бірдей көріп келеді. Ауылдың әлеуметтік, білім саласына «Шолақсай-1» ЖШС өз үлесін қосып келе жатқанын білеміз.

сайт 222 

— Осындай мүмкіндік бола тұра, неліктен біздің мектеп штаттық режімде жұмыс істеуі тиіс. Ел Президентінің өзі интернет желісіне қосылған білім ордалары қашықтан оқиды деп айтқан жоқ па? Елде төтенше жағдай жарияланып отырғанда, балаларды мектепке оқытып жатқанына таңым бар. Қазір сауда орындарында, көпшілік жүретін жерлерде басы артық адамдардың жүруіне шектеу қойылып отыр. Ауылдағы 20 гигабайттық интернет желісін осындайда пайдаланбасақ, оның қажеті қанша? Мектепте 140-қа жуық бала білім алады, оған қырықтан астам мұғалімді қосыңыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде оқушыларды мектепке жинап отырғанын түсінбедік. Ал бізбен шамалас оқушысы бар аудан мектептері қашықтан оқуға көшті. Осы жерде «неге» деген сұрақ туындайды?

 Екінші мәселе, бізге «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік облыстардан жас мамандар келген болатын. Оларға серіктестік тарапынан барлық жағдай жасалды. 16 наурыздан тоқсан демалысы ерте басталған кезде жас мамандар Шымкентке үйлеріне кетіп қалды. Физика, биология, ағылшын тілі, математика қатарлы тапшы пәндердің мұғалімдері. Енді ол мамандар жұмысқа жете алмай қалды. Ал балалар әрі қарай қандай сапалы білім алмақ? Мені осы мәселе алаңдатып отыр.

Қазір елімізде төтенше жағдай жарияланды. Барлық жерде қауіпті індеттің алдын алу үшін үйден шықпауды ескертіп жатырғанын баршаңыз білесіздер. Осындай мәселе туындап отырған шақта не біздің ауыл мектебінің директоры, не Науырзым ауданы білім бөлімінің басшысы ақыл қосып алдыма келмеді. Осы ауылдың азаматы ретінде бұған қарным ашады. Өткені, іргесі сөгілмеген, айрандай ұйыған елдің балаларының денсаулығына алаңдаулымын, — дейді серіктестік құрылтайшысы Өмірзақ Бекділдәұлы.

Міне, осы мәселеге орай облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюкпен хабарласып, төмендегідей жауап алдық.

сайтка1111

«Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 6 хаттамасының 4-тармағына және Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың ағымдағы жылғы 3 сәуірде қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша селекторлық кеңесте берген тапсырмасына сәйкес Қостанай облысының 321 мектебі қашықтан оқытуға көшірілді. 1 сыныптан 11 сынып аралығында 115 бала бар Шолақсай орта мектебі осы тізімге еніп отыр, себебі аталған елді мекенде интернет желісіне тұрақты қолжетімділік жоқ.

Аталмыш мектепте санитариялық-эпидемиологиялық шараларды (міндетті маскалық режим, қолғап, зарарсыздандыру құралдары) күшейту бойынша барлық талаптар орындалуда, оқу үдерісі екі ауысымда ұйымдастырылған, ауысым арасындағы үзіліс бір жарым сағаттан кем емес, кабинеттік жүйені тоқтатумен және санитарлық-эпидемиологиялық және алдын алу шаралары толық ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Шолақсай ауылы облыс орталығынан 200 шақырым әрі аудан орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан, яғни тұрғындардың жергілікті тұруы қамтамасыз етілген», — делінген білім басқармасы басшысының жауабында.

         Ал жоғарыдағы Шымкент қаласына демалысқа кетіп, орала алмай отырған мамандардың мәселесі қалай шешімін тапқаны жөнінде Науырзым аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Досқұловаға хабарласқан едік.

          — Бұл мамандардың барлығы дуальды жүйемен оқып жатқан студенттер. Олар Шолақсай орта мектебінде информатика, математика, биология пәндерінен сабақ беріп келді. Мәселен, биология пәнінің мұғалімі Шолақсайда бар. Ол оқытушыға салмақ түсірмеу үшін 12 сағаттық жүктемемен қосымша маманды алған болатынбыз. Бұрыннан келе жатқан биолог сабақты жалғастырып жатыр. Ағылшын тілінің маманына келер болсақ, ол білім ошағында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ағылшын тілінің маманы. Мектепте ол кісі сабақты әрмен қарай өткізуде. Ал математика пәнінің мұғалімі Қостанайда екі апта карантинде жатып, дүйсенбі жұмысқа шықты. Төртінші тоқсан басталғаннан бері қашықтан жұмысын жалғастырып отырды. Сондықтан бұл жерде ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Жалпы біздің түсінгеніміз, бұлар жұмыс істеп жүрген студенттер болғаннан кейін оқып жатқан Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық студенттері аралық бақылау тапсыруға кеткен еді. Ол кезде елімізде төтенше жағдай туындап, олар туған жерлеріне кетуге мәжбүр болған, — деді Науырзым аудандық білім бөлімінің басшысы. 

Төртінші тоқсан басталмай тұрып, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушыларды қашықтан оқытудың төртінші тетігі – штаттық режимде оқу екенін жеткізген болатын. Бірақ қандай жағдайда? Оның жауабын да қоса келтіре кетуді жөн көрдік.  

«Елімізде 1 080 шағын жинақталған мектеп бар. Олар шалғайда орналасқан, 80-100 аралығында оқушы оқитын мектептер. Ол жақта коронавирус қаупі аз, сондықтан жергілікті атқару органдарының шешім қабылдауымен осы мектептер штаттық режимде оқуын жалғастырады. Дәстүрлі режимде сабақ жүргізіледі десек те, ауылдық жердегі көп мектеп бір ауысымда оқиды. Оларды екі ауысымға көшіреміз және карантиндік режимді іске асырып, бір кабинетте ғана сабақ жүргізілсін деген хаттама бекіттік», — деген болатын ҚР Білім және ғылым министрі.

P.S.

Өмірзақ Ихтиляповтың сөзінше, Шолақсайда 13 үй ғана интернетке қосылмаған. «Бар мәселе интернетке қосылмаған 13 түтінге қарап тұрса, шаруашылық есебінен оларға ғаламтор желісін тартып беруге әзірміз», — деді серіктестік құрылтайшысы.

Науырзым ауданы,

Шолақсай ауылы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓