ЕЛ ЕҢСЕСІ ТҮСПЕЙДІ

Елдің басты байлығы да, ең басты құндылығы да — адам екенін бүгінгі  мемлекеттік комиссия отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да атап көрсетті. Тәжтажалға байланысты республикамызда қалыптасып отырған жағдай егежей-тежегейлі талданып, іс-шаралардың орындалу барысына  шынайы баға берілді.
1ccbd0d1eb71e782b23b9f4fdbc57c1a
Атап айтқанда Президентіміз дәрігерлердің жанкешті қызметін жоғары бағалай келе, сол медицина қызметкерлерінің індетті жұқтырып жатқаны алаңдатып отырғанын жеткізді: «Ауруға шалдыққан бес адамның біреуі – медицина қызметкері. Бұған жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болуда. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу керек. Олар жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілуі тиіс.» -деді.     
Шынтуайтына келгенде бұл жүрдім-бардым қарайтын нәрсе емес. Ел-жұрт имандай сеніп, айрықша үміт артып отырғаны да осы – ақ халатты абзал жандар. Қазір облысымыздың барлық деңгейдегі медицина мекемелерінің қызметкерлері мен қызметшілері осы қауіпті індетке қарсы шараларға жұмылдырылған. Олардың алаңсыз, бел шеше жұмыс істеуін қамтамасыз ету барысын біз  де  сұрап-біліп, қаперімізде ұстап отырмыз. Облыста тиісті деңгейдегі дәрігерлер санатына үстеме ақы төленді.Қосымша медициналық құрал-жабдықтар берілді.
Сол сияқты қазір құқық қорғау органының адамдары да күндіз-түн демей дамылсыз қызмет үстінде. Облыстың бүкіл аумағына қойылған блок-бекеттердің жұмысы да қаурыт. Полицейлер мен күзетші-бақылаушылар қызметтің сапасына  үлкен жауапкершілік танытуда.  Бұл туралы біз арнайы репортаджар жарияладық.
Короновирусқа қарсы күресте жұмсалып жатқан қаржы-қаражатта қомақты. Бұл түсінікті.  Бірақ басты мәселе — оны көзін тауып, мақсатқа сай жұмсауда. Бұл орайда  қарапайым халықтың пікіріне сүйенсек, қаржының тиімді  жұмсалатынына сенеді. Себебі, адам денсаулығынан аяйтын  нәрсе жоқ. Ол -бір. Екіншіден , әлеуметтің  ең бір жанды жері  — азық -түлікпен қамтамасыз ету және оның белгіленген шекті бағасына мығым болу. Облыста облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бас болып, осы мәселені айрықша бақылауда ұстауда. Сауда орындарына  бақылау, рейдтер жүргізілуде.
Біздің облыс үшін ерекше жағдай — көктемгі егіс. Миллиондаған гектарға дән себетін дихандардың көңілі күпті. Індетті қашан жоямыз? Дер кезінде білек сыбанып жұмыс істеуге мүмкіндік бере ме? Сан сауалға жауап іздеп қана қоймай, егіс науқанына байланысты нақты шаралар белгіленуде. Президент бұл мәселені де қадап айтты.
Қазір ел аумағында тағы алаңдататын құбылыс –су тасқыны. Облыстың төтенше жағдай және су шаруашылығы органдары жауапты мамандарының қатысуымен бірнеше рет өңір аумағын ұшақпен аралап, сын-қатерлі жерлерді тексере  саралады. Жағдай бақылауда ұсталып отыр.
Төтенше жағдайдың сәуір айының соңына дейін ұзартылуы дер кезінде қабылданған оң шешім.  Себебі, індетті түп-тамырымен жою шаралары әлі аяқталған жоқ. «Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы", — деді мемлекет басшысы.
Президентіміз комиссия отырысында елдегі ахуалды үлкен-кіші демей, жан-жақты қаузап, мән бергені, нақты тапсырма, нақты шара белгілегені көңілге үлкен сенім оятады. Сондықтан да осыны біліп-көріп отырған елдің еңсесі түспейтіні анық.
«Бұрын-соңды болмаған ауыр дағдарыстан біздің халқымыз ширап, жаңа кезеңге бейімделіп шығатынына сенімдімін. Қазақстан міндетті түрде осы қиындықты еңсеріп, тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі» -деген  ел басшысының түйін сөзіне бек қосыламыз.
 
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ
«Қостанай таңының»  Бас редакторы
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓