ЖАЗБА АЙТЫС: Аслан мен Әнет

Жыр-жарысты қостанайлық Аслан Қанғожин мен амангелділік Әнет Жұмабек жалғайды. Естеріңізде болса, Аслан өткен жылғы жазба айтыста 3-орын иеленген еді. Биыл да шабытына қамшы басып көрмек. Ал жобаның жаңа қатысушысы Әнет тәжірибелі қарсыласына қандай қауһар таныта алар екен? Бірге тамашалайық!Аслан-Әнет
Аслан Қанғожин Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сужарған ауылында 1985 жылы туған. Өлең өнеріне жастайынан бой алдырған ақынның жетістігі аз емес. Көптеген облыстық, аймақтық айтыста жарқырай көрінген. Халықаралық, республикалық, облыстық мүшайраларға да қатысып, сан мәрте жүлде еншілеген. 2019 жылғы жазба айтыстың үздік үштігінің қатарынан көрінді. Аслан қазіргі таңда облыстық "Қостанай таңы" газетінде тілші болып қызмет істейді.
Әнет Жұмабек Қостанай облысы, Амангелді ауданында 1986 жылы туған. Бұған дейін өлең додаларына қатысып көрмесе де, оның журналистика саласы  және драма жанры бойынша жеткен жетістіктері бар. Ақындық қабілет-қарымын жазба айтыста сынап көргелі отыр. Ол қазіргі уақытта «Nur Otan» партиясы Амангелді аудандық филиалының  кеңесшісі болып жұмыс істейді.
Олай болса, сөз тізгінін ақындарға ұсынайық.
 
АСЛАН:
"Сен баста, — депті құрдас, — ал, Аслан",
Айтайық сөздің сұлу, сарасынан.
Мың сәлем өрнекті өлең күткен елге,
Осынау "Жазба айтыс" жобасынан.
Батпаққара ұланын жұп қылыпты,
Жиырмадай үміткердің арасынан.
Ал, құрдас, әдемі айтыс көрсетейік,
Кем қалмай басқа жұрттың баласынан.
 
Көбейсін көрерменің, тыңдарманың,
Тілейді ел талаптыға нұр жауғанын.
Өңірде бұрын сені көрмеп едім, 
Өлеңде құтты болсын бүр жарғаның.
Жұптаған күннен бастап, мені зерттеп,
Бүгулі жүрген шығар бір бармағың.
"Нұр Отанда" істеймін" деп айтып ең,
Мен білсем, сен ол жерге құр бармадың.
"Болыс болдым, мінеки" дегендейін,
Буына қызметтің уланбағын.
Мақсатың — адамдықты биік ұстау,
Түсінсең Абайдайын тұлға арманын.
"Нұр Отанда", әрине, өсесің ғой,
Шен-шекпенді болған соң кіл жан-жағың.
Қазірден саған айтар тілегім бар, 
Жетсе екен жоғарыға бұл жолдауым.
Бірінші жемқорлықты қойыңдаршы,
Отанның қаласаңдар нұрланғанын.
Қазақ үшін қызмет етем десең,
Ұлт мұратын ұғынған ұл болғаның.
 
Қарқынын құрдасыңның көзің көрді,
Сынап көр осындайда өзіңді енді.
Бұрынғы журналистің біреуі едің,
Қаламды қолға алатын кезің келді.
 
ӘНЕТ:
Сөз мəйегін ағыздың, ал Аслан,
Биліктің ұстамашы жағасынан.
Былтыр ғана 3-ші орын алыпсың ғой,
Киелі жазба айтыс жобасынан.
 
Жазба айтыс деп біздердің атар таңы,
Көптің бірі емессің қатардағы.
Ассалаумағалейкум, Аслан ақын,
Қостанай телеарнасының қаһарманы.
 
Мың сəлем оқырмандар таудан биік, 
Сəлем бердім сіздерге басымды иіп.
Бұрын мені жазба айтыстан көрмеп еді,
Бүр жарайын, бойдағы күшті жиып.
 
Жырларыңмен, құрдас-ау, жалындағын,
Біліп қой күтіп тұрған бағың барын.
Дүниеге кірпіш болып сен де қалан, 
Əркім де табар əсте орындарын.
 
Қолдың кірі билік деген келер-кетер,
Жегендердің жазасын Құдай берер.
Жегендер мен "дегендер" аз емес қой,
Қанағат кыл, жыламасаң, бəрі жетер.
 
Рухани жаңғыру ол тым ыстық,
Болсын деймін бейбітшілік, тыныштық.
Жаңа патша бақыт сыйлап баршаңа, 
Берсін деймін берекемен ырыс-құт.
 
Тəуелсіздік – ата-баба арманы,
Қаншама ұрпақ ата жолын жалғады.
Аққан қан мен төккен термен келгенін,
Ұландарың ұғып жүрсе болғаны.
 
АСЛАН:
Ақын десем табатын жырдан бағын,
Айналсоқтап, әріге бір бармадың.
Қаһарман деп асыра мақтап қойып,
Тіліңе тиек бопты жүлде алғаным.
"Биліктің ұстама" деп "жағасынан",
Құрдас-ау, қызық болды бұлданғаның.
Барлық күш "Нұр Отанда" емес пе еді,
Сондықтан, соны меңзеп жырды арнадым.
Билікті "қолдың кірі" дейсің дағы,
Келеді өзің содан құр қалмағың.
Сен айтқандай болса егер, тартып жүрсін
Халықтың қазынасынан "кір қолдарын".
 
Ақынның көріп жүрміз неше түрін,
Бөсетінін, кейіннен өшетінін,
Немесе ердің құнын, елдің жайын,
Екі ауыз сөзбен ғана шешетінін.
Ақынның бәрі Абай болмасы анық,
Жырлары ғасырларға көшетұғын.
"Қиыннан қиыстырар ер данасы",
Естілсін кемел елге кесек үнің.
Сен бірақ жағынудан әрі аспадың,
Осыдан көрініп тұр өсетінің.
 
Қазақта Абай — дара, Абай — дана,
Берілген данышпанға талай баға. 
Әйтсе де даттайтындар табылып тұр,
Жолы деп танылудың оңай ғана. 
"Ары жоқ, ақылы жоқ шуылдаққа"
Білмейсің не деріңді сан ойлана.
"Келер буын уы да, балы да — Абай",
Дәл айтқан Сүлейменов* қалай ғана?!
Жаратса кәдесіне мұраларын –
Балынан дәм татқаны талай бала.
Абайды тани білсе әрбір қазақ,
Алдағы күн көрінер арайлана.
 
ӘНЕТ:
Хош көрдік, амансың ба, қарсыласым,
Ойы ұшқыр, сөзі өткір қаламдасым.
Ел болып тойлап жатқан Ұлы Абайдың,
Жүз жетпіс бес жылдығы, замандасым.
 
Абай ата қазақтың дара бозы, 
Əр жүректің төрінен орын алған.
Жанар таудай жырлары қара сөзі, 
Ұрпағына мəңгілік үлгі болған.
 
Теңдесі жоқ олда бір ғаламат, ə? 
Күн секілді əлемге нұрын шашқан.
Мыңмен жалғыс алысып "Абай ата",
Қалың елі қазақтың көзін ашқан.
 
Бас иіп оны елі ардақтаған,
Алатаудай алыбым, ардақты адам. 
Қазақта Абай дара, Абай дана,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.
 
Халықтың мұң-мұқтажын қарау парыз,
Мəселеге біз де тер төгемізде,
Адамның ала жібін аттамадым,
Ол рас, Тəңірім бар төбемізде, 
Қостанайға барғанда тілден ақсап,
Орыстілді қазақтар көреміз де.
Тілді бұрап, қиналамыз, амал қанша,
Солай болғанына көнеміз де.
Туған жерім Торғай деп Амангелді,
Мақтанамыз осында келеміз де.
Осы жайлы не дейсің, Аслан батыр,
Тіл тағдыры қиындау, сенеміз бе?
 
Жыр жинағы шыққан жоқ демесеңіз,
Өлең-жырым – өмірім, көздегенім.
Кей адам жамандауға жаны құмар,
Бірақ билік жасайды өз дегенін.
Жемқорлық жайында жолдауыңды 
Айтармын, Аслан ақын, сөз беремін.
Барлық күш "Nur Otan"-да, оның рас,
Осылай айтарыңды сезген едім.
 
АСЛАН:
Тілдің жайын "толғапты" "нұротаншым",
Деп отыр ем "жаңалық" бір ашарсың.
Өзіңдей үміттінің бірі едім мен,
Мәнісін мәселенің сұрасаң шын.
Сөз сөйлеп жиындарда, мінберлерде,
Өзіңді билік жаққа сынатарсың.
Сол кезде Әнет құрдас тіліп айтып, 
Ұлт қамын жеген нағыз ұл атансын.
 
Осылай әңгімені жобалайық,
Бір жөнге тоқтамасақ болар айып.
Шамамыз, шабысымыз мәлім болды,
Айтысты, ал, құрдасым, доғарайық.
 
ӘНЕТ:
Жылулық нұрын шашып айналаға,
Шырайлы, шұғылалы келді көктем.
Жалынды "Жазба айтысым" мақтанышым,
Арманым еді осы көптен күткен.
Тілдің жайын "толғапты" "нұротаншым" деп,
Айтың-ау маған қарсы өктемдікпен.
Алғашқы рет шықсам да қорықпаймын,  
Шабамын, құдіретім жеткендіктен.    
 
Мен жайында білмейсің,
Ал менің мұңым тереңде.
Жалындаған жырларың,
Таныстырды сені елге.
Сен жайында білмеймін,
Сенің де сырың тереңде.  
Ашылмай қалған парақпын,  
Менің де жырым тереңде.
Мүмкіндік берсе қазылар,
Көсілемін, келем де. 
Әріптестерің қолдайды,
Шабытыңа сенем де.
Доғарайық айтысты,
Үзіліс беріп өлеңге!

Читайте также:

комментариев 11

  1. Аслан дара шауып, қарасын көрсетпей кетті ау. 

  2. Байбатыр:

    Аслан бауырымыздың сөз саптпсы керемет. Әнет бауырымыз да қалыспады. Дегенмен. Аслан басым. Сөздері жүйелі. Алға. Шап. Шашаңа шаң жұқтырма.

  3. Анара:

    Бастаман жаман емес.  Биык белестерды багындыр. 

  4. Нұрсұлтан:

    Әнет тек биіктерден көріне бер. Өте керемет 

  5. Аноним:

    ЖАРАЙСЫҢ ӘНЕТ.ҚАРСЫЛАСЫҢНАН ҚАЛЫСЫП ЖАТҚАН ЖОҚСЫҢ,СӨЗ МАРЖАНЫН ТЕРІП ДӘЛ БАСЫП ЖАУАП БЕРДІҢ.БИІКТЕРДЕН КӨРІНЕ БЕР БАУЫРЫМ.ӘНЕТ БАБАҢНЫҢ ӘРУАҒЫ ҚОЛДАСЫН.

  6. Әнет аға мықты ақын екеніңізді көрсеттіңіз.Қарсыласыңызға мықты қарсылас бола білдіңіз.Сөз саптауларыңыз керемет.Алар асуларыңыз көп болсын.

  7. ӘНЕТ ЖАРАЙСЫҢ.Биіктерді бағындыра бер.Қарсыласыңа мықты қарсылас бола білдің.Сөз МАРЖАНЫН ТЕРІП шебер жауап бердің.ӘНЕТ БАБАҢ ӘРУАҒЫ ҚОЛДАСЫН.

  8. ӘНЕТ ЖАРАЙСЫҢ.МЫҚТЫ ,ШЕБЕР ҚАРСЫЛАС БОЛА БІЛДІҢ.СӨЗ МАРЖАНЫН ТЕРІП,БАСЫМДЫҚ КӨРСЕТТІҢ.

  9. Аноним:

    Аслан ақынның айтысы ұнады.

  10. Аноним:

    Асланның айтысы ұнады.

  11. АНЕТ жарайсың! Өте керемет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓