Ерлан Қалмақов: «Әр істің бағы – бастауында»

Өткен жыл облысымыздың мәдениет саласы үшін жемісті болды деуге әбден болады. Жыл басынан басталған түрлі шаралар, байқаулар мен бастамалар өңірімізге тек серпін берді. Осындай істерге ұйытқы болатын, әрине, облыстық мәдениет басқармасы. Осы басқарманы бірнеше жыл басқарып келе жатқан Ерлан Қалмақов өткенге есеп беріп, биылғы жылдың жоспарларымен бөлісе кеткен еді. IMG_2599
– Ерлан Болатұлы, расымен де өткен жылға өкпе жоқ шығар. Қолға алған келелі істің бәрі де ауыз толтырып айтарлықтай. Жоспарлы істің бәрі ойдағыдай жүзеге асты ма?
– Қостанай облысы бойынша мәдениет саласында 650-ден астам ұйым жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы көптеген жаңа жобаны жүзеге асыруға барынша мүмкіндіктер болды. Сала-сала қылып, бөлек-бөлек қарастырар болсақ, әңгімемізді театрлардан бастайық. Біздің театрдағы жақсы бір өзгеріс – былтыр гастрольдік сапарларға шықтық. Бұрындары шет елге гастрольге шығу деген тек арман болатын. Өткен жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында, қазіргі "Қазақстандық мәдениетті жаһандық әлемге таныту" бағытына сай, облыс әкімі бізді тікелей қолдап, гастрольдік сапарларға шығуға жағдай жасай бастады. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында қазақ театры бірнеше күнге гастрольге барып келді. Екіншіден, театрлардың тарихында болмаған дүние – қазақ театры да, орыс театры да тұңғыш рет шетелде премьера жасады. Қазақ театры Монғолияға барып, "Ботақара-Шешенбике" қойылымының тұсауын сол жақта кесті. Өнер ұжымының кәсіби деңгейінің жоғары екені осындайда көрініп жатады. Орыс театры Израильде өткен фестивальге барып, олар да спектакльдің тұсауын кесті. Сондықтан осындай үлкен өзгерістер театрлардың жұмысына жаңа серпін берді деп айта аламыз.
Өткен жылдың оқиғаларын тағы бір мәрте қарастыратын болсақ, V республикалық этникалық театрлар  фестивалі Қостанай жерінде өткізілді. Сегіз номинация бойынша театрлар сынға түсті. Соның төртеуі Қостанайда қалды. Үшеуін қазақ театры алса, біреуін орыс театры еншіледі. Бұл дегеніміз біздің театрлардың дәрежесінің шын мәнісінде жоғары екенін көрсетеді. Өйткені бұл фестивальге жоғары кәсіби мамандар қазылық жасады. Қазақ театры Гогольдің "Үйлену" спектаклін көрсетіп, сол арқылы өнерлерін паш ете алды.
– Өткен жылы тек ұжымдық қана емес, жекелей өнерлері бағаланғандар да аз болмады емес пе?
– Әрине, қандай да бір ұжымды айтар болсақ, сол ұжымда көзге түскен, сол ұжымның үнемі алдында жүретін адамдардың еңбегі еске түседі. Біздің Қонысбек Бегайдаров ағамыз  "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Жаңа айтқан театрлар фестивалінде Қонысбек ағамыз "Үздік ер адам рөлі үшін" номинациясын жеңіп алды, Диана Тұрсынова "Үздік әйел бейнесі үшін", ал Нәзира Иман "Екінші пландағы үздік әйел образы үшін" номинациясын алды. Алдыңғы толқын ағаларымыздың ғана емес, кейінгі жастардың талпынысын, еңбегін көріп отырмыз. Жылдың соңында республикалық "Сахнагер-2019" ұлттық театр сыйлығы тапсырылды. Сол ұлттық сыйлықтың "Үміт" жастарға арналған номинациясымен Төленді Әлқожин марапатталды. Алматы қаласында өткен тағы бір маңызы зор "Жыл адамы" жобасында "Үздік актер" номинациясында Қайыпберген Есенқұлов ағамыз жеңімпаз атанды. Мұның бәрі де біздің театрларымыздың жетістігі. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын таба бермек, оның үстіне қазақ театры биыл өзінің ХХ маусымын бастады. Биыл жиырма жылдығын атап өтеді. Ендігі уақытта біз халықаралық деңгейде театрлар фестивалін өткізгіміз келіп отыр.
Енді облыстық филармонияға келер болсақ, былтыр бұл ұжым өздерінің 75 жылдығын атап өтті. 75 жылдық көп қуанышқа толы болды десе де болады. Біріншіден, өздерінің жаңа ғимараттарына көшті. Филармонияда осы уақытқа дейін ешқашан басыбайлы ғимарат болып көрмеген еді. Олардың ешқайсысында да кәсіби сахна болған емес. Қазір кәсіби деңгейде, заманауи жабдықталған залдары, оркестр қазандығы, мың орындық концерт залы бар. Солтүстік аймақта ондай зал жоқ шығар. Облыстық бюджеттен филармонияға жаңа автобус алынды. Бұрын шағын көлік болған соң алыс сапарларға шыға алмай, қол байланып отыратын. Қазір жолдары ашылды.
Шетелге шығуға филармония ұжымына да мүмкіндік жасалып, Италияда өткен халықаралық фестивальге "Ақжелең" фольклорлық ансамблі мен "Костанайские зори" би ансамблі бірге барып, қатысып қайтты. Ансамбльдің сүйемелдеуімен бишілер ұлттық би биледі. Бұл да үлкен шығармашылық жетістік.
Бірінші рет түркі әлемі халықтарының музыка фестивалін өткіздік. "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы бойынша қолға алған жобамыз болатын. Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан сияқты біздің бауырлас елдерден музыканттар жиналып, үлкен фестиваль өткіздік. Бұл бастаманы алдағы жылдарда да жалғастырғымыз келеді. Түркі халықтары музыкасының өте бай, ұқсас, бір-бірін толықтырып тұратынын паш ете түскен мағыналы фестиваль болды.
Екі жыл қатарынан бірегей жоба "Дирижерлер форумын" өткізіп жатырмыз. Мақсаты – біздің филармонияда жұмыс істейтін қазақ ұлт аспаптар оркестрі, орыс ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестрге сырттан дирижерлер шақырып, олармен бір жеті жұмыс істейді, репертуарын толықтырып, жаңа шығармаларды ойнап, концерт береді. Сонда кәсіби деңгейде өсіп, толыға түседі. Келетін дирижерлер – танымал жандар. Өзбекстаннан халық әртісі Фарух Садыков, өзімізден Арман Жүребаев сияқты танымал кісілер келіп кетті. Бұл – кәсіби деңгейдегі маңызды шара. Әрине, көрерменге де үлкен сый. Қазір бұрынғыдай көрерменді күштеп әкелетін кез емес, халықты тарта білуіміз керек. Сол бағытта жұмыс істеп, түрлі бастамаларды қолға алудамыз. "Кино концерт" қазір екінші мәрте, сұраныс бойынша қойылып жатыр. Концерттерге қолдан келгенше белгілі солистерді шақыруға тырысамыз. Осы концерт залының ашылуына жерлесіміз Сүндет Байғожин келіп кеткен еді. Осылай белгілі әртістерді шақыру арқылы ұжымның кәсіби тұрғыдан шыңдала түсуіне жол ашып, екінші жағынан, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлаймыз.IMG_2577
– Өңіріміздің музейлері түрлі жәдігерлермен құнды. Десе де олардың жайы сын көтермейтіні белгілі. Әсіресе, Арқалық халқы бұл мәселеге алаңдаулы. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Музейлерге келер болсақ, біздің басқармаға қарасты он музей бар. Олар әр өңірде орналасуына байланысты, негізінен, өлкетанушылық, тарихи-өлкетану музейлер болып бөлінген. Қазіргі рухани жаңғыруға байланысты олардың алдында үлкен-үлкен міндеттер бар. Әсіресе, білім беру мекемелерімен жұмыс істеп, жастарға өлкеміздің тарихын танытуға, құрметтеуге тәрбиелей білуіміз керек. Ол жұмыс бұрыннан бар еді, бірақ қазір одан әрі жандандырып, жаңа технологияларды қолдана отырып, тартуға тырысып жатырмыз. Мысалы, былтырғ киелі орындардың 3Д форматындағы бейнетуры жасалды. Ғаламтор арқылы киелі орындарды аралап шыққандай әсер аламыз. Сондай-сондай жобаларымыз баршылық. Музей жұмыстарын айта кетер болсақ, біздер көрші облыстармен бірлескен жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Мысалы, Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі былтырғы жылы барлық көршілес облыстарды аралап шықты. Көрмесін апарып, таныстырып, олармен алыс-беріс қатынас орнатты. Айта кетерлік жетістіктеріміздің бірі –Лисаковтағы Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейі республикалық байқауда үздік өңірлік музей болып танылды. Бұл – біз үшін жетістік. Жаңа ізденістер мен жүйелі жұмыстың жемісі.
Әрине, бұл салада қиындықтар бар. Арқалықтың музейі ашылғаннан бері жөндеу көрмеген. Ол – біздің жанымызды ауыртатын мәселе. Бұл мәселеден облыс басшысы да хабардар. Сол кісінің тапсырмасымен осыдан екі жыл бұрын жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Құжаттама дайын тұр. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге біз сақадай саймыз. Облыстық бюджетте басқа да маңызды шығындар бар. Былтыр, мысалы, негізгі шығындардың барлығы жаңа залдың ашылуына жұмсалды. Менің ойымша, осы жылы музейдің тағдыры шешілетін сияқты. Себебі бұл  –құжаттаманың соңғы үшінші жылы. Одан кейін оның күші жойылады. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Бұл мәселемен елден ақсақалдар да, қызметкерлер де хабарласады. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз өзі ашып кеткен музейдің қоры өте бай. Көптеген қайталанбайтын ерекше жәдігерлер бар. Соларды біз дұрыс сақтай білуіміз керек. Төбесінен су ағатын еді, соны өзіміздің үнемдеген қаражатымыздың есебінен жөндеген болдық. Бірақ жылу жүйесі нашар. Қыста біздің қызметкерлер салқын жерде жұмыс істейді. Бұл өте ауыр. Оның бәрін біліп отырмыз. Қызметкерлердің өз ісіне деген адалдығы осы уақытқа дейін музей жұмысын бір күнге де тоқтатпай келеді. Мәселе жақын арада шешімін табады деп сенеміз. Торғайдағы музейлердің де жағдайы белгілі. Ол жерде заңды тұлға біреу болғанымен, бірнеше музейден құралған. Сол себепті де "музейлер кешені" деп аталады. Бірнеше ғимарат бар. Сол ғимаратта үш-төрт күзетші, екі-үш от жағатын адам бар. Олар да сол мұраны сақтап қалу үшін бар күшін салып отыр.
– Қазіргі уақытта шағын ауылдардың саны азайып, кітапханалар мен клубтар да көптеп жабылуда. Мұның арты неге апарады?
– Түйінді мәселесі көп саланың бірі – кітапхана саласы. Былайша айтқанда, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асырамыз, халықтың кітапқа деген ынтасын арттырамыз деген талпынысымыз болғанымен, қазіргі оңтайландыру жағдайында ауылды жерлерде кітапханаларды сақтап қалу өте қиынға соғып отыр. Ол, әрине, кәдімгідей бюджетке күш түсіреді. Оның жергілікті халыққа маңыздылығы болғанымен де, оны әрі қарай ұстап тұра алмай отырмыз. Сондықтан жаппас бұрын ойласып, соңғы жағдайға дейін ұстап тұруға тырысамыз. Жыл сайын 15-20 кітапхана жабылады. Бұл көп болғанымен, олардың барлығы дерлік болашағы жоқ ауылдарда орналасқан. Мектеп жабылғанша ұстап тұрамыз. Тіпті болмағанның өзінде аудандық кітапхана ауылдарды аралайды. Жастардың арасында оқу мәдениетінің өсімі байқалады. Осының бәрін ескереміз. Жаңа кітап келсе, ауылды-ауылға таратамыз. Оған мүмкіндік бар. Оқырман тартудың жаңа тәсілдері қолданылып жатыр.
Ауылға тиесілі тағы бір үлкен желі – клубтар. Шындығын айту керек, барлық жерде бірдей клубтар тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Соған байланысты қазір біраз жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Біріншіден, маман тапшылығы үлкен проблема. Ауылда музыкадан хабары болса құба-құп, ал мүлдем салаға қатысы жоқ адамдардың мәдениет мекемелерінде жұмыс істейтіні де бар. Ауыл клубының есігінде қара құлып тұрғаны да осыдан. Жыл сайын "Үздік ауылдық клуб" байқауын өткіземіз. Екі жүздің үстінде ауылдық клубтық ұйым бар, бірақ соның жиырмасы ғана байқауға қатыса алатын жағдайға ие. Міне, осындай проблема толғантады. Бірақ бәрін бірдей даттамай, шаруашылығы мықты ауылдық жерлерде шаруашылық басшылары өздері жеке қамқорлыққа алған, мақтап отыратын клубтарымыз да бар. Еркін Бұқанов, Борис Князев, Марат Құдайқұлов сынды азаматтардың ісіне сүйсінесің.IMG_2581
– Жақында ҚР Жазушылар Одағы облыстық филиалының алғашқы отырысы өткен еді. Бетке ұстар аға буын біраз орынды мәселелерді талқылаған. Ол жайында газет бетінде де мақала жарық көрді. Осы отырыста облыстық Мәдениет басқармасына қатысты біраз пікір айтылған. Осыған орай айтар ойыңыз қандай?
– Біріншіден, Жазушылар Одағы облыстық филиал мүшелерінің басқосу өткізіп, келелі ой-пікір айтқаны дұрыс. Филиал жұмысының одан әрі жандана түскеніне біз қуаныштымыз. Жалпы, Жазушылар Одағымен қай кезде де бірлесіп жұмыс атқарып келеміз, одан әрі де жалғастыра түсуге әзірміз. Біздің әдеби, мәдени шараларымызда болмасын, қазылар алқасында, түрлі кездесулерде, өзге де маңызды шараларда ақын-жазушылар үнемі белсене қатысып, араласып жүреді. Мұндайға біз ризашылығымызды білдіреміз. Тағы бір айтарым, Жазушылар Одағы филиалының жұмысы – қоғамдық жұмыс. Бірақ, соған қарамастан, өз тарапымыздан олардың ұсыныстарын әрқашан ескеруге әзірміз. Дегенмен көп жағдайда біздің қаржылық мүмкіндіктеріміз, оның ішінде, заңнамалық мүмкіндіктеріміз шектеулі. Мәселен, кітап шығару ісіне келер болсақ, баспа ісіне қатысты шығындар жергілікті бюджеттік бағдарламаларда қарас-тырылмаған. Оны қарастыру үшін арнайы тармақ болуы шарт. Оны тек қана Қаржы министрлігі шешеді. "Басқа облыстарда қалай атқарылып жатыр?" деген әңгімеге келер болсақ, меніңше, олар демеушілердің көмегіне жүгініп отыр. Мүмкін, болашақта бұл сұрақ бізде де шешіліп қалар. Қазіргі уақытта демеушілердің көмегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталуда. Естеріңізде болса, өткен жылдары Елдес Омаровтың шығармалар жинағын шығаруға байланысты Ақылбек Шаяхметов ағамыз бастама көтерген болатын. Марат Шуақаев ағамызбен бірлесіп, жинақталған шығармалардың жариялануына облыс әкімі Архимед Бегежанұлы тікелей қолдау көрсетті. Осының арқасында жинақ жарық көрді. Сондықтан бұл әлі де болса бастамасы деп сеніп, маңызды шаруалардың қатарына әдеби мұрамызды түгендеу де қосылса, әрине, құба құп. Аталмыш филиалмен қоян-қолтық жұмысымыз қашаннан бар. Өткен жылдары Алматы қаласында өткен съездге одақтың біздің өңірдегі мүшелерінің барып қатысуына облыс әкімі тікелей жағдай жасады. Съезден кейін жазушылармен кездестік. Шама келгенше бірталай шаруаны атқарып та жатырмыз. Былтыр Бейімбет Майлин атамыздың меретойына қатысты өткен шараларға да біздің ақын-жазушыларымыз белсене атсалысты. Алдағы уақыттарда атқарып жатқан жұмыстарымыздың арнасы кеңейе түсетініне кәміл сенемін.  
– Осы жыл да түрлі жоспарға толы болар…
– Былтырғы жоспардың барлығы жүзеге асты. Енді биыл соларды жандандырамыз. Былтыр бастама алып, биыл жалғасатын шараның бірі – "Наурыз достарын шақырады" халықаралық би фестивалі. Бұл көптен ұмытылып кеткен еді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шамиль Фахрутдинов өзі ұжымдарды шақырып, ұйымдастыруды қолға алды. Наурыз мерекесінің аясында өтті. Тағы бір қайталанып өтетін ауқымды жобаның бірі – "Қызғалдақтар" фестивалі. Былайша айтқанда, "Ұлы даланың жеті қырында" айтылған, сол қызғалдақ көп өсетін Аманкелді, Науырзым жерінде өтеді. Өтетін жері әлі белгіленеді. Осы фестиваль арқылы ұлттық болмысымызды көрсетеміз. Биыл аясын кеңейтіп, көрші облыстардан да қонақтар шақырғымыз келеді. Театрлар фестивалі, түрік музыка фестивалі де жалғаса бермек.
Былтыр Сүндет Байғожин концерт залы ашылғанда облыс басшысына ұсынысын білдіріп, "Осындай зал бар кезде Қостанай жерінде классикалық музыка фестивалін өткізейік" деген еді. Бұл өзге облыстарда бар бастама. Бекзат өнерді халыққа танытуда, туризмді дамыту жолында оқиғалы шаралар керек-ақ. Бұл турист тартудың бір жолы болар еді. Шамамен, күзге қарай осы жаңа жоба өтіп қалар. Пысықталу үстінде.
Биыл енді Абайдың 175 жылдығы. Оған да бірқатар шараның легін қарастырып отырмыз. Араға жыл салып өтіп отырған жас суретшілер байқауы да республикалық деңгейге өсті. Қазіргі қолға алынып, жүйеленіп жатқан бағыт – айтыс өнері. Былтыр түрлі деңгейде онның үстінде айтыс өткен екен. Тіпті ешқашан айтыс өтпеген Денисов ауданында да ақындар сайысы ұйымдастырылды. Ол дегеніміз – айтысқа деген қызығушылықтың пайда болып, ақындар мектебінің жандана түскені. Республикалық ақындар айтысы биыл да өтеді. Жүрсін Ерман басқаратын жыршы-термешілер одағының филиалын ашқымыз келеді.
Театрдың 20 жылдығы да аталып өтіп, театр ішінен музей ашсақ, жылнама – фотоальбом шығарсақ деген ой бар. Жылдың тағы бір белесі – біздің жастар республикалық байқауларды былай қойғанда, халықаралық додаларға көптеп қатысып, жүлделі оралып жатыр. Былтыр 121 жүлделі орынды иеленген екенбіз. Олардың дені – бірінші орын мен бас бәйге. Осындай дарынды жастарға шама келгенше көмек береміз. Тіпті болмаса, аудан әкімдеріне хабарласып, көмек сұраймыз. Талантты жастарымызды жыл соңында шақырып, марапаттадық. Олар да қамқорлықты сезінуі тиіс. Міне, өткен мен бүгінге қысқаша қорытынды жасар болсақ, осындай істер жүзеге асып, болашақта жалғаса беретін игі шараларға жол ашқан екен. Бастысы әр істің бағы – бастауында жатыр емес пе!
 
Сұхбаттасқан Айтолқын Айқадамова
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓