Жанқиярлығы ескерусіз қалмады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы Полиция департаменті Қостанай ауданы полиция бөлімінің қызметкері сержант Дархан Серікұлы Базарбаевты ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Өкініштісі, жас полицейге мұндай жоғары атақ дүние салғаннан кейін беріліп отыр.IMG_20200120_115254
191029173608156e19 қаңтар күні түнгі 1.38-де Тобыл қаласының Комсомольский көшесіндегі үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатыр деген хабарлама түседі. 6 минуттан кейін Қостанай аудандық полиция бөлімінің патрульдік жасағы оқиға орнына келген.
Экипаждағы полиция сержанттары Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықов 28 жасар мас еркектің жанұясын түгел қырып тастаймын деп бүлік шығарғанын естиді. Ал бұзақы пышақ алып, үй ішінің зәресін алғандықтан, туыстары оны тәртіп сақшылары келгенше оқшау жерде қамап ұстап отырыпты. Сол арада «102» номеріне қоңырау шалған.
«Бұзақыны ұстау кезінде полиция қызметкері Дархан Базарбаев пышақ жарақатын алды. Өліммен арпалыса жүріп ол күдіктіні залалсыздандырып, отбасы мүшелеріне төнген қауіптің алдын кесті. Тек осыдан кейін-ақ тәртіп сақшысы өзінің жараланғанын білген. Оқиға орнына келген «жедел жәрдем» полиция сержантының өміріне араша бола алмады» делінген Қостанай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.IMG-20200119-WA0020
Пышақ полиция сержантының жүрек тұсынан қадалған екен, бастапқыда оны сезбепті. Тек кейін қасындағы әріптесіне «шамасы жарақат алған сияқтымын» депті.
Осы қанды оқиғаға байланысты облыстық полиция департаментінде арнайы жиын өтіп, қылмыстың қалай болғаны жөнінде жан-жақты баяндалды.IMG_20200120_114040
— Михаил (сотталушы) – менің қайнағам. Біз екі басты жатақ үйде қабырғалас көршіміз. Қайғылы оқиға болар күні түнде анам, әйелім, кішкентай бала бар, үйде отырғанбыз, ол біздің үйге мас келді. Бізге жөнсіз тіл тигізе бастады. Екеуіміз далаға шығып жанжалдасып қалдық. Сол төбелестен менің қолым сынды. Ал Михаил «сендерді жарып өлтірем» деп өз үйіне қарай жүгіріп кірді. Біз оның артынан барып, үйінің кіреберіс есігін итеріп жауып ұстап, сол арада «102» номеріне хабарластық. Патруль келді, мына жақта біз не болып жатқанын білмедік. Қолында пышақ барын да көрмеппіз, тәртіп сақшылары есікті ашып, өздеріне тап берген Михаилді жығып, залалсыздандырды. Аздан кейін екі тәртіп сақшысының біреуінің өзі де қансырап құлады, — деді Алексей Золотеренко.   
— Алдыда келе жатқан Дархан Базарбаев есікті ашыпты. Сол сәтте қарсы адамның оған пышақ сілтегенін көреді де, қолындағы резеңке таяқпен қағып түсіреді әрі бұзақыны құлатып, қолын қайырып, кісендеп барып өзі де құлаған. Яғни, марқұм әріптесіміз өз міндетін соңғы деміне дейін атқарды. Егер бұлай болмаса, әлі қаншама адамның өмірі қиылары белгісіз. Қазіргі таңда қаскөй тұтқындалды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 2 тармағы бойынша («Қызмет бабын орындау барысындағы тұлғаны өлтіру») соталды тергеу ісі басталып кетті. Мұндай қылмысқа 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалған. Және басбұзардың бұрын шекараны заңсыз өтіп істі болғаны,  мас күйінде әйеліне қол көтергені белгілі болды. Өткен қазан айында маскүнем ретінде учаскелік инспектордың арнайы есебіне алынған. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қызмет бабын орындау кезінде қапияда қаза тапқан 25 жасар полиция сержанты Дархан Базарбаевтың отбасы, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Марқұмның артында ата-анасы, апасы мен інісі, жары, 4 айлық баласы қалды, — деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Құрмет Мәжікенов.
Осы қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің мұндай қарулы басбұзармен бетпе-бет келгенде, неге табельдік тапанша қолданбағаны қызу талқылануда.  Қ.Мәжікенов патрульдік экипажда барлық жарақтың – резеңке таяқ, көзден жас ағызатын баллон, табельдік қарудың болғанын әрі нұсқаулық бойынша әрекет еткенін айтады. Тапанша аса қауіп төнгенде, яғни, қылмыскердің қолында қару болған жағдайда қолданылуы мүмкін. Дегенмен жергілікті ішкі істер органы басшылығы осы оқиғадан кейін барлық жеке құрамға мұндай қауіпті шақыруларға барған кезде алдын алу мақсатында бронды кеудеше киіп жүруге тапсырма берген.IMG-20200119-WA0009
Әулиекөл ауданы Лаврентьев елді мекенінің тумасы Дархан Серікұлы Базарбаев 2016 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін полицияға жұмысқа тұрған. Спортпен үзбей шұғылданып келген. Өткен жылдың наурыз айында отбасын құрыпты. Марқұмның артында 4 айлық баласы қалды. Осыдан бір жыл бұрын полиция сержанты аязды күні иен далада «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісін үсіктен аман алып қалғаны әріптестерінің есінде. Ал қызметімде өрлеймін, еліме адал қызмет етемін деп серт берген жас тәртіп сақшысы биылғы наурыз айында иығындағы шенінің өскенін асыға күтіп жүріпті.IMG-20200119-WA0019
IMG-20200120-WA0017Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов те Instagram желісінде облыс тұрғындарының және жеке өз атынан марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтатынын жеткізіпті. IMG_20200120_115205
Айта кету керек, тәуелсіздік алған жылдардан бері өңірімізде қызмет бабында елуге тарта, соның ішінде қылмыскерлерді құрықтау барысында 13 полиция қызметкері қаза тапты.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓