Бейнет көрмей, дәулет жоқ

dff94ef0-d53d-4647-b92e-c676b0217ab1ХІХ ғасырдың соңында алмағайып заманның құбылған қалпына бейімделе алмай, қырдағы малы мен жұпыны тіршілігін қанағат етіп, ілім-білім жолында ізденіп, өркениетке ұмтылудың орнына, мансап пен мақтаныш қуып ру-руға бөлініп қырық пышақ болып дау қуған  қазақтың кертартпа мінезін данышпан Абай сөз күшімен сынап, намысын оятып, жігерін жанып, жөн жолға салуды мақсат тұтты. Ол заман өтіп, ескірді. Қазіргі заман да, адам да, қоғам да басқа. Бірақ Абай мұрасы әлі ескірген жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын мен де оқып шықтым.  Абай мұраты бүгінгі қоғам үшін әлі де маңызды, әлі де өзекті. Өзім еңбек адамымын. Жатып ішер жалқаулыққа жаным қас. Сондықтан мынаны айтқым келеді. Президенттің: «Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек» — деген сөзінің астарында үлкен мәселе жатыр.
Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» дейтін тағы бір сөзі бар. Егер құр бейнетпен дәулетке жету мүмкін болмаса, онда не амал ету керек? Данышпан Абай бұған:  «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» — деп жауап береді. Демек қазіргі қазақ жастары жаңа заманның сұранысына сай келетін қол өнерін, техника мен жаңа технология тілін игеруі керек.  Игеріп қана қоймай, соның жілігін шағып, майын ішетіндей  кәсіби шеберліктің шыңына ұмтылуы тиіс. Сонда ғана жоғарғы еңбекақысы бар лайықты жұмыс табылады. Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» дегені – осы. Бүгінгі бейнет сапалы білім алудан басталып, белгілі бір кәсіптің нағыз шебері болғанға дейін жалғасады. Ал оны үнемі жетілдіріп, ұқсата білген адам – дәулетті адам. Дәулетті адам дегенді көбі ақшалы адам дегенмен шатастырады. Тіпті де олай емес. Дәулетті адам — білімі білігіне сай, заманауи өнердің қыр-сырын жетік меңгерген, нарықта жоғарғы сұранысқа ие адам.
Сайран Бұқанов,
Қазақстанның Еңбек Ері
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓