БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ  — БАСПАНА

Қостанай қаласының «Аэропорт» шағын ауданында тағы бір көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында пәтерлі болып, қуанышы еселенген 108 тұрғынға пәтер кілттерін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов табыс етті. Бұл шағын аудандағы зәулім үйлердің барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Пәтер кілттерін тапсыру салтанатында облыс әкімі тұрғындарды ел тарихындағы маңызды мерекемен құттықтап, өңірде жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламалары туралы қысқаша айтып өтті.
DSC_7119
— Кеше ғана біздер көп балалы аналарға 82 пәтер тапсырдық. Қазір кезекте тұрған әлеуметтік санаттағы көптеген азаматтар баспанамен қамтылып жатыр. Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл біз облыста 330 мың шаршы метр тұрғын үйді халық игілігіне беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде бұл шағын аудандағы тұрғын үй құрылысы аяқталды. Биыл мұнда 7 үй тұрғыздық. Оның біразына тұрғындар қоныстанып алды. Енді 4 үйге байқау жарияладық. Сонымен «Аэропорт» шағын ауданының құрылысы толығымен аяқталады. Бұдан кейін баспана кезегіндегі тұрғындар  «Береке» және «Қонай» шағын аудандарына қоныстанады. Жалпы, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өңірге 18 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл қаржының басым бөлігіне біз Тұрғын үй жинақ банкімен бірлесе отырып қол жеткізіп отырмыз. Қостанай облысы,  басқа облыстармен салыстырғанда, тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көш бастап келе жатқан алдыңғы үштіктің қатарында.  Ең бастысы, қазір халық Тұрғын үй жинақ банкіне толық сенім артады, — деді аймақ басшысы. 
DSC_7108

Қостанайлықтардың баспана қуанышымен құттықтай келген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов Қостанайда, әсіресе, соңғы 3-4 жылдың ішінде тұрғын үй құрылысының ерекше қарқын алғанын атап өтті.   

DSC_7187

— «Аэропорт» ауданы Қостанайдың ең жаңа аудандарының бірі. Бұл шағын ауданға негізінен жас отбасылар қоныстанып жатыр. Жаңа ауданның жаңа тұрғындарына пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне былтыр да келгенмін. Міне, жол түсіп биыл да келіп тұрмын. Мұндай жағдай көп облыстарда жоқ. Қостанай облысы еліміздегі тұрғын үй ең көп салынып жатқан өңірдің бірі. Ел игілігіне пайдалануға берілген баспана саны да жыл санап артып келеді. Біздің банк биыл республика бойынша 40 мың адамға несие берді. Жыл он екі айдың ішіндегі ең жемістісі – желтоқсан.  Бұл айда жыл сайын маңызды мереке де, пайдалануға берілетін пәтер де көп болады.  Биыл бұл игі үрдісті Қостанай облысы бірінші болып бастады, — дейді Н.Ақшанов.

DSC_7218

Маңызды мереке қарсаңында баспаналы болып, қуанышқа кенелген көптің ішінде Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің тарих пәнінің мұғалімі Маржан Әбдіхамит та бар. 

— Бұрын баспана алу орындалмайтын арман сияқты еді. Енді, міне, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының арқасында, бұл арманым ақиқатқа айналды. Елге осындай мүмкіндік беріп жатқан мемлекетке үлкен алғысымды білдіремін. Барша қостанайлықтарды, жерлестерім мен жақындарымды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Қазір мемлекетіміз  өркендеп, дамып келеді. Енді әрбір қазақстандықтың басында баспанасы болатын баянды күнге жетейік! —  дейді ол.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓