Ұлағат ұясы

Қостанай облысында жиырмаға жуық ғалым-ғұлама түлеген білім ошағы бар. Ол – Сарыкөл ауданының Қараоба ауылындағы Бекет Өтетілеуов атындағы негізгі мектеп. Тағылымды тарихы бар мектепке ардагер журналист, публицист Қажы Қорғанов тағзым ете барып, оқу ордасы туралы жазған кітабын табыстап кетті.DSCN5432
            Бүгінде 90-дай түтіні қалған Қараоба ауылының мақтанышы – құнарлы тарихы ғана. Кезінде осы елді мекенде Ыбырай салған ағартушылық жолды жалғаушы, педагог, жазушы-аудармашы Бекет Өтетілеуов білім шырағын жаққан. Классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің осы ұстаздан тәлім алғаны тарихтан белгілі. Бұдан кейін де құтты ордадан тұтас елге аты мәшһүр талай ғалымдар, қаламгерлер, доктор-профессорлар түлеп ұшты. Атап айтқанда, олардың қатарында – Ғарыш ғылымының академигі Өмірзақ Сұлтанғазин, әйгілі Мемлекет қайраткері Ілияс Омаров, Қазақ КСР-нің алғашқы Сыртқы істер министрі Мәлік Фазылов, Филология ғылымдарының докторлары –Жұмағали Исмағұлов пен Мырзатай Серғалиев, Физика ғылымдарының докторы Оразай Райысов, Биолгия ғылымдарының докторлары – С.Махмұтов, А.Қазанғапов, А.Мырзатаева, Медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Оразалин, Педагогика ғылымдарының докторы Тыныштық Хамитова, белгілі жазушы Жайсаңбек Молдағалиев және генерал-лейтенант, мемлекеттік әділет кеңесшісі Амангелді Қапсұлтанов және өзге де тұлғалар бар.
           
DSCN5418
DSCN5428
DSCN5429"Нағыз бақ дарыған білім ошағы деп осыны айтса керек, — дейді ардагер журналист Қажы Қорғанов. — Мұндай мәртебесімен мақтана алатын мектеп Қазақстан тұрмақ, түгел КСРО-да болмаған. Шынымен де, шалғай жатқан кішкентай ғана ауылдың мектебінен осыншама тұлғалардың түлеп ұшуы таңданарлық жағдай. Бұл – осында білім алып жатқан бүгінгі ұрпаққа өнеге болып, талаптарына қанат беретін ұлылар шежіресі".DSCN5441
            Кесек тұлғалар сауат ашқан мектептің тарихы өткен ғасырдың екінші онжылдығынан басталады. Дерекке сенсек, мектеп құрылысына қажетті материалдар, әсіресе, ағаштар Арақарағай орманынан, апталап жол жүріп, пар өзгізбен тасылған көрінеді. Қазығы бекем мектептің бұрынғы ғимараты әлі бар. Тек ол қазір ауыл клубына айналған. Ал оқу орыны жаңа нысанға 1987 жылы көшіріліпті. Әйгілі ұстаз Бекет Өтетілеуовтің аты білім мекемесіне 2006 жылы ғана берілген екен. Мұндай деректермен мектеп музейінде танысуға болады. 1991 жылы ашылған мұрағаттар мен жәдігерлер бөлмесінде ауылдың арғы-бергі тарихынан бастап, даңқы жерлестер, ұлт мақтанына айналған мектеп түлектері туралы мәліметтер сақтаулы. Бір ғана "әттең-ай" бар – кешегі кемелінде тұрған тұғырлы оқу ошағының бүгінгі жайы аса мәз емес. Балалар санының жылдан-жылға кеми беруі салдарынан 2018 жылдан бастап орта  білім мекемесі "негізгі мектеп" сатысына төмендеді.
            "Қазір мектепте бас-аяғы 42 бала оқып жатыр, — дейді мектеп директоры Болат Кәденов.- Балалардың жылдан-жылға азаюы қынжылтады. Ауылда жөнді жұмыс болмаған соң көшу көп. Әсіресе, жастар жағы тұрақтамайды. Педагог мамандығын оқыған жастарды ұстап қалуға барынша тырысамыз ғой. Сонда да бізде маман тапшылығы бар. Айталық, қазір химия-биология пәндері мұғаліміне зәруміз".DSCN5436
            Әйтсе де ұжым ұстаздық сабақтастықты абыройлы атқарып келеді. Қазір бұл мектепте 18 мұғалім бар болса, оның 15-і – жоғары білімді. Тең жартысына жуығы 1-санатты мамандар. Мәселенің санда емес, сапада екенін дәлелдеуге ұмтылады ұжым. Шәкірттері аймақтық, республикалық білім-өнер сындарында жарқырай көрініп жүр. "Ат аунаған жерде түк қалады" дегеніңіз осы емес пе!" — деп разылығын білдірді құрметті мейман, елге белгілі ардагер журналист Қажы Қорғанов кездесу отырысы кезінде. Ол мектеп ұжымымен, оқушылармен, жергілікті ақсақалдармен және ауылдың жанашыр азаматтарымен сұхбат құрып, зиялы азаматтар туралы тағылымды әңгімелер қозғады. Сондай-ақ, өзімен арнайы ала келген "Қалдырған ізі – мәңгілік" атты кітабын көпшілікке таныстырды.DSCN5451
"Осыдан 3 жыл бұрын Ы.Алтынсариннің 175 және Тәуелсіздік 25 жылдығы қарсаңында облыс әкімімен жолығып, облыс мектептерінің тарихын жазу ұсынысын білдірген болатынмын. Мұнымды басшылық қуаттап, кітапқа дерек жинау үшін облыстағы 20 өңірді араладым. Нәтижесінде бұл жинаққа 310 мектептің тарихы және 50 шақты белгілі тұлғаның есімі енді. Ішіндегі орны бөлек мектеп деп осы оқу ошағын сеніммен айта аламыз. Осы мектепті аяқтап, күллі қазаққа әйгілі болған Ілияс Омаров, Өмірзақ Сұлтанғазин секілді зиялылардың көзі көріп, дәмдес болу бақыты бұйырған адаммын. Айналайын оқушылар, осы ғұламалардың ізбасарлары, сендер де сабақты жақсы оқып, аталарың жеткен биіктерді бағындырғайсыңдар", — деді ол.DSCN5447
DSCN5460
DSCN5462
DSCN5464Шежіре түріндегі кітаптың бірнеше данасын мектеп ұжымы және ауыл әкімдігі автордан аттай қалап алды. Алақандай ғана ауылдың ауыз толтырарлық тарихын толықтыра түсетін жинақ өскелең ұрпаққа қалар құнды мұра деп санайды қараобалықтар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓