ҚЫСТЫҢ ҚАМЫ

Қостанай жылу энерго компаниясы көмір мен көгілдір отыннан біртіндеп бас тартпақ. Бұл жөнінде аталған ұйым өкілдері арнайы ұйымдастырылған баспасөз маслихатында мәлім етті. Монополистер алдағы уақытта түйіршік отынды пайдаланбақ ниетте. "Пелетте" деп аталатын отын кәдімгі өсімдік қалдықтарынан жасалынатын көрінеді. Әсіресе, сабан мен қамыстан жақсы отын шығады екен. Отынның бұл түрі табиғи саналады. Ең бастысы арзан.
"Красный Партизан" елді мекеніндегі №8-ші жылу қазандығын түйіршік отынмен жағылатын қылып, қайта жабдықтап шықтық. Тағы бір жылу қазандығын алдырғалы жатырмыз. Пелетта – өсімдік шикізатынан жасалады. Көп жағдайда қамыс, шөп, сабан қолданылады. Шикізат нығыздалып, түйіршіктеледі. Табиғи өнімнің қызуы жақсы, қалдықтары да анағұрлым аз, ең бастысы бағасы тиімді", — дейді "ҚЖЭК" МКК директоры Асқар Бекмағамбетов.
Аталған отын дамыған елдерде кеңінен қолданылады.  Мәселен, АҚШ-та 2008 жылдан бері қолданылып келеді. Сол кездің өзінде бұл жақта түйіршік өндірісімен 80-нен астам компания айналысып, жылына 1,1 млн тонна өнім  шығарған. Қазіргі уақытта, құрама штаттарындағы 600 мыңнан астам ғимарат 2 млн тонна түйіршік отынмен жылытылып отыр.
Ал Финляндияның тұрғын үй секторы жылына 70 мың тонна түйіршік тұтынады. 7 мыңға жуық ғимарат биоотынмен жылытылады. Климаты Қазақстанға ұқсас Канада мемлекеті түйіршік отынды көп тұтынатын елдердің бірі. Бұл жақта  1,3 млн тоннаға жуық өнім өндіріледі. Түйіршіктер шығаратын зауыттар негізінен жағалауда орналасқан. Канаданың батыс жағалауында орналасқан зауыттар ағаштың жұмсақ шырша, қарағай іспетті сұрыптарынан түйіршіктер шығарады. Ал шығыс жағалауының зауыттары емен, үйеңкі, шие және т. б. қатты сорттарды пайдаланатын көрінеді. Даму деңгейі жоғары қалған мемлекеттерге тоқталар болсақ,  Швеция — 1,7 млн тонна, Германия — 900 мың тонна, Австрия — 800 мың тонна, Латвия – 200 мың тонна пеллет тұтынады. Еуропада отындық ағаш түйіршіктерін шығаратын шамамен 650 зауыт жылына 10 млн тоннадан астам өнім шығарады. Жалпы әлем бойынша, 22,5 млн тонна түйіршік отын кәдеге жаратылады.
Жерілікті монополистердің мәліметіне жүгінер болсақ, отын гранулаларын пайдалану экономикалық тиімді. Себебі, біз жағып отырған газдың мың тоннасы жылу компаниясына 24 мың теңгеге ұсынылады. Ал, баламалы отын 11-12 мың теңгеге шығуы тиіс. Оның үстіне өнімнің әр тоннасынан 3,5-4 Гкаллорий жылу алуға болады. Есеп дұрыс болса, жылына 20 млн теңгеге дейін қаржы үнемдеуге болады дейді мамандар.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓