ЕЛДЕСТІРМЕК – ЕЛШІДЕН…

Қостанайға Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич келді. Елші үш күн бойы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-да болып, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға дәріс оқыды.
IMG_7920Селим Хазбиевичтің тегі – түркі, польяк-литов татарларының отбасында дүниеге келген. Ата-бабалары Үйсін тайпасынан шыққан. Тоқтамыс ханмен бірге Ұлы Литов княздығына көшіп, сонда тұрақтап қалған. Селим Хазбиевич — тарих ғылымдарының докторы, Варминск-Мазур университетіндегі Саяси ғылымдар институтының профессоры. Бірер жыл бұрын қажылық сапарға да барып қайтыпты. Шалғайлау жатқан қос елді жақындастырып, Қазақстан — Польша арасындағы мәдени-экономикалық  ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастың даму жолында еңбек  етіп жүрген бітімгермен  бір сәт сұқбаттастық.IMG_7901IMG_7905— Елші мырза, Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық қарым-қатынас бүгінде қандай деңгейде?
— Экономикалық байланысты дамыту  бүгінгі күні екі ел үшін де аса маңызды. Қазақстан – табиғи байлықтың үстінде жатқан ел. Мұнда Польшада жоқ көмір, мұнай, сондай-ақ электронды өнеркәсіпке қажетті сирек  металдар бар.  Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам поляк кәсіпорындары жұмыс істейді. 2018 жылғы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд еуроның үстінде. Қазақстан – Орта Азиядағы ең ірі мемлекет. Біз Қазақстан арқылы шығыс нарығына жол ашқымыз келеді. Сәйкесінше, Қазақстан Польша арқылы еуропа нарығына ене алады.  Бүгінде Қазақ жерінде шамамен 35 мың поляк өмір сүреді. Меніңше, Қазақстан поляктарының саны бұдан әлдеқайда көп. Өйткені кеңестік кезеңде көбі поляк екенін жасырып, төлқұжатқа өзін басқа ұлт деп көрсеткен.
 
— Қостанайға нендей мақсатпен келдіңіз?
— Мен Қостанайға келуім бірінші емес. Осыдан бір жарым жыл бұрын бір келіп, осындағы студенттерге дәріс оқып кеткенмін. Енді елші екенмін деп Нұр-Сұлтанда отыра беруге болмайды ғой. Қазақстанның басқа да өңірлеріне шығу керек. Мен «Еуропа күндері» аясында Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде дәріс оқу үшін келдім. Кезінде өзім де университетте сабақ бердім.  Мұнда «Пояк-литов татарлары және Алтын Орда», «Жаңа дәуір кезеңіндегі Польша мен Ресей империясы арасындағы геополитикалық қатынастар», «Еуропалық интеграция. Интеграция тарихы мен генезисі» деген тақырыптар төңірегінде дәріс оқып жатырмын.  IMG_7916
— Селим мырза, кеше алғашқы дәрісіңізде Алтын Орда ыдырай бастаған тұста батысқа қарай көшіп барып, қазіргі Польша, Литва, Белорусия аумағында тұрақтап қалған түркінің бір тармағы – татарлар тарихын баян еттіңіз. Осыған қысқаша тоқталсаңыз…
— ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы Ұлы Литов  княздығында  поляк, литовтармен қатар, неміс, орыс, украйн, белорус, ағылшын, шотландар да тұрды. Татарлар 15-16 ғасырларда Ұлы Ордадан ерікті түрде келіп, жергілікті халыққа тез сіңісіп кетті. Тілін де тез жоғалтты. 17-ғасырда бірыңғай поляк немесе белорус тілінде сөйлейтін болды. Жалпы кезінде Алтын Ордадан ауып барған поляк-литов татарларының түп тегі үйсін, арғын, найман, жалайыр, қоңырат тайпаларынан тарайды. Тарихи деректер бұл татарлардың жауынгер халық болғанын көрсетеді. Олар Польша әскерінің құрамында соғысқан. Шайқастарда үнемі алғы шепте жүріп, ұрысты бірінші бастап отырған. Олардың көбі, ішінде менің ата-бабаларым да бар, дворян атағын алып, жерге иелік еткен. Татарлар Польша әскерінің құрамында 1939 жылға дейін болған. Бүгінде Польшада 2 мыңға жуық татар тұрады. Оларды татар дегеннен гөрі, татардан шыққан поляк деген дұрыс. Өйткені мәдениеті мен тілінен айырылып қалды. Оған екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ассимиляция үлкен ықпал етті. Менің ғылыми еңбектерімнің біразы осы тарихқа арналған. Татарлар Румынияда да бар. Шамамен 4 мыңдай. Олар тілін сақтап қалған. Өздерінің бұқаралық ақпарат құралы бар. Румыния парламентінде өз депутаттары, Министрлер кеңесінде өз өкілдері бар.
 
— Қазақ-поляк мәдениетінің арасындағы рухани байланыстың тамыры сонау ХІХ ғасырға барып тіреледі.  Бұл туралы не айтасыз?
— Польша 123 жыл бойы Австрия, Пруссия мемлекеттері мен  Ресей империясының қол астында өмір сүрді. 1768 жылы поляк азаттық күрескерлері орыс патшасыны қарсы шығып Барск Конфедерациясын жариялады. Орыс әскеріне 4 жыл бойы төтеп берген бұл Конфедерация ақыры жеңіліс тауып, қолға түскен поляктар Сібірге айдалды.  Камчаткаға жер аударылған Карл Любич Залесский Қазақстанның солтүсік өңірлерінде болып, 18-ші ғасырдың 70-жылдарындағы Қазақ даласының сипатын, қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін қағазға түсірген. Поляк әдебиетіндегі қазақ даласы туралы алғашқы тұщымды дерек ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген жазушы Ян Потоцкийдің еңбектерінде кездеседі. Ол Каспий теңізінің солтүстік жағалауында болып, француз тілінде репортаж жасаған. Солтүстік-Батыс Қазақстан туралы алғашқы деректерді жинап, ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында «Астрахан даласы мен Кавказға саяхат» атты  очерк жазған.  Қазіргі Қазақ мемлекетінің сақталып қалуына өлшеусіз үлес қосқан Алаш Орданы кезінде Польша мемлекеті де қолдаған. Мұны растайтын тарихи құжаттар, «Жас  Түркістан» газетін шығару үшін бөлінген қаржы чектері  Польша архивтерінде күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Қазір бұл тарихи құжаттарды екі мемлекеттің ғалымдары да зерттеп жатыр. Польша архивтерінде Мұстафа Шоқайға қатысты  біраз дерек жатыр.   
ХІХ ғасырда Орыс патшасы поляктарды Сібірге жер аударған. Қазіргі Қазақстанда поляктардың пайда болуы да осымен байланысты. Жер ауып келген поляктардың ішінде Адольф Янушкевич, Томаш зан сынды ғалымдар қазақ халық ауыз әдебиетінің материалдарын жинады. ХХ ғасырдың басында Польша мемлекеті құрылған соң, маршал Пилсудский қазақтың саяси миграциясына қолдау көрсетті. Түркістан автономиясының көсемі Мұстафа Шоқай бірнеше жыл Польшада тұрды. Польша үкіметі Мұстафа Шоқайға материалдық қолдау көрсетіп, Варшавада бірнеше жыл бойы «Жас Түркістан» газетін шығарып тұруға мүмкіндік берді.IMG_7915
—  Қостанайлық студенттерге еуропалық интеграция туралы дәріс оқыдыңыз. Сонда қазіргі Еуропалық одақтың тарихы ма бұл?
— Иә, Екінші дүниежүзілік соғыстан Еуропа үлкен  сабақ алды. Батыс Еуропа мемлекеттері енді мұндай соғыстың қайталанбау жолын қарастыра бастады. Еуропалық одақтың пайда болуына осы бастама негіз болды. Еуропалық мемлекет басшылары соғысты болдырмау үшін әуелі экономикалық байланысты нығайту қажетттігін түсінді. Өйткені соғыс қару-жарақ сататын  кәсіпорындар үшін үлкен табыс көзі екенін көрді. Осылайша барлық еуропа мемлекеттеріне ортақ экономикалық одақ құру идеясы өмірге келді. Еуропа одағын құрудың екі тұжырымдамасы болды. Біріншісі — француздардікі, екіншісі – немістердікі. Генерал Шарль де Голь еуропа мемлекеттерінің әрқайсының саяси тәуелсіздігін сақтай отырып, экономикалық одақ құруды ұсынды. Ал немістер еуропа елдерін бір мемлекеттік астына біріктіргісі келді. Олар жалпыға ортақ бір әскері, бір парламенті, бір президенті бар Еуропа Құрама Штаттарын құрғысы келді. Бірақ көпшілік мемлекеттер Де Гольдың идеясын қолдады. Еуропалық одақ осылай пайда болды.
 
—  Енді бүгін жолға шығып барасыз. Алдағы уақытта Қостанайға тағы бір соғатын ойыңыз бар шығар?
— Иә, міндетті түрде келемін.  Осы жолы ғалымдармен, студенттермен кездестім. Келесі жолы осындағы поляк этнобірлестік өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәдени-танымдық бағыттағы шараларды жандандыру ойда бар.IMG_7888
 
Сұқбаттасқан Нұрқанат Құлабаев,
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓