Түркияға сапар: таным мен тәлім

Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің делегациясы Түркия мемлекетіне арнайы іссапармен барды. Түркияның ынтымақтастықты үйлестіру қауымдастығы (TIKA) ұйымдастырған бұл сапар осы ел музейлерінің қызметімен жақын таныстырып, тәжірибе алмасуға бағытталды.dav
 
Алғашқы әсер
 
Астанадан таңғы 4-те әуеге көтерілген ұшақ Стамбулға жергілікті уақыт 10-нан асқанда қонды. TurkishAirLines әуе компаниясының қызметшілері жолаушыларға барынша жағдай жасап, сапарымыздың қолайлы өтуін қамтамасыз етті. Сондықтан, уақыт белдеуіндегі 3 сағат айырмашылық бізге онша қиындық туғыза қойған жоқ. Стамбулға келісімен, Ататүрік әуежайының ішкі қатынастар бөлімінен Анкараға жеткізетін ұшаққа отырдық.
Біз деп отырғанымыз, "Қасиетті Қазақстан" орталығының жетекшісі, белгілі ғалым Берік Әбдіғалиұлы бастаған делегация. Оның құрамында ҚР Ұлттық музейінің жауапты қызметкерлері, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай  облысының мәдениет басқармаларының басшылары, Алматы, Ақ-мола, Маңғыстау облыстарының тарихи-өлкетану музейлерінің директорлары бар.
Енді бір сағат өткенде біз Түркия астанасына келіп қондық. Мұнда ТIKA-ның жауапты қызметкерлері Рыфат Қарамахмұт мырза мен Ділдар Ширзадова ханым күтіп алды.
Біз келген күні Анкарадағы ауа райы 17 градус жылы екен. Жолай қаланың сәулетіне, тарихи келбетіне, көшелерді көмкерген жасыл желегіне қарап, сүйсініп келеміз.
Мұнда бірден көзге түсетіні – бір сәулет жобасымен салынған, аралары жиі орналасқан мешіт ғимараттары. Десек те, халқы діни фанатизмге бой алдыра қоймаған. Тіпті, хиджаб киіп, қара жамылып жүрген әйел адамдарды жиі кездестіре қоймайсың.
Екінші бір назар аударатын жайт, қала қыратты жерлерде орналасқандықтан, көшелері енсіз, әрі иірімі көп. Керісінше, бағдаршамдары аз. Соған қарамастан, жол көлік оқиғаларын, соқтығысқан автокөліктерді мүлдем байқамадық.
Сонан соң, аттап бассаң, түрік шайханасына тап боласың. Әрбір тұрғын үйдің бірінші қабатында бірнеше шайхананы кезіктіресің. Телехикаяттардан көріп жүргендей, түріктер шай ішуді өте жақсы көреді. Бұл ретте, қазекем олармен жарысқа түсе алмайтындай көрінді. Хош, бұл Түркияға алғаш қадам басқан қазақ баласының алған әсері болса керек… Енді сапардың негізгі мақсатына қарай ойысайық.
 
Жәдігерлерге жан біткендей
 
Түскі астан соң, біз сапарымыздың басты мақсаты аясында осындағы музей қызметкерлерінің тәжірибесін зерделеуге кірістік.
Алдымен ат басын Анадолы өркениетінің музейіне бұрдық. Ғасырға жуық тарихы бар бұл музейдің ашылуы мен одан әрі қалыптасуын Мұстафа Кемаль Ататүрік жеке қамқорлығына алған. Музей басшысы Халил Демирделен мырза алдымен музей тарихына қыс-қаша шолу жасап алды да, одан кейін музей қызметін ұйымдастырудағы ерекшеліктерге мән берді. Ең алдымен, музей қорының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Өрт қауіпсіздігі, ылғал мен жылу сақтау, бейнебақылау және дабыл жүйелері заман талаптарына жабдықталған. Мұндағы әрбір экспозицияның орналасу тәртібі белгілі заңдылықтарға бағынып тұр. Одан тыс жәдігерлерге, олар туралы ақпараттық тақтайшаларға жарық түсірудің қатаң қағидалары бар. Соңғы бес жыл ішінде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдануға айрықша мән беріліп келеді екен. 3D-карталар, 3D-бейнефильмдер, балауыздан жасалған мүсіндер құдды бір жәдігерлерге жан бітіргендей. Халил мырза оның бәрін бізге тәптіштеп түсіндірді. Қазақстандық әріптестерінің сұрақтарына мазмұнды жауап берді.sdrАңызға айналған Ататүрік
 
Келесі кезекте Түркия Республикасының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесіне бет алдық. Түрік ағайындар Ататүрікті ерекше қадір тұтады. Сондықтан ол дүниеден өткенде Анкараның ең биік жеріне жерлеу туралы шешім қа-былданған. Кешеннің жобасын жасаған сәулетшілер Ататүрік жерленген алаңға барар жолда Түрік мемлекетін құрайтын 16 тайпаның нышаны болған арыстан мүсіндер қойылған. Жолдың бойына өлшемі әртүрлі мәрмәр тақталар төселген. Оған себеп, келе жатқан адамдар сүрініп кетпес үшін жолына қарайлап жүреді. Сәйкесінше, алаңға жеткенше басын төмен иіп жүреді.
Алаңда биік тұғырға Түркия туы орнатылған. Кешенді аралау музейден басталады. Мұнда Ататүрік тұсындағы мемлекеттің қалыптасу және даму тарихы, ел басқарған, қол бастаған көсемдерге арналған мүйістер, Мұстафа Кемалдың тұтынған жеке заттары, тіпті мінген автокөліктері қойылған. Осыларды аралап барып, Ататүріктің мәңгі тыныстап жатқан кесенесіне келесіз. Біз Түрік мемлекетінің дамуына ерекше үлесін қосқан мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметіне тағы бір мәрте қанығып қайттық.
 
Әріптестермен тәжірибе алмасу
 
Сапарымыздың келесі күні Түркияның мәдениет министрлігі музей қызметін ұйымдастыру бойынша арнайы семинар өткізді.Семинар аясында Министрліктің жауапты қызметкерлері, белгілі ғалымдар музей саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, маңызды ақпараттарын ұсынды. Министрліктің құрамында Тарихи мұраны қорғау департаменті бар екен. Департаменттің бөлімшелері осы бағыттағы жұмыстарды реттеп, қордаланған мәселелердің шешімін үйлестіріп отырады. Айта кететін жайт, мұнда белгілі ғалымдар, археологтар, музейтанушылар қызмет етеді. Сәйкесінше олар кәсіби білімін саланың өзекті мәселелерін шешуге, мемлекеттің осы тұрғыдағы стратегиясын әзірлеуге, тарихи мұраны қорғау жұмысын жетілдіруге жұмсайды. Бір сөзбен айтқанда, осы саладағы жұ-мыстың "жілігін шағып, майын ішкен" майталман мамандар жұмыс істейді.
Елде 450-ден астам музей бар екен, оның жартысынан астамы – жекеменшік музейлер. Бір ға-на Анкараның өзінде 58 музей тіркелген. Соның ішінде, шахмат музейі, шай музейі, т.б. тақырыптық музейлер көптеп кездеседі.  Кездесуден түйген тағы бір ой – Түркиядағы мәдениет және білім саласы мамандарының бірлескен қызметі өз жемісін берген. Музейлердің жанынан ұйымдастырыл-ған үйірмелерде мектеп оқушылары археология, музейтану саласына қатысты теориялық және практикалық сабақтар алады. Одан тыс мұғалімдер үшін де арнайы курстар өткізіледі. Сөйтіп, мұғалімдер де, оқушылар да музей қызметіне, тарихи мұраны қорғау ісіне араласады. Осындай жағдайда туған өлкеңнің тарихына, Отаныңа деген сүйіспеншілік арта түсетіні сөзсіз. Елбасы Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында айтылған музей сабақтарын өткізу, мектеп жанынан археологиялық танымдық топтар құру туралы міндетін іске асыруда Түркия елінің тәжірибесіне сүйенуге әбден болады.  mde
Стамбулға барғанда
 
Анкарадағы тәжірибемізді толықтырған күндерден соң, Стамбулға қайта оралдық. Бұл жолы бізге TIKA-ның мамандары Ислам Исмайыл мырза мен Ойкю Йылмаз ханым жолсерік болды. Стамбул – көненің көзі мен жаңа дәуірдің тынысы үйлесім тапқан әсем қала. Оған көз жеткізу үшін Босфор бұғазына бет бұрып, кемеге отырсаңыз жеткілікті. Ұзақтығы 1,5-2 сағатқа созылған сапар барысында бір сәт тынығып, тарихи қаланың сәулеті мен дәулетіне куә болдық. Тарихы тереңге тамыр жайған бұл қалаға келген әрбір мейман Ая София музейін, Топкапы сарайын тамашаламай кетпейді. Біз де солай жасадық. Ая София – екі дәуірдің, екі діннің, екі мәдениеттің тоғысқан ордасы ретінде, ешкімді бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Бір мың жылға жуық Византия империясының маңызды шіркеуі ретінде қызмет етіп, кейін Осман империясының басты мешіті болған бұл ғимарат өзінің дегдарлығын сақтай отырып, ғасырлар қойнауынан сыр шертеді. Таңғажайып сәулет өнерінің жауһарын тамашалауға күніне 10-15 мың адам келіп кетеді.
Ал, әйгілі Топкапы сарайы бір ауық өзіңді Осман империясының дәуірінде жүргендей сезінуге мүмкіндік береді. "Сұлтан Сүлейман" телехикаятынан кейін мұнда келушілер саны күрт артып, қазіргі уақытта жылына 3 миллионға жуық туристі қабылдайды екен.
Біздің  кәсіби  біліктілігімізді  арттыруға үлкен септігін тигізген тағы бір мәдени нысан – Стамбул археологиялық музейі болды. Музейде Түркия аумағынан табылған небір археологиялық ескерткіштер, жәдігерлер, құлпытастар мен мәр-мәр мүсіндер көпшілік назарына ұсынылған. Мұнда келушілерге қызмет көрсетіп, ғимаратты күтумен айналысатын жүздеген қызметшілерден тыс 50-ден астам белгілі археолог ғалымдар, ғылыми қызметкерлер үздіксіз жұмыс істейді. Олар жаңа қазба жұмыстарын жүргізіп, табылған жәдігерлерді қалпына келтіріп, музей қорын толықтырумен жоғары кәсіби деңгейде айналысады.
 
Түйін
 
Әрбір жылдың өзінің берер тартуы, ұсынатын несібесі болады. Осы жылдың бізге жасаған сыралғысы – Түркия еліне ресми сапарымыз болды. Бұл сапар Түркі әлемінің тұтастығын, ортақ рухани тамырымызды сезінуге мүмкіндік берді. Ең бастысы, білім көкжиегіміз кеңейіп, кәсіби қызметімізде іске асыруға болатын мол тәжірибе жинақтадық. Адам баласы үшін одан артық тарту жоқ шығар!
 
Ерлан Қалмақов,
Қостанай-Стамбул-Анкара-Қостанай.
 

Читайте также:

1 комментарий

  1. Аноним:

    қара жамылып деуге болмас. Басқа мағына да ғой

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓