«ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ. АСТАНА»

Қостанайда фильмнің тұсаукесері өтті
«Kostanay Plaza» ойын-сауық, сауда орталығында «Елбасы жолы. Астана» фильмінің Қостанайдағы алғашқы көрсетілімі өтті. Туындыны тамашалуға көпшілікпен бірге Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те келді.
DSC_0897 
Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» және «Сатайфильм» киностудиялары түсірген. Оның қойылуына белгілі режиссер Ақан Сатаев жетекшілік еткен.
Фильмде Нұрсұлтан Назарбаевтың ХХ және ХХІ ғасыр айырығында тұңғыш бой көтерген Елорданың болашағы жөніндегі толғаныстары  шынайы көрініс тапқан. Астана қаласының қалыптасу тарихы және оны салу үдерісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың басты рөлі, кездескен қиындықтарды жеңе білудің жарқын үлгісі, іс басында болған, ел тұтқасын ұстаған азаматтарымыздың еңбегі, халықтың бірлігі, жұртшылықтың ықыласы, сенімі баяндалады. Сондай-ақ картинада елорданы Ақмолаға көшіру шешіміне қатысты қоғамдық түрлі көзқарастар, оның ішінде кертартпа пікірлерін көлденең тартқандар да көрініс береді. Бұған қоса, фильмде қамтылған жылдар көлемінде еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғалар сәтімен ұсынылған. Әсіресе ел шекарасын шегендеу, өзге елдермен ынтымақтастық орнату бағытындағы маңызды қадамдарды санада жаңғыртатын тұстар көңілге жылы әсер етеді. Сонымен бірге Астананың халықаралық тұсаукесер рәсімін сипаттайтын көріністер де фильмнің маңызын арттыра түскен.
DSC_0942
Фильмнің басты кейіпкері – мемлекеттік қызметкер. Ол Елбасының қасында жүріп өткенін еске алады. Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін белгілі актер Мұрат Ақманов сомдаса, дауысын Ерлан Қасымжанұлы айнытпай салды. Басты рөлдерде Мұрат Ахманов, Жан Байжанбаев, Олег Ли, Азат Сейітметов, Асқар Ілиясов, Гүлнар Жақыпова ойнайды.
DSC_0908
Қорыта айтқанда, «Елбасы жолы. Астана» фильмі экран арқылы ел тарихынан, Елбасының өмір жолынан шынайы деректер ұсынады. Оның тәуелсіздік шежіресін, жаңа Астананың алғашқы қадамдарын көрсете отырып, елдік сананы көтеруге, ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етері анық.
DSC_0990
DSC_0911
DSC_1016
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓