Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ: «Түбімізге өтірік мақтау жетіп жатыр»

“Әдебиет – ұлттың жаны”, — дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Сонау ерте заманнан Тәуелсіздік таңына дейін қазақтың көрген қайғы-мұңын, жан сырын айтып та, жазып та келген – әдебиет. Тарихымызды көркем шығармалар арқылы түгендеп алғанымыз да рас. Олай болса, бүгінгінің бүлкілі жайында қаламгерлер не дейді? Біз жазушы Жұмабай Шаштайұлымен кездесіп, ұлтымыздың қазіргі жай-күйіне қаламгер көзімен қарап көрдік.  photo_57623 Тамыз айы болатын. Алматының нақ арайлана түсетін кезі. Қалың оқырман үшін тұшымды дүние жазамын деп, Алатаудың бөктеріне келгеніме үш күн болды. Көздегенім – көкірегі ояу, көзі ашық аға буынның әңгімесін естіп, газетке жариялау. Мұндай сұхабаттарда өзіңнің де дүние танымың кеңейіп, білімің арта түседі. Уағдаласқан азаматтардың біразымен кездесіп үлгердім. Солардың бірі – жазушы-журналист Жұмабай Шаштайұлы. Бұл өзі қызық сұхбат болды. Себебі мен жазушыға сұрақ қоймадым. Білмеймін, тағдыр айдап келді ме, әйтеуір, әңгімемізге арқау болар кейіпкерлер алдымыздан өтіп жатты, өтіп жатты…
Алматыға бұрындары да келіп жүргесін көшелері біршама таныс. Жұмабай ағамыз шақырған уәделі жерге жетіп, төңірекке көз тастаймын. Кедейдің көрпесіндей сөгітілген аспандағы жұқа бұлттың арасынан күн күлімдейді. Алдымда ақырып арық жатыр. Арлы-берлі өтіп жатқан кісі көп. Біреуі баласымен, біреуі танысымен. Біреуі көңілді, біреуі түңілді. Енді бірі бақытты, енді бірі тарықты. Осынау көшедегі сапырылысқан сан түрлі тағдырға қарасаң, еріксіз терең ойға жетелейді. Бәрін ой елегінен өткізіп, сұхбатқа сауалдар әзірлеймін.  
Сөйтіп отқанда өзіме қарай беттеп келе жатқан жазушыны көзім шалды. Шапшаң тұрып, қарсы жүрдім. Кенет арамызға құшақтасқан екі жеткіншек көлденең түсті. 13-14 шамасындағы қыз бала мен ер баланың жастарына жараспайтын ерсі қылығы жазушыны да, мені де еріксіз құлазытты. Осы жайттан соң сұрақ-жауапқа құралған салтанатты сұхбат емес, зиялы әңгіменің тегі ағытылды…
— Бір кездерде балаға тәрбие берудің жолы еркіндік деп ойладық қой. "Жапондар былай тәрбиелейді, Америка былай тәрбиелейді" деген мақсат қойып алдық та, еркіне жібердік. Содан балалар жүгенсіз кетті. Міне, сол осалдықтың кесірі бүгін көрініс тауып жатыр, — деп бастады жазушы.
Бұл әңгіме мен естігім келген дүниенің шетін шығарғасын жазушының сөзін бөлмеуге тырыстым. Тек мұқият тыңдым. Зейін қойғанымды байқаған ол арқалана сөйлей бастады.
-Жалпы, біз дүниеге тек бәсекелестік тұрғысынан қарайтын болдық. Мен бұрын «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрген кезімде, Қыздар педагоикалық институтының оқытушысы болу керек, нақты есімде жоқ, бір әйел былай дейді: «Қазақтар балаларына тек білім беруді ғана ойлайды, ал сонымен қатар тәрбие берілу керектігін ұмытып кетті». Сол кісінің айтқаны өте дұрыс. Біз қазір баланың бойына адамгершілікті сіңіруді ысырып қойдық. Тек оның мықты маман болып, бақ-дәулетте өмір сүруін ғана қалаймыз. Тәрбие екі қанаты болатын болса, балалардың сыңар қанатты болатын жағдайы көп ұшырасып жатыр ғой. Қазақ халқында ұлттық тәрбиенің негізі не  еді? Қазақ әдебиетінде бұл қалай көрніс тапты? Мәселен, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас жайында орыстың атақты жазушысы Иван Тургенов «Отцы и дети» романын жазған болатын. Орыс халқы соны керемет сүйіп оқығанымен, ол менің жүрегімді қозғамайды. Өйткені, менің ұлттық танымымнан алыс. Ол шығармада ақсүйектік ғұрып көбірек суреттеледі. Әкеге деген мейірім жоқ. Мысалы, әңгімедегі басты кейіпкер ауылына келіп, күні-түні достарын аралап, әкесіне тек аттанарда ғана кіріп шығады. Сонда зарыға күткен әкесі жүректі қақ жарардай аянышты сөздер айтады. Ал енді біздің «Абай жолындағы» оқиғаны қараңыз. Абай медреседен анасын сағынып, жаны ұшыра жүгіріп келе жатқанда Ұлжан «әуелі әкеңе бар, балам» дейді. Ұлттық тәрбиенің көкесі осы емес пе! Шындығын айту керек, біз әке мен баланың, ана мен баланың арасындағы нәзік тұстарды жоғалтып алдық. Қазіргі қасіреттің барлығы соның кесірінен болып отыр. Әкесін сыйламаған бала өзгені қайтсін? Бұны бір ұлттық ұстаным демей-ақ қоялық, дегенмен бойымыздағы асыл қасиеттен айырылдық. Бұдан соң балаға қалай өкпелейсің?..
Осылайша ойын түйген жазушы маған назар салды. Оның әңгімесін ұйып тыңдап қалған мен үнсіздіктен ес жиып, сұрақ қоя бергенім сол-ақ еді, бір бейтаныс келіп сөзімді бөліп жіберді. Әбден азып-тозған, үстінен ішімдіктің иісі мүңкіп тұрған жас жігіт. Бет-аузынан оңбай таяқ жегені бірден байқалады. Қайыр сұрап жүр екен. Жолаушы да бір мүсәпір демей ме, қалтамдағы аз-мұз тиын-тебенді бердім. Ол кеткен соң Жұмабай ағаға қарап, “бұл қалай?” дегендей ишара таныттым. Жазушының жауабы дайын екен.  
— Қазіргі жастар дүниеге ашкөздікпен қарайды. Көшеде жігіттер жағы өз жөнімен кетіп бара жатқан қызға тесіле қарап отырады. Осы дұрыс па? Басқа да анайы дүниелер қазір қазақтың бойына жабысқан. Соның бірі – қайыр сұрау. Бұл жалқаулықтың кесірі, әрине. Қазақта қайыр емес, қарыз сұраудың да жөні бар. Бұл шариғатта да көрсетілген. Бүгіндері көріп жүрміз, кісіге жалтақтау сонау жоғарыдан бастау алады. Мынау билікте отырған, ел тұтқасын ұстаған азаматтарды жағалап, сығалайтындар көп. Бастықтың аузынан шыққан сөзді жерге түсірмей, "ләппай тақсыр" деп отырады. Сондайды көргенде жиіркенесің.
Мен өзім осында, Алматыда, бір ескі үйде тұрдым. Бұрындары атақты боксшы Жандос Көкімов туралы естуім бар-тын. Кезінде Америкада жүріп, біраз табысқа жеткен алғашқы қазақ. Қонаев соған бір бөлмелі үй сыйға тартқан екен, боксшы сол үйде өмір бойы тұрыпты. Міне, осындай қанағатшыл, дүние-мүлікке бола арын сатпайтын азаматтар болады. Қазір мұндай қарапайымдылықты икемсіздікке балап алдық. Айтайын дегенім, мен де сол ескі үйімде тұра берер едім, өлсем де осы қара шаңырақтан аттанармын дейтінмін. Менің Рафат Әбдіғұлов деген жақын досым болды, әдебиетке келуіме де себепші болған сол еді. Өзі ғылым жолында жүрді. Кезінде Мұрат Әуезов Мұхтар Әуезов атындағы сыйлықты алғаш соған берген еді. Бірақ Рафат отбасын құрып та үлгермей дүниеден озды. Айгүл Ісмақова деген профессор құрбымыз: «Рафат үнемі сені уайымдап жүреді. «Қазақ әдебиетін» басқарып отыр, тұратын үйінің түрі анау» деп қапаланып жүруші еді» деп айтып отыратын. Сонда Рафаттың өзінде үй жоқ, не үйленбеген, соған қарамастан, мен үшін алаңдап жүреді екен жарықтық… Талай арыс азаматтар болды ғой. Досымыз өмірден өткен соң Қаскелең ауданының сол кездегі әкімі Махаббат Бигелдиев деген азаматқа Рафатты дұрыстап шығарып салу керектігін айттым. Ол қолынан келгенше жәрдемдесті. Сонда Рафат маған өзінің жер учаскесін қалдырып кетіпті. Бірақ мен оны алғым келмеді. Дәтім бармады. Басқа жер сатып алдым. «Бөрі арықтығын білдірмес» дейді қазақ, үй салуға да ақшам жеткілікті болатын, тек Махаббатқа құрылысқа көмектес деп едім, ол көмектесті. Оның сыртында да қол ұшын беріп тұрды. Соның өзінде өзімді біреуге қарыз адамдай сезіндім, тыныш таппадым. Бірақ, кейіннен ойланып қарасам, адамды адам түсінбесе, адамға адам көмектесіп, қарайласып отырмаса, өмір сүру кім-кімге де қиын екен. Міне, қазір қазақтың қалпы өзгерді, бір-бірімізге көмектесу сиреп барады. Ата-бабамыз бұдан қиын кезеңдерде бір-бірін тастамаған, жетімін жылатпаған еді. Бүгін біреудің қиындығын көріп тұрсақ та бұрылмаймыз. Әрине, бәрі тәрбиеге, ұлттық иедологияға байланысты. Біз идеологияның шылбырын босатып алдық. Жат дүниеге жолатпай, кесапатты кіргізбей ұстап отыру керек-тін, бірақ жүгенді тартар керек кезінде тартпадық, жас ұрпаққа өз тәрбиемізді сіңіре алмадық. Қазақтың керемет ата дәстүрінен, ұлттық тәрбиесінен түк қалмады. Жастар керісінше батыстың, өзге мұсылман елдерінің тәрбиесіне әуес боп кетті. Мен бұрындары дін ұстанған түріктерді, арабтарды, жалпы мұсылман дүниесін қатты құрметтейтінмін. Бұлар бізден де мәдениетті, тәрбиелі деп ойлайтынмын. Үңіліп қарасақ, қазақтан еш артығы жоқ, тіпті көп тұстары кемшін. Мысалы, кейбір бауырлас халықтар дастархан үстінен аттап жүре береді. Сен қай қазақты көрдің ішіп отқан асын аттап өткен? Біздің көшпелі өркениеттің керемет қырлары өте көп. Мысал үшін, қазақтың кез келген ырымын алып қара, әр қайсысында үлкен философия жатыр. Олар тұрмысқа еніп кеткелі сонша, кейде өзіміз байқамай қаламыз. Ал соның бәрі біздің оқымаған, бірақ дала дарыны болған ата-бабамыздың айтып кеткендері ғой. Мен малшының баласымын. Бала күнімізден қой бағып өстік. Өрістен ауылға қой ауар кезде бүкіл айналаны тазалап, ошақты көміп кетуші едік, тек қойдың қиы ғана қалатын. Ал ол қыста отынға тамыздық, — деп сөзін түйді де, жазушы қатты жөтеліп, тамағын кенеп алды. Өйткені, сарықырап жатқан арықтың шуылы жазушы сөзін естіртпей жатты. Сондықтан қаттырақ сөйлеп отқан жазушының тамағы қарылды, білем.40497513_2117639191897616_2957302566339215360_n
Мен Жұмабай ағама әрірекке барып, шағын саябақ ішіне енуді өтіндім. Сөйтіп, жаңа орынға жайғастық. Айнала тынышталғандай. Қарсы алдымызда кітап оқыған бойжеткен отыр. Аңғарып қарасам, қолындағысы – австралиялық жазушы Грегори Дэвид Робертстің “Шантарам” деген туындысы.
Мен жазушыға бұрылып, “Шантарамның” қысқаша мазмұнын баяндап бердім. Бұл әңгімеде автор өзінің бастан кешкен оқиғасын жазған. Шытырманға толы оқиға тек желісімен қызықты болуы мүмкін, ал оқырманға керемет тәлім-тәрбие береді дей алмаймын. Әрине, бұл менің ғана пікрім. Дегенмен, көкейдегі негізгі мәселе ол емес. Бізді мазалайтыны, қазақ жастары неге қазақтың емес, өзгенің әдебиетіне әуес. Мен “Шантарамның” фабуласын айтып болған соң жазушы не сұрағым келгенін білді. Білді де, былай деді:
-Шындығын айтсақ, өзіміз кінәліміз. Кейде өте биік ойламыз да, жастардың ішінде не бар, талғамының қандай екенін ұмытып кетеміз. Әлем әдебиетіндегі өзгерістерден бейхабармыз. Мына қызымыз оқып отырған жазушы Хемингуэйден немесе Бернард Шодуан артық емес шығар. Хемингуэйдің өзі «Нобель» сыйлығын алып отырып, "таусылдым" деп қатты күйзеліске ұшырайды. Ақыры немен тыңғанын білесің. Қазіргі қазақ әдебиетінде оқырман қалауын қанағаттандыратындай дүние жазылып жатқан жоқ. Жұрт жаппай оқитын шығарма жазылмады соңғы жылдары. Өзіңмен кездесуге келе жатқанда ойыма бір нәрсе түсті. Жазушы бір сәтті дүние жазады. Бірақ сондай туындыны қайталау өте қиын. Көбісі барлық шығармасын керемет деп ойлап жаза береді, жаза береді, соңында бетімен кетіп қалады. Одан асыру деген жоқ. Өйткені, біздің түбімізге өтірік мақтау жетіп жатыр. Байқаусызда көп адам үлкен классик болып кетті. Мұхтар Мағауиннің: «Мен мықты деп жүрген адамдар шындығында ондай емес екен», — деген сөзі бар. Кезінде Достаевский орыс әдебиетін шет ел қалай оқитынын зерттеп, «Дневник пистаеля» деген дүние жазды. Оның зерттеуінше, мына жұрт Тургеневті түсінбейді екен. Ал бізге қазақты өзгенің түсінгені керегі жоқ. Біз жапондар құсап өзіміздікін жазуымыз керек. Әлемге әдебиет арқылы қазақтың мінезін көрсетуіміз керек. Онсыз жеке ұлт бола алмаймыз. Мысалы, дүние жүзінде көшпенді цивилизацияны ең көркем баяндаған Әуезовтің «Абай жолындай» әдебиет жоқ. Мысалы, Әбдіжамал Нұрпейісовтің «Соңғы парызы» мен Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» – үлкен бір кезеңді қорытып бере алатын шығарма. Бірақ біздің әдебиетте туындының ескіріп қалатыны жаман. Сол заманның ғана өлшеміне шақ келеді. Ал Толстойлардың «Соғыс пен бейбітшілігін» оқып отырып, өміршең екендігін көресің. Бір мысал келтірейін. «Соғыс пен бейбітшілікте» Наполеон Польшада Неман өзенінен өткелі жатады. Сонда поляк әскерін басқаратын бір командир Наполеонның көзіне түскісі келіп, ұландарды өзеннен өткіземін дегенде қатты ағын жүздеген адамды алып кетеді. Ал Наполеон оған назар салмайды да. Міне, біреуге жалтақтау, көзге түсу, ұпай жинау сынды жаман қасиеттер қай уақытта болсын адамзаттың түбіне жетіп келеді. Ал турасында жаңағы командир ұлтының жауы, қылмыскер ғой. Қаншама әскерді қырып салды. Бұл біздің қоғамда да бар. Сонау жоғарыдан басталатын қасиет. Толстой осындай дүниелерді жазды… Рас, біздің әдебиеттің жүгі ауыр. Заманында тарихшылар, саясаткерлер айта алмаған ақиқатты жазушылар айтты. Әдеби шығарманың дені тарихи шындыққа құрылды. Оның себебі белгілі. Кеңес Үкіметі тұсында қазақ ұлтының тарихын болашаққа қалдырып кетудің басқа жолы жоқ еді. Кезінде Оралхан Бөкей мен Төлен Әбдік басқаша бұлқынып көрді. Бұл қалыпты бұзып, жаңа әдебиетті қалыптастырғысы келді. Кейбір тұстарда сәтті шықты. Бастысы, талпыныс болды, бірақ ізін жалғар жазушы табылмады. Қазір де сол бұрынғы модельден шыға алмай келеміз. Екіншіден, оқырман өзгерген. Шындығын айту керек, қазақ әдебиетінің бүгінгі халі кісі қуанарлықтай емес. Өйткені, кітап оқитын адам жоқтың қасы. Бір-екі адамның оқығаны жеткіліксіз, ұлт жаппай оқуы керек. Біздікілер кітап оқыған күннің өзінде өзге елдің дүниесін оқиды. Қазір қоқыстан кітап көрем. Анау-мынау емес, ұлы жазушылардың керемет туындыларын көзім шалады. Оқушы мәдениетінің көрінісі осы. Әдебиеттің қасиеті қашты. Бала күнімізде біздің ауылға Тахауи Ахтанов жиі келіп тұратын. Бір келгенде көлігі бұзылып қалыпты. Сонда біз, әдебиетті жақсы көретін екі-үш бала, зыр жүгіріп, ананы-мынаны жөндеп, жәрдемдесіп жібердік. Арада біраз жыл өткесін Алматыдағы кездесулердің бірінде әңгімелесіп тұрғанда: «Тақа, осынша жыл бұрын осындай ауылда көлігіңіз сынып қалып еді ғой, есіңізде ме? Сонда екі-үш бала сізді танып, көмектесіп едік. Қазір сол ауылға барсаңыз сізді ешкім біле қоймас», — дедім. Мен ол кісіні кемсітейін немесе басқа арам оймен айтпадым, тек қазақтың ақын-жазушыға деген қазіргі құрметін, оқырманның деңгейін танытқым келді. Тақаң оны бірден түсінді…
Әңгіме осымен аяқталғандай болып еді, бірақ мен тағы тыңдағым келді. Уақыт та біраз жерге таяп қалыпты. Жазушының әлі де көп дүние айтқысы келетінін сезгендей, бір-екі сұрақ қойып үлгердім. Сәл үнсіздіктен соң: “Жазушылар әдетте адалдықты, сұлулықты, батырлықты көп суреттейді. Ал өзінің болмысы сол жазған дүниесіне сай болуы шарт па?” — дедім.
— Өнер деген өлшеусіз нәрсе. Бұл – Жаратқанның берген сыйы. Кезінде Абай туралы да қаншама сөздер айтылды. «Іші жау, сырты күлмек», — дейді Абай. Осындай бір өлшемдерге қарасаң, адам сыртынан неше түрлі айтыла береді. Жер басып жүрген соң бәрі пенде. Кіршіксіз таза болып қалу қиын, әрине. Жазғаны мен өзінің өмір сүру салты өзгешелеу жазушылар көп. Кончаловский орыста ақылды адам көп емес дейді. Ол ақылдылар тізіміне Чеховты, Достаевскийді қосады да, Толстойды қоспайды. Сонда ақыл дегеннің басқа стандарты бар ма деп қаламын. Кейде өте талапшыл болып кетеміз де, өзгені көп жазғырамыз.
— Қазіргі жазып жүргендерден кімді атар едіңіз, аға? — дедім дереу.
— Классиктер бар шығар, мүмкін біз көрмей жүрміз. Бірақ баға беру тағы да қиын. Ешкімді ерекшелеп айта алмаймын. Әуелі, сын керек. Сын шынайы болмай, керемет дүние шықпайды. Ал қазақта сыншы болу өте ауыр жүк. Қазір біреудің кемшілігін айтшы, арты дұшпандыққа ұласып кетеді. Бұл ахуал әбден асқынып, ауруға айналған. Қазір жазғанын тек мақтап отыру керек. Мысалы, біз Төлен Әбдік сияқты адамдарды әулие тұтудың орнына, басқаларды насихаттап жүрміз… Ал басқалар Мемлекеттік сыйлықты да алып жатыр, басқасын да алып жатыр… Оларды қанша сынасаң да былқ етпейді. Қазақ “борсықты ұра берсең семіреді” дейді ғой, сол секілді…   
Осымен түйіндедік. Біраз нәрсе айтылды. Одан ары қазбалаудың да ретін көрмедім. Әңгімеміз дереу басталып, тұңғиығына түсіп кеткеніміз соншалық, хал сұрасып, танысып та үлгермеппіз. Сосын көшемен аяндап, жөнімді айта бастадым.
 
Әңгімелескен Кенже ҚОНЫСБАЙ
Қостанай-Алматы-Қостанай

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓