Арқалықта ет комбинаты іске қосылады

Арқалықта көптен күткен ет комбинатының құрылысы аяқталды. Бұл өңірде осы салада жиырма жылдай уақыттан кейін болып тұрған жанданыс.
Әлеуетті жобаны Елбасы Н. Назарбаев алдағы Тәуелсіздік күні қарсаңында өтетін тікелей эфирде телекөпір арқылы іске қосады деп күтілуде.
Осыған орай облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы жұмыс сапарымен Арқалық қаласына келіп, кеңейтілген кеңес өткізді.20181120_162237
Кеңеске облыстық басқармалар, мекемелер және ұйымдар басшылары, Аманкелді, Жанкелдин, Наурызым аудандары мен Арқалық қаласының әкімдері, Ақмола облысының Жарқайың және Есіл аудандары, Қарағанды облысының Нұра және Ұлытау аудандары әкімдерінің орынбасарлары мен өкілдері, ауылдар мен ауылдық округтер әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары, аталған өңірлердің ауылшаруашылық тауар өндірушілері және БАҚ өкілдері барлығы төрт жүздей адам қатысты.
Жаңа ет өңдеу кешенінің іске қосылуы — тек Арқалықтың ғана емес, тұтас Торғай өңірі яғни, көршілес Аманкелді, Жанкелдин, Наурызым аудандарының да мал шаруашылығын дамытады деп жоспарланған. Сол себепті де аталған жоба Қостанай облысының кәсіпкерлігін қолдау Картасына енгізілген. 
Бұл инвестициялық жоба жылына мың тоннаға дейін ет өңдеуге мүмкіндік береді. Демек, ауылшаруашылығы мал өсіруге негізделген Қостанай облысының оңтүстік өңірі үшін маңызы жоғары болмақ.  
Кешенді іске қосуға мемлекет тарапынан да үлкен қолдау болды. «Торғай Ет» ЖШС жобаны жүзеге асыру жолында құрылыс жұмыстарын жүргізіп, мал сою алаңына, шұжық дайындауға, консерві жасауға арналған қондырғыларды және тоңазытқыш құрылғыларын әкеліп орнатты. Қасапханаға жылу, су және кәріз жүйесі тартылды. Мұның барлығы қомақты қаражатты талап ететіні белгілі. Осы ретте инвесторға «СПК «Тобыл» АҚ — арқылы жеңілдетілген қаржы берілді. 20181120_162253
Ет өңдеу кешені толықтай іске қосылған уақытта жылына 500 тонна шұжық өнімдерін, 350 тонна ет консервілерін және 150 тоннаға дейін жартылай дайын өнімдерді шығаратын болады. Бұл жобаның бірінші кезеңінен ғана күтілетін нәтиже. Екінші кезеңде, яғни 2019 жылдың күз айларында 3 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланған. Бұл өз кезегінде Арқалықтың ет экспорттау қабілетін арттырып, нәтижесінде Қостанай, Астана және басқа да өңірлерге дайын өнімдерді саудаға шығаруға мүмкіндік бермек. Одан бөлек, бүгінгі күннің өзінде дайын өнімді көршілес Қытай еліне экспорттау үшін серіктес іздеу жұмыстары қолға алынып отыр. Мұнымен қоса осында өндірілген өнімді тұрақты түрде өткізу мақсатында ҚР Қорғаныс Министрлігімен консерві өнімдерін жеткізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау жөнінде алдын ала келісім жасалған.   
Бұл жоба арқылы көптеген тұрғындар тұрақты жұмыс орынымен қамтылады. Өзін — өзі жұмыспен қамтушыларға да оң әсерін тигізеді. Атап айтсақ, мал ұстаушы шаруашылықтарға өнімін тұрақты түрде өткізетін орын болады. 
Күн тәртібіндегі бір мақсат — өңірде мал шаруашылығын дамыту. Кеңесте баяндама жасаған облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Жансұлтан Таукенов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды иновациялық даму басқармасының басшысы Иса Құдабеков, Арқалық қаласының әкімі Эльдар Күзенбаевтар ата кәсіпті дамытуға аймақтың қай жағынан болмасын мүмкіншілігінің мол екенін тілге тиек етті.
Жарыссөзге шыққан Қостанай облысының құрметті азаматы, Жанкелдин ауданындағы "Сыма К" шаруа қожалығының құрылтайшысы Кәкімжан Кәрбозов, Аманкелді ауданынан "Жұман" шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Мырзакеев, Арқалық қаласынан "Сұңқар" шаруа қожалығының басшысы Бердібек Ғабдолалар тың бастаманы бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.
"Арқалықта тұз бен қанттан басқасының бәрін өндіруге болады. Ол үшін мол ізденіспен тынбай еңбек етуіміз қажет. 
Арқалыққа қашанда қолдау болады. Боксит кені сарқылғанмен қаланың құлдырауына жол берілмейді. Кеншілердің жұмысты түгесуіне әлі талай уақыт бар. Қазылған кен орындарынан шыққан топырақтар тегістелетін болады. Босаған нысандарды өзге мақсаттарға жарататын боламыз. Сондықтан, өзге аудандарда тынысы ашылмай тұрған кәсіп көздерін Арқалыққа әкелу керек. 
Іске кешенді түрде кіріскеніміз жөн. Жолдарды жөндеп, келешекте Астананы және еліміздің өзге аймақтарын дайын өніммен қамтитын боламыз", — деді Архимед Бегежанұлы кеңеске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.
Облыс әкімі сапар барысында қаланың бірқатар бизнес нысандарының тыныс — тіршілігмен де танысты.
 
Мұрат Жүнісұлы,
Суретті түсірген автор.
Арқалық қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓