«Ұлт» ұғымын қалай түсініп жүрміз?

«QazTalks» азаматтық қоғамның екінші ашық конференциясы өтті. Оған саясаткерлер, тарихшылар, философтар қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойларды өрбітіп, көпэтносты мемлекетте ұлттың біртұтастығын, мәдениетін сақтау туралы көзқарастарымен бөлісті.
 Облыстық ішкі саясат басқармасы мұрындық болған конференцияда басқарма басшысы Марат Жұрқабаев модератор қызметін атқарып, спикерлерге сөз кезегін ұсынып отырды. Бұл жолғы талқылауға үш спикер шақырылған болатын. Алғаш болып сөз бастаған тарих ғылымдарының кандидаты Валерий Вишниченко қазақстандық біртұтас қоғамды қалыптастырудағы Елбасының қызметін ерекше атап өтті. 
IMG_9414
-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің алдымызда көптеген күрделі мәселелер шешуін күтіп тұрды. Солардың бірі де бірегейі – Қазақстан қоғамы қалай дамиды? Көпұлтты қоғам ба, әлде бірұлтты қоғам ба? Бір шаңырақ астына топтасқан қазақ ұлты мен өзге этностар арасындағы қарым-қатынас қалай өрбімек? Қазақстанның ұлттық мәдениетін дамытуға өзге этностар қандай үлес қоспақ?  Мінекей, бізге осындай маңызды сауалдарға дер кезінде жауап беру қажет еді. Сындарлы шақта біз уақытында жауап бердік және дұрыс таңдау жасадық. Біздің таңдауымыз – толеранттылық. Біз Қазақстанда мекендеп жатқан өзге этностардың өткен тарихын сыйлауды, құрметтеуді баста мақсат тұттық. Жауапты сәтте жасалған батыл да дұрыс қадам ел бірлігінің нығаюына септігін тигізді,-деді В.Вишниченко.
Тағдыр тауқыметімен елімізге келіп, қазақ даласында өріс кеңейткен өзге ұлттардың диаспораларына барынша құрмет көрсетілуде. Ұлтаралық қатынастар саласында жүргізіліп отырған осындай мемлекеттік саясат барлық этникалық топтардың дамуына қолайлы жағдай туғызып отыр. Осындайда Елбасының: «Келісім мен бірлікті қай этностың өкілі екеніне қарамастан еліміздің әрбір азаматы көзінің қарашығындай сақтауы керек. Өйткені Отанымыздың, әрбір қазақстандықтың игілігі мен келешегі соған тікелей байланысты» деген сөзі еске түседі. Конференцияның спикері Валерий Вишниченконың пікірі де осы ойлармен үндесетін секілді. Талқылаудың келесі қатысушысы, тарих ғылымдарының докторы, ҚМПУ ректоры Еркін Әбіл ұлт түсінігіне қатысты ой-пікірін ортаға салды.
-Қазақ қоғамында 1991 жылдан бастап, мүмкін одан ертерек шығар, ұлт түсінігіне қатысты дау тоқтар емес. Ұлт деген этникалық феномен бе? Әлде азаматтық феномен бе? Қазақ ұлты немесе қазақстандық ұлт дегеніміздің қайсысы дұрыс?  Бүгінде рухани жаңғыру жөнінде көп айтып жатырмыз. Рухани жаңғыру деген — ең алдымен сананың жаңғыруы. Ал енді ұлттық сана деген не? Ең алдымен осыған түсінік бермей, рухани жаңғыру туралы айту қиындай түспек. Рухани жаңғыру туралы айтқан кезде, тек қана қазақтың этникалық жаңғыруын көбірек қозғаймыз. Елімізде басқа да этнос өкілдері бар ғой. Санамыздың жағыруы тек ғана қазақтарға қатысты емес, жалпы бүкіл қазақстандықтарға қатысты. Ұлт деген тек ғана этникалық құбылыс емес. Сонымен бірге әлеуметтік, азаматтық құбылыс. Осы екі көзқарасты қалай біріктіруге болады? Оны бір-біріне қарсы қоймай, басқаша деңгейде көтеру керек,-деді Еркін Аманжолұлы.
IMG_9442
Бұдан соң кезек үшінші спикерге — «Тілдарын» облыстық клубының мүшесі Наталья Рамазанова берілген болатын. Жастардың атынан сөз алған Натальяның мемлекеттік тіл туралы айтқан пікіріне көпшілік қошемет білдіріп, қол соқты.
-Мен қосымша білім беру саласында жұмыс істеймін. Яғни, балалар тәрбиесі. Балабақшадағы балғындарды күн сайын бақылай отырып, олардың мемлекеттік рәміздерді білмейтінін аңғарамын. Олар өз ұлттарының тіпті өзге этностардың мәдениетінен хабарсыз. Сол себепті, әрбір балабақшада Қазақстанда тұратын әрбір этностың ұлттық құндылықтарын насихаттауға арналған бұрыштар ашылса деймін. Өзім қазақтың келінімін. Жолдасым – қазақ. Ұлымның қазақ тілінде білім алғанын қалаймын. Алайда, балама орыс халқының әндерін де үйреткім келеді. Өйткені, ол анасының шыққан тегін ұмытпасын деймін. Баламның орыс немесе қазақ деп бөлінгенін құптамаймын. Ол өзін «қазақстандықпын!» деп атайтын болады. Біздің елімізде тіл мәселесі жоқ. Ондай мәселені мемлекеттік тілді білмейтіндер  шығарып жүр. Елбасы мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдайды жасап отыр. Біздің көпшілігімізде қазақ тілін үйренуге деген ниет жоқ,-деді Наталья Рамазанова.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓