Іркіліс жоқ, ілгерілеу бар

IMG_0165Сарыкөл ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы көңіл көншітерлік. Өңір игілігі үшін тоғыз ай көлемінде атқарылған жұмыстар жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Оны аудан әкімі Эльдар Күзенбаев өңірлік БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Аудан экономикасының негізгі көрсеткіші – салық салынатын база мен бюджет кірісі. Тоғыз ай ішінде аудан қазынасы 500 млн теңгемен толыққан. Бұл – былтырғыдан әжептәуір көп сома. Ал мемлекеттік бюджет жоспары 117%-ке орындалған. Атап көрсеткенде, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау салаларына, ауданның инфрақұрылымдық дамуына қаржы жұмсалды. Аудан экономикасының ең тегеурінді саласы, әрине, ауыл шаруашылығы. Бұл саланың биылғы жемістерін де Э.Күзенбаев жіпке тізе өтті.
— Өсімдік шаруашылығының жалпы өнімі 10 млрд 054,6 млн теңгеге шақ болды. 26 ЖШС, 643 шаруа қожалығы дән септі. Жалпы егін алқабының ауқымы – 346,9 мың гектар. Ал жиылған астық көлемі – 461,5 мың тонна. 5 мың гектар жерге жаңа сұрыпты тұқым себілгенін де айта кету керек. Мұны материалды-техникалық базасы сайлы "Мелитопольское", "НұрАйгерСК" ЖШС-тері іске асырды, — деп баяндады ол.
Мал шаруашылығы да табысты еселеді. Айталық, сүт өндірісі 4,1%-ке, ет өндірісі 0,7%-ке артқан. Түлік пен құс түрінің барлығында да бас өсімі бар. "Сыбаға" бағдарламасы арқылы 46 бас ІҚМ-мен өңір өрісі толыққан. "Іскер" бағдарламасына қатысқандар 42 бас ұсақ малды қораға енгізді. "Құлан" бағдарламасы бойынша 35 жылқы сатып алыныпты. Шаруалардың мұндай белсенділігінің артуына Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы септік тигізіп отыр. Оның ішінде, "Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған қаржы қоры" ҚФ мен "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ игілік жасады. Қарқынды индустриялы-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жөнінен де сарыкөлдіктер құр алақан емес.
— 808 млн теңгенің 3 жобасы Индустрияландыру картасына еніп, 75 жаңа жұмыс орны пайда болды. Олар – мал шаруашылығы бағытындағы екі "Арыстан ПК" ЖШС мен Яновский ЖК. Оның сыртында сомасы 1 млрд 657 млн теңгелік 21 жоба іске қосылды. Жыл аяғына дейін егін шаруашылығына қатысты екі жобаның қатарға кірігетінін тағы айтайық, — деді Э.Күзенбаев. — Ал шағын және орта бизнеске қашанда назар бөлініп келеді. Бүгінде олардың саны 1149-ға жетіп отыр. Бұл – "Бизнестің жол картасы-2020" және "Қос қолдау" бағдарламаларының жүзеге асырылу нәтижесі.
Өзге де салалардың өрісі кең. Шолақ шолғанда, 6 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған, Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 1342 шаршы метр аумаққа үй салынған, жалпы саны 202 жаңа жұмыс орны ашылды, мектептер жанынан жаңадан 18 шағын орталық құрылды. Әсіресе, ең жанды мәселе – ауызсумен қамту шаруасы шешімін таба бастады.
Облыстық деңгеймен қарар болсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша халықты ауызсумен қамтуға соңғы екі жылда 8,3 млрд теңге бөлініп, 15 ірі жоба қолға алынған еді. Бүгінде 9 елді мекенде құбыр тарту толық аяқталып, халық бағдарлама игілігін көрді. Қалған 6 нысанда құрылыс жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Мінекейіңіз – ауызсудың азабынан құтылғандардың бірі – ауданға қарасты Тәгіл ауылы. Мұнда «Нұрлы жер» арқылы 229 млн теңге бөлініп, 220 абонент орталықтандырылған су желісіне қосылған. Осылайша, бүгінде 23 мыңға тарта тұрғыны бар аудан халқының 88 пайызы таза су тұтынып отыр.  
– Бағдарлама арқылы Златоуст елді мекеніне су тарту жоспарда тұр. Оның жобалық-сметалық құжатына 20 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сараптама аяқталғасын жұмыстар басталады. Жобаның жалпы құны – 780 млн теңге. 40 шақырымдық құбыр тартылып, 308 абонент таза суға қосылады, — деп сөзін түйді аудан басшысы.  

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓