Көшімбек кесенесі жөнделді

Қазақстан Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында ата-бабалар қолымен жасалған  құндылықтарды сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуді алға қойғаны белгілі. Шындығында да, кең-байтақ еліміздің қай жерінде болмасын, тарихи-архитектуралық ескерткіштер баршылық. Аманкелді ауданында да мұндай бағалы ескерткіштер жоқ емес. Солардың бірі – Көшімбек би кесенесі. Бұл кесене 1925 жылы салынған. Оны өз қолымен салған Көшімбектің белбаласы, кезінде Торғай революциялық комитетінің төраға-сы болған Сейітқасым Көшімбекұлы. Бұл ескерткіш өткен ғасырдың 80-нші жылдарында құлауға шақ қалған еді. Кезінде ол туралы біз облыстық газет бетінде мәселе көтерген едік. Жергілікті тарихшы әрі қаламгер Едірес Байділдин марқұм сол мақаланы қолдап, Үрпек ауылының біраз адамын ұйымдастырып, кесенені жөндеп шықты. Енді міне, арада 40 жылдай уақыт өткенде кесене аза бастады. Осыны өз көзімен көрген Үрпек ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Жақыбаев жақында ауыл азаматтарын ұйымдастырып, кесенеге жөндеу жүргіздірді. Қашан жөндеу аяқталғанша өзі басы-қасында болды.IMG_20170817_170804-1
Жөндеу жұмыстарына құрылыс материалдарын сатып алып, апарып беруге және жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге Үрпек ауылдық округіндегі "Дария" шаруа қожалығының төрағасы Серік Төлекбаев демеуші болды. Ол өзінің техникасымен барлық материалдарды Аманкелдіден 55 шақырымдағы "Көшімбек Обалысына" жеткізіп берді. Жөндеу жұмысын Аманжол Асанбаев бастаған білікті құрылысшылар жүргізді. Осылайша, олар кесененің барлық бұзылған жерлерін қалыпқа келтіріп, жөндеп шықты.
Көшімбек би кесенесі Аманкелді селосының оңтүстігіндегі Жыланшық жолымен олай-бұлай жүрген жолаушыларға алыстан көрініп тұрады. Жұрт оны далада тұрған бағдаршам деп есептейді. Кейбір адасқан адамдар Көшімбек кесенесін көргеннен кейін жолды тез тауып алады.
Ал Көшімбек би кім еді? Ол – атақты Иман батырдың немересі. Балық Иманұлының белбаласы. Жазушы Бақыт Имановтың атасы. Кезінде Аманкелді батырдың құнын Әбдіғапар әмірден өндіріп алған әділ би. Өкінішке қарай, кейбіреулер осы тарихи оқиғадан аттап өтіп, батырдың өлімін әлі күнге 100 жылдығы биыл тойланып жатқан  Алаш қайраткерлеріне жауып жүр. Оны үрлеп, қасақана қоздатушылар да жоқ емес. Амангелдінің өлімі – қазақтың билік жолымен 1919 жылдың жазында анықталған. Билікке   Торғай елінің сол кездегі белгілі ақсақалдары мен ел ағалары қатысқан. Сонда Көшімбек би мәселені талқылай келе, қара қылды қақ жарып, әділ шешім жасаған. Батырдың құнына Әбдіғапар әмірден 100 жылқы өндіріп алған.  Кінәсін мойнына қойған. Бұл жөнінде қазақ әдебиетінің классиктері Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің "Амангелді" тарихи очеркінің "Құн" деп аталатын бөлімінде жан-жақты жазылған. Ал осы өлімді Алаш қайраткерлеріне жабу – қазақ большевиктері әдейі қолдан ұйымдастыр-ған әрекет. Олар осы жолда неше түрлі өтіріктерге барған. Бірақ, жапқан жалаларын алаштықтардың мойнына қоя алмаған. Еш-қандай нақты дерек-дәйектері болмаған. Ал Көшімбек би батырдың өлімін құныкердің мойнына қойған.
Көшімбек би кесенесін жөндеп шыққан Үрпек ауылы азаматтарына және округ әкімі Ғалымжан Жақыбаевқа батыр елінің халқы дән риза.
Көшімбек би Балықұлы – 1852 жылы туып, 1925 жылы өз ажалынан қайтыс болған. Биыл оның туғанына 165 жыл толып отыр. Алла қаласа, 5 жылдан соң 170 жылдығы болады. Осыған орай иманды іс жасаған үрпектіктердің бұл қадамы құптарлық әрі әділ биге көрсетілген құрмет деп білеміз.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓