Жамбастағы оқпен 73 жыл жүрген

Ұлы Отан соғысы жылдарының естеліктерін оқып отырсаңыз, таңдай қағып, таң қаларыңыз анық. Өйткені, оқ пен оттың ортасында небір жантүршігерлік оқиғалар болған. Кейінгі ұрпаққа ертегідей елестейтін майдангерлер өмірінен тағы бір ерекше жайды баяндамақпыз. IMG_0675Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабай Қазиевтың денесінде 73 жыл бойы оқ жүрген. Тоқсан үш жасқа аяқ басқан ақсақал биылғы шілде айында ота жасатып, жамбастағы жаудың оғын алдыртты.IMG_0665
IMG_0667Ардагер 1925 жылы қазіргі Науырзым ауданының Қайғы ауылында туған. Сегіз жасында анадан айырылып, әкесі Қазидың тәрбиесімен өскен. Қазақ тарихында ерекше таңба қалдырған ашаршылық бұл отбасыны да айналып өтпеді. Нәубеттен енді ес жиып, еңсе көтере бастаған елге 1941 жылғы соғыстың хабары ауыр тиді. Балтабай ақсақал 1943 жылдың жазында, он сегізге толар-толмас шағында әскерге алыныпты. Алғашында Челябі облысының Шұбаркөл жеріндегі 13-полк сапында екі айлық оқу-жаттығудан өтеді. Шұбаркөлден шыңдалып шыққан әскер II-Украина майданындағы 68-ші гвардиялық дивизияның 20-шы атқыштар полкына қосылады. Жауынгер сол кездегі, қауіп-қатермен бетпе бет келген сәтті ұмытқан емес. Бастапқыда Дарницы қаласын, Букрин және Лютех плацдармын жаудан азат етіп, артынан Киевті босату үшін болған ұрысқа қатысады. 1943 жылдың қараша айында құрамында Балтабай Қазиев жүрген Кеңес әскері Украина астанасынан фашистің 15 дивизиясын қуып шықты. 
1944 жылңы 4-ақпан күні жаумен кескілескен ұрыстардың бірінде жауынгер Қазиев ауыр жараланыпты. Қатарынан екі оқ тиген, денесіне сынық-жарықшақтары кірген. Иегіне кірген сынықтан сөйлеуге мұршасы келмей, жамбасынан жараланады. Сол күйі есінен танып, бірнеше күн жатыпты. Комиссиның тексерісінен кейін ұзақ уақыт Львов, Дрогобыч, Киев, Житомир, Майкоп, Краснодар, Кисловодск қалаларының госпитальдарында жатып емделеді. 1944 жылғы ұрыста жамбасқа тиген жау оғы ардагердің денесінде қалып қойған. Кейіпкеріміз жамбастағы оқты жастықтың лебімен елемесе керек. Бертін келе, жүріп-тұруы қиындай бастаған соң Астанадағы дәрігерлерге қаралған. Биылғы шілде айында Астанадағы Ұлы отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталінде жатып ота жасатыпты. Он минутқа созылған отаның нәтижесінде ардагердің жамбасынан ұзындығы 3 сантиметр болатын оқ алынған.IMG_0668Бүгінде майдангердің жағдайы жаман емес. Қостанайдағы үйінде күтініп жатыр. Қалалық ауруханының бөлім меңгерушісі Айдар Ракишов соғыс ардагерін өз қамқорлығына алыпты. Майдангердің үйіне күн сайын мейірбикелер келіп, жарақаттың орнын тазалап, таңып береді. 
Тән жарасы жазылса, тыртыққа айналар, соңынан ізі қалар. Мәңгі ұмытылмайтыны – жан жарасы шығар. Ұлы Отан соғысы талай отбасыларды жылатты. Қаншама боздақ соғыстан елге қайтпады. Кейбір отандасымыздың сүйектері қайда қалғаны беймәлім. Нағыз қасірет – сол. 
Отан үшін отқа түсіп, елі үшін ерлік жасаған ардагер Балтабай Қазиұлы соғыс енді болмасын деп тілейді. IMG_0678-Біздің бәріміздің тілегіміз, мақсатымыз бір еді. Ол – бейбітшілікті сақтау, туған жерді, елді қорғау. Бала-шағамыздың амандығы, болашағы үшін кеудемізді оққа тостық. Шүкір, көптің тілегі қабыл болды. Қазақстанымыз дүние жүзі алдында мәртебелі мемлекетке айналды. Елорда төрінде «ЭКСПО-2017» көрмесі өтіп жатыр. Мұндай тамашаны біз бұрын соңды естіп, көрмеген едік. Бұл көрме қазақтың беделін көтереді деп сенеміз. Қазақ халқы осы бейбітшілік заманға дейін не көрмеді?! Бұдан былай заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын,-деді ақсақал Б.Қазиев. 

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓