«Торғай» тарихын ақын жазбақ

IMG_2484Таяуда белгілі ақын, Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлын әдеттегідей  туған жерде жолықтырдық.  Елге үнемі келіп тұратын ақыннан осы жолғы  сапарының себебін сұрап, әңгімеге тартқан едік.
– "Торғай туралы танымдық кітап жазып жатыр" деп естідік…
– Астанада "Фолиант" деген баспа бар. Сол баспа "Менің Отаным – Қазақстан" сериясымен кітаптар шығарып жатыр. Еліміздегі тарихи жерлердің бүкіл болмысын беретін кітаптар жүйесі.  Мысалы, Сарыарқа өңірінен "Ұлытау" деген кітап шықты. Одан кейін батыстан "Ойыл", оңтүстіктен "Қазығұрт", "Отырар" деген кітаптар шықты. "Қарқаралы", "Баянауыл", "Ерейментау"деген кітаптар да жарық көрді.  Ол кітаптар өз өңіріне кең тарап, оқырмандарына жетіп жатыр.  Сол серияның қатарында  Торғай тұр.  Оны баспа маған сеніп тапсырып отыр. Ұсыныс маған қарай жасалғасын  туған жерімнің тарихынан тартынбай, сол кітапқа кірісіп жат-қан жағдайым бар.
–  Тарихи деректерді жинау оңай емес шығар?..
–  Ресейдегі Орынбор деген қалаға барып тұрамын. Үш рет бардым. Төртінші рет бару жоспарымда тұр. Бүкіл біздің тұнған тарихымыз, тағдыр болмысымыз бәрі Орынбор тарихында, Орынбор құжатында, мұрағатында сақталған. Оның бәрін алу деген оңай шаруа емес. Ол үшін бірнеше рет бару керек.  Қарауға аз уақыт беріледі. Көшіріп қана алатын жағдайың бар. Оның бәрін заңдастырып қойған. Көп мүмкіндік бермейді. Архивтегі дүниелерін тарихи құндылық санайды. Мәселен, Кейкі батырдың басын ала алмай отырмыз. Оны үлкен құндылық деп есептейді. Кенесарының басын тіпті, көрсетпей қойды. Мемлекет басшыларының келісімімен болатын жағдай. Алтынсаринге байланысты қаншама тарихи деректер таптым. Шақшақ Жәнібекке қатысты, тағы да сол сияқты осы Торғайдың төсінде өткен оқиғаларға байланысты тың мағлұматтар алдым.
– Торғай тарихын түгендеу де  ауқымды  іс. Көп тер төгуге тура келетін шығар?..
–  Иә, "Торғай деген Жанкелдин, Аманкелді аудандары, Арқалық қаласы" деп ойлайтынымыз бар. Арғы құжаттар-ға үңілсең осы күнгі Қостанай облысының тұтас аумағы, арғы Ресейге қарай Челябінің ормандарының ішіне еніп кетесің. Анау, Орынбор аумағы өз алдына. Мына жағы Тро-ицкіге барып тірелесің. Осының бәрі бұрын "Торғай даласы" деп аталған. "Торғай даласының жері" деп патшалық Ресейде солай жазылған. Ақ-төбенің бірер аймақтары кіріп кетеді. Міне, сондай даң-ғайыр керемет дала "Торғай даласы" аталған. Кез келген төбенің басындағы зиратты ашып қарасаңыздар, қопарсаңыздар қазақтың сүйегі жатыр. Атаудың бәрі қазақтың атауы. Кейін тың көтеруде өзгертіп жіберді ғой көне атауларды. Сонда "Бұл Торғай жері, Торғай даласы, қазақтың Торғай деген елі" деп дәлелдеп, осы Қостанай облысын Челябіге қосылып кетейін деп тұрған жерінен, негізінен алғанда мынау Қостанай облысының осы күнгі Тобыл өзенінің арғы бетін, соны Ленинге бедел салып аман – есен алып қалған Ахмет Бай-тұрсынов қой. Елей бермейміз, бұл деректі жұрттың бәрі біле де бермейді.  Тарихта ол кісілер бәрін анықтап, бұның бәрі Торғай даласы екенін дәлелдеп жазады. Әбілқайыр ханның сүйегі осы Торғай жерінде жатыр. Алаш тарихының қырлары мен сырлары осында. Ахмет Бірімжанов Қазан университетін қызыл дипломмен бі-тірген. Ленинмен бірге оқы-ған. Бұл дала сондай дала. Сондықтан, бұл кітаптың мақсаты сол Торғай даласының тарихы есебінде болмақ. Оның шегі сібір ормандарына дейін жалғасады. Міне, тор-ғайдың танымдық кітабының рөлі осылай болуға тиіс. 
–  Кейде ойлап отырсақ, осындай киелі жердің бір түлемей қалуы мүмкін емес секілді?
– "Қазақ жерінің әрбір тасы қазақтың кеудесіне түйме болып тағылуы керек. Әрбір қойының жүні үстіне тоқыма болуы керек. Өзінің байлығы бірінші қазақ хал-қына қызмет етуі керек", – деп алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов жазып кетті.
Торғай жері тұнып тұрған байлық. Менделеев кестесіндегі тіпті, оған кірмеген жаңадан табылған дүниелердің өзі бар. Соны игергенде ғана      Торғай түлейді.
 Торғай жерінің табиғаты мал шаруашылығына аса қолайлы. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға, орталық қорғаныс өңірлерін шоғырландырып ұстауға болады. Теміржол тартылса, тынысы кеңейеді.
Мұрат
       ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суретте: Серік Тұрғынбекұлы, ақын, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты. 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓