Елбасыға тосыннан бата берген ақсақал (БЕЙНЕТАСПА)

Мына суреттен Әулиекөл ауданының тұрғыны болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, сол кезде сексеннің сеңгірінен асқан ақсақал Керей Атантаевтың Елбасының қолын алып, ақ батасын беріп жатқандығын көруге болады. Бұл сонау 1991 жылдың желтоқсан айында өтетін Бүкілхалықтық президенттік сайлауға он күн бұрын қалған сәт екен.
Елбасымыз сол уақытта сайлауалды бағдарламасымен Қостанай облысына келгенде,  Әулиекөл ауданының Сұлукөл кеңшарына да атбасын бұрған көрінеді. Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер болған Н.Ә.Назарбаевты қостанайлықтардың салтанатты түрде қарсы алып, кеңшардың тыныс-тіршілігінен хабардар еткен тарихи бейнетаспасы да бүгінде Атантаевтар әулетінің отбасылық мұрағатында сақтаулы. Керей ақсақалдың кіші ұлы Мылтыққали ағамыз алып келген бұл бейнетаспаның кейбір бөлігін біздің сайтымыздан да көре аласыздар.…Тұнған тарихты бейнелейтін бұл бейнетаспадан Н.Назарбаевты ұшақтан күтіп алу, дәстүрлі нан мен тұз ұсыну, облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралау, Сұлукөлдегі шаруашылықты таныстыру, кандидаттың ауыл конторының алдында ауданның әр түкпірінен жиналған тұрғындармен кездесуі сияқты көріністерді көруге болады. Сайлаушыларының алдында Н.Назарбаев та кең көсіліп, ашық әрі шынайы сөйлеуде. Ол жиналған жұртшылықты еліміз үшін бұл өзгерістердің оңайға соқпайтынын, бірақ мұның бәрі өткінші екендігін, сондықтан болашаққа сенімді көзқараспен қарауға шақыруда. Сондықтан да “Сенімді болсаңыздар, Назарбаевқа дауыс беріңіздер” дейді. Ең бастысы, бұл жерде Елбасының сөзін ұйып тыңдаған халықтың жүзінен СССР-дің құрамынан бөлініп шыққан Қазақ елінің жарқын болашағына деген нық сенімді көреміз.
 
 
Кездесу аяқталғаннан кейін жиналған халықтың арасынан “мен бір бата берейін, айналайын” деп бір ақсақал суырылып шығып, Назарбаевқа қарай беттеді. Нұрсұлтан Әбішұлы да “келіңіз, келіңіз” деп кішіпейілділік танытып жатыр. Өз бастамасымен ортаға суырылып шығып, ризашылығын бата арқылы жеткізгісі келген атамыз алақанды жайып жіберіп, болашақ Елбасыға ақ батасын жаудырды.
 
 
Бұл – Керей Атантаев еді. Ақсақал ол кезде 81 жаста болыпты. Әулиекөл ауданының Қырқуыс ауылының тумасы Керей ата сонау Ұлы Отан соғысы жылдары қан майданға да қатысқан екен. Ардақты ардагер соғыстан кейінгі жылдары жем-шөп тасымалдаушы болып еңбек еткен. Тоқсан жасында көз жұмған қария көзі тірісінде 10 немере, 23 шөбере, 2 шөпшек көрді. “Орнында бар оңалар” демекші, бүгінде ақсақалдың ұрпақтары жыл сайын 9 мамырда ата рухына тағзым етіп, дұға бағыштауды ешқашан ұмытқан емес…
Сонымен, көп ұзамай, 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел халқы қазақтың мың жылдық тарихында тұңғыш рет өз Президентін сайлады. Сонау сындарлы шақтағы сол қуанышты күндерді ел халқы да әсте ұмыта қойған жоқ шығар. Құдайға шүкір, бүгінде халықтың сол сенімі ақталды, бұл жерде елді тоқырау жылдары қиналтпай алып шығып, Қазақ елін әлемге танытқан тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының өлшеусіз еңбек сіңіргенін де ерекше атап өтуіміз керек.
Осы бейнетаспаны біздің редакциямызға алып келген ақсақалдың кіші баласы Мылтыққали да әкесінің көзі тірісінде еліміздің еңсесін тіктеп, мемлекетімізді мығымдап берген, Қазақ елін әлемге танытып, алаш баласының абыройын ақсақтатқан Елбасының ерен еңбегіне, еліміздің әр жетістіктігіне риза болып “Сол кезде менің берген батамның да септігі тиген шығар, әйтеуір Нұрсұлтан Президент болып сайланғанда мен ғана емес, бүкіл қазақ халқы қатты қуанды ғой. Патшамыз әрдайым жетістіктерден көрініп, еліміз көркейе берсе екен. Соғыс деген пәле ешқашан болмасын” деп үнемі айтып отыратын еді деп еске алады.
Иә, әр ауыл өзінше бір шежіре. Сондықтан да болар, Керей атаның ұрпақтары көзінің қарашығындай сақтаған бұл бейнетаспаны көре отырып, кейінгі буын біз де үлкен тарихтың кішкентай ауылдан бастау алғанына бір марқайып қалғандай болдық.
Қарлығаш ОСПАНОВА
"Қостанай таңы" сайтының қорынан

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓