Қала қардан тазарып жатыр ма?

Алты ай бойы қытымыр аяз бен ақтүтек бораннан көз ашпайтын арқа өңірі үшін биылғы қыс тіпті қаһарлы болды. Салдарынан, ауыл тұрмақ, облыс орталығының өзіне қар көп түсті. Сондықтан, мамандар мол түскен қар күрт ерісе, су тасқыны орын алуы мүмкін деген қауіптің де жоқ еместігін алға тартады. Көктемгі қызыл судың алдын алуға аймақ мамандары қазірден қамданып жатыр. Ал, тиісті мекемелер қаланы қардан тазартып үлгеріп жатыр ма? Біз бұл туралы Қостанай қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер  жолдары бөлімінің техникалық қадағалау секторының меңгерушісі Қанат Нұралиннен сұрап білген едік.
Бүгінде Қостанай қаласы бойынша “Таза жол”, “АБЗ+”, “Вескор”, “Конгломерат KZ” сияқты төрт бірдей мекеме облыс орталығын және қала маңындағы Қонай, Дружба, Ударник ауылдарын қыста қардан, жазда күл-қоқыстан тазарту жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі күні әрбір мекемеге бекітілген тиісті аумақтар бар. Белгіленген келісімшарт негізінде олар көшелерді тазартумен қатар, аялдама алаңдары мен жаяу жүргіншілер жолдарын, жол маңындағы, гүлзарлардағы тротуарларды қар мен мұздан тазалайды. Сондай-ақ қиылыстарға, аялдама алаңдары мен көше жолдарына инертті материалдар себу жұмыстарын да атқарады.IMG_6957
 
IMG_6960
IMG_6975-Бұл мекемелер ауа-райының қандай кезеңіне де дайын болуы керек. Ол үшін қажетті техникалары да бар. Тек, жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қарап, жұмысты сапалы деңгейде ұйымдастыра білсе болғандары. Көше тазалығына жауапты бұл кәсіпорындар қыс мезгілдерінде көктайғақтың алдын алу үшін тұз, құм сияқты материалдарды да төсейді. Қаланың тазалығына жауапты бұл мекемелердің жұмысы да оңай емес, әрине. Дегенмен, біз осының бәрін қадағалап отырамыз, — дейді Нұрлан Нұралин.IMG_6965
Соңғы аптада ұйтқыған ақтүтек боранның қаланың ішінде де жол қатынасына кедергі келтіргені рас. Бірақ, тиісті мекемелер дер кезінде жұмыла жұмыс жүргізіп, көшелерді қардан тазартып отырды. Себебі, коммуналшылар күні-түні дамылсыз жұмыс істеуде. Асылы, мекемелер жұмыстың көбін түнде жасайды екен. Өйткеніі, күндіз көлік көп, қар тасуға қолайсыз. Сондықтан, жұмысшылар түнгі сағат 12-ден бастап қар тазалауға кіріседі. Әсіресе, түнгі мезгілде 100-ден астам техника жұмылдырылатын көрінеді. Бүгінде қала көшелеріндегі қарды мердігер мекеме жұмысшылары арнайы техникалардың күшімен полигонға тасып жатыр. Нәтижесінде, бүгінге дейін 600-700 мыңдай текше метр қар шығарылыпты. Сондай-ақ, коммуналшылар су басу қаупі жоғары деген жеке сектордағы үйлердің қарын тасуға да көмек қолын созуда.IMG_6999
-Көбіне қаладағы жеке сектордағы үйлер қарымызды неге шығармайсыңдар деп хабарласады. Шындығында, жеке сектордағы үйлер өз аулаларындағы, үйлерінің маңайындағы қар мен күл-қоқысты өздері шығаруға міндетті. Біз тек су басу қаупі жоғары деген үйлердің қарын шығаруға көмектесеміз. Тұрғындар осыны түсінсе екен дейміз. Бүгінде біздің коммуналшылар қаладағы қардың біразын шығарды, осы айдың аяғына дейін қаланы қардан тазартып боламыз деген сенімдеміз. Әзірге үлгеріп жатырмыз. Алдағы наурыз айы қандай болады, оны бір Алла біледі. Қаланы қардан тазалап болған соң, су ағарларды ашып, күл-қоқыстан тазарту жұмыстары да қолға алынады, — дейді Нұрлан Маратұлы.
Осы орайда, мамандар көлік жүргізушілерін жолда мұқият болуға, қар тазалау техникаларына кедергі келтірмеуге, көліктерді жол бойында қалдырмауға шақырады.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓