Батыр ананың басты арманы..

Сарыкөл ауданы Ново-Урицк станциясында Гүлсім Әмренова есімді көпбалалы ана, "Алтын алқа" иегері тұрады.
Бүгінде  Әмреновтар отбасында 5 бірдей мүгедек жан тұрып жатыр. Көкірегі қаяулы, жаны жаралы жандардың жасын анасы Гүлсім мен қызы Жұмакүл сүртіп, жүрек жылуын беріп, қолдан келгенше бағып-қағып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жастары да біразға келген. Олардың бәрінің де диагнозы бір. Ақыл-естері дамымай қалған. Екеуі балаша еңбектеп жүрсе, енді біреуі қол арбаға таңылған. Ал, қалғаны сөйлей алмайды. Мінекей, осындай жандардың  бар  екенін көріп, бұл да бір Алланың сынағы екендігіне шүбәсіз иланасың. Иланғаннан бұрын,  іштей қиналасың… Еріксіз жүрегің елжірейді.Әмреновтар отбасыАзық-түлік қымбаттаған мынау заманда бір үйде мүмкіндігі шектеулі 5 адамды бағып-қағу оңай емес, әрине. Мемлекеттен берілетін мүгедектерге арналған зейнетақы қай жыртығына жамау болар дейсің.
– Осы балаларым үшін өмір сүріп келемін. Өзімнің зейнетақым мен оларға алатын мүгедектік жәрдемақысы  келер айға дейін зорға жетеді. Қазір бәрі қымбат. Бұлар үлкен адамдар ғой, күніне үш-төрт мезгіл ас-сулары, памперсі бар. Құлыншақтарымның қызығын көретін шақта күніміз осыларды бағумен өтіп жатыр.
Балаларымның бір-біреуі жұмыс істесе, айына жүз мыңнан табыс табатын жандар ғой. Өкінішке қарай, осындай мүшкіл халде отыр, – деп бір күрсінді  кей-уана.Гүлсім Әмренова 2Шындығында, мүм-кіндігі шектеулі жандарды бағып-қаққанда кәдімгі жер үйде тұру аса қиындық тудырады. Себебі, арнайы жуынатын бөлмесі мен дәретханасы жоқ. Оның үстіне қыстың күндері отын мен көмір тасу, пеш жағу секілді машақаты тағы бар. Тағдыр тауқыметіне шыдап отырған ана бізбен әңгіме барысында қаладан арнайы пәтер ауадай қажет екендігін  айтып қалды. Бұл оның басты арманына айналғанын да жасырмады.
– Осыдан 5 жыл бұрын бұрынғы облыс әкімінің қабылдауында болып, бір бөлмелі пәтерге қолым жетті. Алайда, ол үй бір-ақ бөлме болғандықтан, оның үстіне 4 қабаттан бұйырғандықтан, бас тартуға тура келді. Себебі, 6 баламен бір бөлмеге сыйып, 4-қабаттан қатынау қиынға соғатын еді. Оның үстіне ол үйде мүм-кіндігі шектеулі жандарға жағдай қарастырылмаған болып шықты, – дейді Гүлсім әже.
Айта кеткен жөн, ауданда көпбалалы ананың жағдайына бей-жай қарамайтындар да бар. Сарыкөлдің жомарт жандары мен мешіт жамағаты көмек қолын созып тұрады. 
– Мереке күндері ылғи жақсы адамдар келіп, көмегін беріп кетеді. Осындай ересек мүгедектерге қарап отырған соң мені аяйтын да шығар. Қиыншылық кезінде бізге жомарттық жасап, қол ұшын беретіндерге ақ батамды айтып отырамын, – деп өз-өзін жұбатқандай болады ол. 
Жалпы, Гүлсім апа жарық  дүниеге 14 сәби әкелген алтын құрсақты ана. Оның 7-і мүгедек болды (біреуі кішкентай кезінде, біреуі өскенде көз жұмды), қалған 7-і  дін  аман.  Ананың  ай-туынша, мүгедек балаларының туғанда бәрінің де дені сап-сау болған. 4-5-сыныпты өте жақсы бағамен бітірген. Содан кейін бірінен соң бірі осылай болып қала берген.
– Әкеміз Бағытжан осыдан жеті жыл бұрын өмірден озды. Біздерді анамыз екеуі бағып-қақты ғой. Ол кеткеннен кейін балаларды мынадай жағдайда бағу кәрі анамызға өте қиын болды. Сондықтан, өзім солардың қасына келдім.
Бір күнде 5 адамның тамағын әзірлеп-ішкізу, киім-кешектерін жуып-кигізу және далаға шығарып, қайта кіргізу  – үлкен мәселе. Оларды моншаға апару да қиын. Белім ауырады.
Мүгедек бауырларымның үлкені елуден асып, кішісі қырыққа қадам басқанымен, оларды бала секілді күтуің керек. Ол үшін мемлекеттен ештеңе төленбейді. Азғантай ғана жәрдемақылары бар. Әйтеуір, солардан қолым тигенде арасында жалдамалы жұмысқа шығып  тұрамын. Қаладан жайлы пәтерге қолымыз тезірек жетсе екен. Сонда кішкене болса да, көмек болып қалар еді, – дейді бауырларын балаша күткен Жұмакүл Әмренова.
Айтпақшы, кезек демекші, Әмреновтар отбасының қалаға үй кезегіне тұрғанына 12 жылдың жүзі болыпты. Бүгінде көпбалалы ана дәрежесі бойынша 580-інші, ал, мүгедек балалар есебі бойынша 2040-ыншы кезекте тұр. Жұмакүл апаның айтуынша, кезектің тасбақадай жылжитын түрі де жоқ.
Өмір бойы бауыр еті балаларының сауығып кетуін тілеп келген батыр ананың  арманы – қаладан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы  баспанаға  қол жеткізу. Олай болса, ана тілегі қабыл болады деген үміттеміз…
 
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓