Жер мәселесі талқыланды

Бұл жолғы облыстық қоғамдық кеңесте бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, нормативтік құқықтық актілердің жобасы қаралды.
Алдымен, қоғамдық кеңес мүшелері бұған дейінгі мәжілісте атқарылған іс-шараларының барысын мәлімдеді. Әсіресе, облыстық мәслихатпен, әкімдікпен бірлесе отырып шешкен жұмыстардың нәтижелі болғандығын, ендігі жерде қоғамдық кеңестің жеке сайты ашылып, кез келген уақытта кеңес жұмысына қызығушылық танытатын жандар болса сол сайт арқылы танысатынын жеткізді Валерий Вишниченко.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біз – кеңес мүшелері жақын арада мектептегі оқу жылының ұзартылуы әрі үш тілді білім берудің енгізілуі мен медициналық сақтандыру мәселесіне тоқталып, жан-жақты талқылаймыз,– деп, кезекті жоспарларымен таныстырған кеңес мүшесі Валерий Вишниченко алдағы мәжілісте «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын «Союз-2» ғарыш кешенінің зымыраны қалдығын Тосынкөл кластеріндегі «Алтын дала» табиғи резерватына қарасты жер бөлімшесіне құлату жөніндегі мәселені де қарастыратынын жеткізді.
Мәжілісте алдымен өткен күндері ғана Елбасы Н.Назарбаев мараторий жариялаған Жер кодексінің бірқатар нормаларына қатысты мәселелер талқыға түсіп, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Абдуовтың баяндамасы тыңдалды. Ол ауыл шаруашылық жерлерінің сату мен жалға берілуі жайында халықтың қызу талқысына түскен мәселені жан-жақты қарастыратынын, кешегі Елбасы тапсырмасына байланысты үкіметте арнайы комиссия құрылып, өңірден Еңбек Ері әрі облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сайран Бұқановтың сол комиссияға мүше болғанын айтты.
– Бұл даудың халыққа дұрыс әрі нақты, жан-жақты түсіндірілмеуі себебінен туғанын айтпасқа тағы болмайды. Бұған біздің де кінәміз бар. Енді, міне, комиссия құрылып, барлығы тиянақты түрде шешіледі деп үміттенеміз,– деп Нұрлан Әбдірахманұлы одан әрі өңірдегі жер қатынастарының мәселелеріне тоқталды.
Қазір өңірде ауылшаруашылығына қарасты бірде-бір жерге қытайлықтардың иелік етпей отырғанын, кейбір шаруалар өздеріне тиесілі ұлан-ғайыр егіс алқабын дұрыс иеленбей, тіпті, егін екпесе де салығын төлеуге қауқарсыздық танытып жатқанын жеткізді. Сондай шаруалардың біраз жерлері сот арқылы мемлекет меншігіне өткенін баяндады.
– Мемлекет меншігіне өткен сол жерлерді енді тиімді пайдаланып, өнім алып, ел игілігіне жаратып, қолынан іс келетін шаруаларға беру керек. Әрине, кейбір инвесторлар жерді аз уақытқа жалға алудан қашады. Себебі, әбден күтім көрмеген жерді бірден өнім күшін көп береді деу мүмкін емес. Сондықтан да олар үшін жалға алуды ұзақ жылға созған әлдеқайда тиімді,– деді басқарма басшысы.
Бұған кеңес мүшелері әртүрлі пікір айтып, кейбірі Қазақстанды шетелмен салыстыруға болмайтынын, бұған менталитетіміздің келмейтінін дәлелдеп жатты. Десек те, республикалық комиссияның құрылғанын, қалған жерде солардың жерге қатысты пікірлерін сараптап, толық тиянақты шешім шығаратынына сенім білдіру қажет.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓