Даланы дүбірге бөлеген

           Меңдіқара ауданына қарасты «Қарқын агрофирмасы» ЖШС-інің диқандары көктемгі егіс жұмыстарын бастап кетті. Шаруашылық жыл сайын 20 мың 500 гектар алқапқа дән сіңіреді. Оның 5,5 мың гектары зығыр, күнбағыс, рапс тәрізді майлы дақылдардың еншісінде. Серіктестік директоры, Қазақстанның Еңбек Ері  Сайран Бұқановтың айтуынша, комбаиндар 100 %-ке, ал тракторлар 90 %-ке жаңартылған. Жақында 42 млн.теңгеге  тағы канадалық техникалар сатып алыныпты. Жанар-жағар май қоры жеткілікті. Тұқым бар. Бір сөзбен айтқанда, егістік жұмыстарын уақытылы аяқтауға барлық мүмкіндік жасалған.IMG_9463
          Аманбай Біралин «Қарқын» ЖШС –інде төрт жылдан бері бөлімше басқарады. Оның қарамағында күні бүгін 45 адам тұрақты еңбек етеді. Солардың бірі — кезінде талай рет еңбек озаты атанған кәнігі механизатор Рамазан Бәсенов. Социалистік Еңбек Ері, даңқты жерлесіміз Кәмшат Дөненбаевамен бір қатарда тер төккен тыңгер. Ол трактор руліне отырғалы қырық жылдан асыпты. Тәжірбиелі маман өз білгенін кейінгі жастарға үйретуден әсте жалыққан емес. Ал жас механизатор Ербол Нұрханов  биыл алғаш рет К-700 тракторын тізгіндемек. Ербол да әкесінің еңбек жолын жалғастыруға ниетті.
           Жалпы, «Қарқын» серіктестігінде Рамазан сияқты кәсіби мамандар көп. Мәселен, ұзақ жылдардан бері дала төсін дүбірге бөлеп келе жатқан  Марат Қанжығалиев,Сағындық Жақыпов, Иван Блохин, Берік Нұрханов, Игорь Иванов, Кәдіржан Қиялов есімді озат механизаторлар  агрофирманың мақтанышына айналған.
          Шаруашылық басшысы  Сайран Бұқанов биыл астық шығымы жаман бола қоймас деп отыр.
         -Біз жылда жиырма мыңнан астам гектарға егін себеміз. Оның 17 мың.гектарына ылғал сақтау технологиясы қолданылады. Агрофирмаға қарасты алқаптың бәрі құмайт жерлер. Сондықтан, далада су болғанмен, дәл қазір біздің танаптардың топырағы шығып жатыр. Оның үстіне соңғы үш жылдың бедерінде маусым айында бірде-бір тамшы тамған жоқ. Егер маусым айында жаңбыр болса, онда егін болады. Қазір, майлы дақылдарды егіп жатырмыз. Ал, 20 мамырда  бидайды бастаймыз. Ауа-райы осы қалпында тұрса, егіс науқанын 1 маусымға дейін аяқтаймыз.
          С.Бұқанов ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді  әртараптандыру саясатын әркез қолдайды.  Өйткені, тауарөндірушілер үшін бидайдан гөрі майлы дақылдардың тиімділігі өте жоғары. Мәселен, рапс 70 %, күнбағыс 51 %  пайда түсіреді. Ал бидайдың тиімділігі бар болғаны 21 % қана. Елімізде майлы дақылдар алқабын ұлғайтуға не себепті көңіл бөлініп отырғандығы осыдан-ақ түсінікті болса керек.
        — Бір қынжылтатыны, біз майлы дақылдардың тұқымын шеттен сатып аламыз. Ол кез келген шаруаның қалтасын қағады. Бағасы  қымбат. Мысал үшін айтайын, бір егістік кешендегі бірлік  200  АҚШ долларына тең.  Егер тұқым  өзімізде шығарылса, онда  шаруаларға  көп жеңіл болар еді,-дейді серіктестік басшысы.
 
 
Айбек КӘДІРҰЛЫ.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓