Жағдай тұрақты бақылануы тиіс

        Биыл қыста жауған қардың диқандарға көп көмегі тигелі тұр. Шаруалар астық шығымы жаман бола қоймас дегенді айтады. Облыс диқандары үстіміздегі жылғы дала жұмыстарына дайын отыр. Қолдағы техниканың бәрі дерлік жөнделген.
       Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, ағымдағы жылы мемлекет тарапынан тұқым сатып алуға 450 млн.теңге субсидия берілген. Бүгінде осы қаржыға барлығы 5 млн.тонна сапалы тұқым алынды. Жағдай барлық ауданда бірдей емес. Мәселен, бірқатар  аудандағы шаруашылықтар әлі күнге қозғалыссыз отырған көрінеді.
        -Жерді мақсатты пайдалану үшін топырақтың құнарлылығын арттыруға 12 мың 600 тонна минералдық тыңайтқыштар алу жоспарланған. Әзірге, ауылшаруашылық кәсіпорындары тек сегіз мың.тонна тыңайтқыштың қаржысын төледі, ал жеткізілгені алты мың.тонна ғана. Аманкелді, Жанкелдин, Сарыкөл, Науырзым, Қамысты аудандары әлі қам-қаректсіз отыр,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде.
       Соған қарамастан, облыс ауылшаруашылық тауарөндірушілері көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде 1 млн. 870 мың гектар алқаптың ылғалы жабылды. Егістік бастарына 72 мың. тонна тұқым әкелініп, 11 мың гектардың басым бөлігі өңделді.
       Ғ.Нұрмұхамбетовтың сөзінше, солтүстіктегі төрт ауданның егістік алқаптары — шылқыған су. Соған қарағанда, бұл өңірде биыл науқандық жұмыстар тағы кешеуілдетіле ме деген қорқыныш та жоқ емес. Мәселен, Ұзынкөл ауданында 20 000 га, Сарыкөл ауданында 15 000 га, Қостанай ауданында 15 000 гектар алқабы суға малшынған. Бір ғана Федоров ауданының Камышин селолық округіне қарасты 3 000 гектар егістікке маңайлау мүмкін емес.
       -Аудан әкімдері жағдайды анықтауы тиіс. Егер қажет болса, инвентаризация жүргізіп, тиісті шараларды қолға алғаны жөн,-деді Ғ.Нұрмұхамбетов.
        Яғни, қандай жағдай туындамасын, егістік көлемін азайтпау керек. Сәйкесінше, парға қалдырылған жерлерді пайдаланған жөн. Оған арпа, сұлы, бір жылдық шөп тәрізді жемдік дақылдар егу тиімді.
 
Айбек КӘДІРҰЛЫ
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓