ҚЫТАЙЛЫҚТАР КӨЗ ТІККЕН . . .

      Безымянный
       Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған жекешелендіру мәселесі – бүгінгі күннің басты бағдарламасына айналғандай. Ел экономикасын дамыту, мемлекеттік-жеке кәсіпкерлікті нығайтуға бағытталған шараға қатысуға шақырған билік –  бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасауға тырысып-ақ жатыр. Тіпті, ел Президентінің өзі әр жиынында қазақстандық қалталы азаматтарды жекешелендіруге қатысып, отандық бизнестің дамуына сүбелі үлес қосуға қол бұлғауда. Нәтижесі – жаман емес. Басылым беттерінде тізбектелген Үкіметтің балансындағы әлеуметтік, стратегиялық, білім мен  бизнес нысандарының бірқатары жаңа қожайындарын тапты.
     Қазақстандағы жекешелендіруге жатқызылған нысандардың қытайлықтарды да қызықтырып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл жөнінде, Елордасында өткен екі ел арасындағы экономикалық-саяси қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жиын барысында белгілі болды. Қытайдың еліміздегі елшісі Чжан Ханьхуейдің айтуынша, күншығыс елінің кәсіпкерлері Қазақстандағы жекешелендіруге жатқызылған нысандар жайында көптеп ақпарат сұратуда. Қысық көз кәсіпкерлер – қазақ елінің экономикасына қаржы құйып, құрылыс саласына жан бітірмек ниетте.
      «Tengrinews.kz» агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ, еңбек демалысын өз елінде өткізген елші қандас кәсіпкерлерімен кездесу барысында, олардың қазақ еліне деген қызығушылығын аңғарыпты. «Жекешелендіруге ұсынылған нысандар, олардың құрылымы, жергілікті биліктің жүргізіп отырған саясаты мен осы бағыттағы заңдардың барлығы да қытайлықтардың назарынан тыс қалмады. Қытай компаниялары Қазақстандағы белгілі нысандарға ерекше назар аударуда. Тұщымды ақпарат жинағаннан кейін, кәсіпкерлердің Қазақстанға келеріне сенімдімін» — дейді, ҚХР Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуей.
     Үстіміздегі жылы қытайлықтар қазақстандағы экономикалық үлес салмағын арттыруды жоспарлаған. Осы бағытта қазақстандық кәсіпкерлермен бірлескен бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. Атап айтқанда, жалпы құны 24 млрд. АҚШ долларынан асып жығылатын 52 жоба қолға алынады. Екіжақты келісімге қол жеткізген жағдайда, жыл соңына дейін бірлескен істердің еселенері анық. Бұған елші нық сенімді.
    Соңғы кездері қытайлықтардың шетелдік бизнеске ерекше назар аударып отырғанын аңғару қиын емес. Мәселен, өткен жұмада Португалияның белді футбол лигасы күншығыс елінің компаниясымен ерекше келісім жасады. Екі жақты келісімге сай, лигадағы он футбол командасының әрқайсысы құрамына қытайлық бір-бір ойыншыдан қабылдауға міндетті. Осы үшін, Португалияның аяқдоп саласына ауқымды қаржы құйылды. Дәл осындай жүйемен Бразилияда да қытайлықтардың біраз уақыт жаттыққанын айта кеткен абзал. «Қытайдағы футболды жандандыру мақсатында» деген желеумен жасалып жатқан іс-әрекетті әр елден аңғаруға болады. Тағы бір мысал – Испаниядағы «Атлетико» командасынан кейін «Эспаньол» футбол тобының акциясының тең жарымы қытайлықтардың қолына өтті. Каталондық команданың 50 пайыздық акциясы үшін, Қытай тарапы 178 млн. еуро аударған. Мұның үстіне жыл сайын 40-45 млн. еуро қаржы құюға міндеттеліп отыр. Есесіне, аяқдоп шеберлері қытайлықтарды доп тебуге үйретуі тиіс.
      Күншығыстан құйылған қаржыны аңғарған «Валенсия», «Вильярреал», «Барселона», «Барса» іспетті футбол командалары да екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға тырысып жатыр. Жергілікті ақпарат құралдарына сүйенер болсақ, Испаниядағы белді 20 клубтың 16-сы түрлі бағытта қытай қаржысына қол жеткізген. Айтулы елге жыл сайын шамамен 100 млн. еуро шамасында ақша құйылады.
       Тіпті, атағы жер жарған «Милан» футбол командасы да Қытаймен әріптестік қарым-қатынасын нығайтуға тырысуда. Күншығыс елін өздеріне қарату мақсатында, атақты топ үш жыл ішінде сол жаққа өздерінің 350 жаттықтырушысын жіберуді жоспарлаған. Германия, Англия, Чехия мен Голландия футбол командалары да, Қытай қаржысынан қашып жатқан жоқ.
      Айтулы дода әлдеқашан әлемдік деңгейде саясаттанып кеткен. Осыны ескерер болсақ, күншығыс елінің жұмыр жер бетіндегі мүддесін спорттың осы түрімен шешуге тырысып жатқанын аңғару қиын емес. Қытайдың ауқымды құйылымы спорт, әлеумет, бизнес саласы арқылы әлемді баурап жатыр. Ал, біздің астықты аймаққа қытайлық қаржы агроөндірістік кешенмен келуі тиіс. Бұл жайында былтырғы жылы Тобыл өңіріне табан тіреген қытайлық топ сөз қозғаған болатын. «Zhongfu Investment Group Limited Company» қоры майлы дақылдарды мұқият өңдеуге мүмкіндік беретін жоғары сапалы компанияның іргесін қалауды жоспарлаған. Көзделіп отырған инвестиция көлемі, шамамен, 500 млн. АҚШ долларын құрайды.
      -Қытайда май өндірісінің 80%-ы импорттық ресурс ретінде іске асады. Үкіметтің екпін қойғанына қарамастан, бүгінгі таңдағы азық-түлік майының тапшылығы 20%-ды құрайды. Қытай үкіметі өсімдік майы өндірісін күшейту турасында шешім қабылдап отыр. Сондықтан, біздіңше, осы бағытта инвестиция құюға ең лайық таңдау – осы Қостанай облысы – деген еді, жергілікті билік өкілдерімен кездескен  «Zhongfu Investment Group Limited Company» қорының  өкілдері. Машина құрылысы саласында да ауыз толтырып айтарлықтай келісімдер жасалды.
Қытайлық экспансия мұнымен тоқтамауы тиіс. Алда, жекешелендірудің жаңа толқыны. Мұндай мүмкіндікті көрші елдің бизнес өкілдерінің қалт жібермесі анық. Ендеше, кәсібіңіздің басында бір қытайлық тұрса, таң қалмассыз, ағайын…

Жұматай Кәкімжанов

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓