Шекара айқындау жұмысы әлі де жүргізілмек

2011 жылғы маусым айынан бері өңірдің Ресей мемлекетімен шектесетін аумақтарына шекаралық белгілерді қою үшін демаркациялық (айқындау) жұмыстардың басталғаны белгілі.
Бұл жұмыстардың дені қазір бітіп қапты. Мұның мәнісін облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Абдуов аппарат мәжілісінде баяндап берді.map_kz
– 2005 жылы мемлекеттік шекараның барлық ұзындығы бойынша делемитациялау (белгілеу) жүргізіліп, екі елдің (Қазақстан-Ресей) парламенттерімен келіссөз болып, 1310 шақырым жер ұзындығы бекітілді. Біздің өңірдің үлесіне тиесілі сол 1310 шақырымды құрайтын жер көлемі 8 ауданмен түйіседі. Атап айтсақ, Жітіқара, Қамысты, Денисов, Таран, Қарабалық, Федоров, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандары,– деп Нұрлан Әбдірахманұлы Ресейдің Орынбор облысымен 206 шақырым, Челябинск облысымен 841 шақырым, Қорған облысымен 263 шақырым жердің шектесіп жатқанына тоқталды.
Бағзыдан ауылы аралас, қойы қоралас көршіміз Ресей мемлекетімен шекаралық аумаққа белгілер орнату үшін жұмыс тобы құрылғанын, оған «Казгеокарт» РМКК-ның мамандарымен бірлескен нәтижелі жұмыстар атқарылғанын да әңгімелеп берді басқарма басшысы.
Бірақ, қанша дегенмен де жүргізілген бұл жұмыстардың әлі де шикілеу тұстарын байқап отырғанын, әсіресе, шекараны нақты орнату үшін 100 метрлік жолақ өткізу үшін республикалық бюджеттен 70 млн. теңге сұраған басқармаға тапсырма жүктеді.
– Әрине, шекаралық аумақты айқындау үшін біраз істі тындырғандарыңды жақсы түсінемін. Бұл әлгінде айтқан 8 ауданға қатысты болып отыр. Енді осы жұмыс жайында нақты сараптама керек. Ол бар ма? Мәселен, шекаралық аумақта егіндік, шабындық алқаптар бар. Сол жер учаскелеріне жолақ өткізгенде шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылық  тауар өндірушілеріне қаншалықты шығын келмек? Әрбір гектарын анықтадыңыздар ма?– деді Архимед Бегежанұлы.
– Гектарын анықтамадық, яғни, жоқ. Дегенмен, 250 жер учаскесі бар. Есептегенде 70 млн. теңге қаражат қажет,– деп жауап қатты Нұрлан Абдуов.
– Сіз алдымен, есеп-қисабын анықтап алыңыз. Облыстың да шығынын біліңіз. Өйткені олар (шаруа қожалықтары) біраз жерлерінен айрылып қалады ғой. Барлығын бүге-шүге қарастырыңыз. Тіпті, ескертіп қойыңыз жер учаскесі барларына. Жеті өлшеп, бір рет кескен жөн мұндайда,– деп өңір басшысы басқарма басшысының шекаралық аумақты анықтаған кейбір мәліметінің әр түрлі екендігіне де тоқталып, сын да айтты.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓