Заман талабы – технологияларды жетік меңгеру

Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев Рудный индустриялық институтында болды.
Сапардың басты мақсаты аймақтағы мемлекеттік индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысымен және кадрларды даярлаудың жай-күйімен танысу. Солтүстік Қазақстандағы инженерлік-техникалық кадрларды даярлайтын бірегей білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл қуантарлық.

IMG_2451

Институт бәсекеге қабілетті маман даярлап қана қоймай, олардың өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуларына барынша жағдай жасап келеді. Оған оқу орнын бүге-шүгесіне дейін аралаған вице-министрдің өзі көз жеткізді. Тахир Оспанұлы институттың бірқатар зертханаларында болып, ғалымдардың өнертабысымен және гранттық қаржыландыру жобаларының орындалу барысымен танысты.
«Электр энергетикасы және жылу энергетикасы» кафедрасының 30-ға тарта зертханалық кабинеті бар. Экскурсия барысында Тахир Балықбаевтың оның 3-нде ғана болып үлгерді. Уақыттың аздығына қарамастан оқытушылар мен студенттер өздерінің инновациялық жабдықтарын көрсетіп, көрнекі стендтері мен макеттерін таныстырып жатты.

IMG_2471

-Бүгінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде бой көтеріп жатқан жаңа кәсіпорындар көп. Олардың толыққанды жұмыс істеп тұруы үшін алдағы 4 жылдың ішінде 60 мыңға жуық жұмысшы маман иелері керек. Заман талабы – технологияларды жетік меңгеру. «Жұмысшы маман» деген аты болмаса, қазіргі заманда жұмыстың көп бөлігі арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен атқарылады. Ал институтта студенттердің осы технологияларды меңгеруіне барлық жағдай жасалған екен, — дейді Тахир Оспанұлы.
Мәртебелі мейман жуырда ғана ашылған «Мәңгілік ел» орталығында да болып, студенттермен жүздесті. Орталықтың басты мақсаты қаладағы оқу орындар мен мекеме-кәсіпорын жастарының басын бір арнаға тоғыстырып, Елбасы қойып отырған межелі міндеттерді орындауға жұмылдыру. Вице-министр институттағы «Серпін» бағдарламасымен келген студенттерден жөн сұрасып, олардың қызықтырған сауалдарына жауап берді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓