Өндіріссіз өмір жоқ

Бүгінгі таңда елімізде өндіріс орындары мен кәсіпкерлікті дамытуға, жаңғыртуға, тауар нарығын кеңейтуге, бәсекелестікті арттыруға бағытталған жүзден астам мемлекеттік шара қолға алынған. Мұның барлығы қазіргі барлық жұмыс орындарын сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен серпін бермек. Үкіметтің осындай қолдауына біздің өңіріміздің кәсіпкерлері де ие. Бұл туралы дүйсенбі күні өткен аппарат жиынында облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк баяндады. Айтуынша, 2011 жылдан бастап жүзеге асырылған "Өнімділік 2020" бағдарламасы жаңа өндірістерді өмірге әкелсе, мемлекеттік бағдарламаны ұтымды пайдаланған кәсіпорындар да жоқ емес.
 
– "Титан" ЖЭК" ЖШС-нің жылыту қондырғыларының қуаттылығын арттыруды жаңғырту жобасы бойынша бөлінген 160,3 млн. теңгенің 96,3 миллионы игерілді. "Милх" ЖШС ұсынған заманауи өндірістік, басқару және маркетингтік технологияларды енгізу жобасы 4,9 млрд. теңгеге бағаланды. Ал "СарыарқаАвтоПром" ЖШС автокөліктерді құрастыру әдісі, шанақты дәнекерлеу және сырлау бойынша 10,9 млрд. теңгенің жобасын ұсынды, – деді С.Карплюк.
Сондай-ақ, елімізде отандық өндірушілерді қолдап, сыртқы нарыққа өнімдерді шығару, көптеген әкімшілік, бюрократиялық кедергілерді жою мақсатында "Экспортёр 2020" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерді қаржылық, яғни, шығынын өтеп беру және сервистік жағынан қолдайды. Аталған бағдарлама бастау алған бес жыл ішінде өндіріс орындарынан түскен құны 102,1 млн. теңгенің 40 өтінішін мақұлдаған.
Еліміздегі ұлттық валюта бағамының тұрақты болмауы кәсіпкерлердің алатын несиесіне де әсер етпей қоймайды. 2010-2014 жылдар аралығында өнім экспорттаушы кәсіпорындардың 55 жобасы мақұлданып, төленген субсидия көлемі 1 млрд. 83,8 млн. теңгені құрапты.
Бүгінгі таңда өңірімізде 44 мыңнан астам шағын және орта кәсіп субъектілері болса, оларда 160 мың адам жұмыс істейді. Былтыр аталған кәсіпорындардан бюджетке 22,8 млрд. теңге салық түскен. Кәсіпкерліктің дамуына "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы оң әсерін тигізуде. Соңғы бес жылда бағдарлама бойынша 399 жобаға 3,6 млрд. теңге төленген.
– Бағдарлама аясында он мыңнан астам жұмыс орны сақталып, екі мыңға жуығы жаңадан ашылды, – деді аймақ басшысының орынбасары. – Ал ауыл  халқының  екінші  деңгейлі  банктерден  несиеге қол жеткізе алмауы өзекті мәселе болып тұр. Мүлікті кепілге қоюдың машақатынан ауыл тұрғындары кәсібін бастап кете алмай отыр. Біз осыны облыстық деңгейде "Тобыл" ӘКК" АҚ-мен бірлесіп шешудеміз. Екі жыл қатарынан ауыл кә-сіпкерлерін қолдау бағдарламасы жүзеге асырылып, ӘКК жобаларды қаржыландыру жағынан же-ңілдіктер жасауда. 2015-2018 жылдарда корпорация аталған бағдарлама бойынша жыл сайын 50 млн. теңге бөліп  отырады.  Бағдарламаға  қатысушылар 3 млн. теңгеге дейін қаржыландырылады.
С.Карплюк алдағы кезеңдегі жоспарларды да атап өтті. 2015-2019 жылдары өндірістік  өнеркә-сіптердің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы металлургия, химия, мұнай талшықтары, машина жасау, құрылыс материалдарын шығару, азық-түлік өндіру қатарлы өңдеу салалары бойынша жүзеге асырылмақ. Біздің өңіріміз аталған салалардан қара металл, азық-түлік, автокөлік құралдары, ауыл шаруашылық техникалары мен құрылыс материалдарын шығаруға қауқарлы. Индустрияландырудың келесі бесжылдығында "АгромашХолдинг" АҚ мен "СарыарқаАвтоПром" ЖШС базасында машина жасау кластерін құру, құрылыс материалдарын өндіруді ұлғайту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту науқаны тұр. Ал жалпы облыс бойынша 2015-2019 жылдар аралығында құны 315,9 млрд. теңге болатын 11 жоба жүзеге асырылып, 3266 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Алайда әзірге Индустияландыру картасына кірмей отырған бірнеше жоба бар. Олар – инвестиция көлемі 3,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын (Eren Enerji Elektrik Uretim A.S. түрік компаниясы) бастапқы қуаттылығы 1320 МВт электр станциясының құрылысы, Жітіқара ауданында никель-кобальт рудасын қайта өңдейтін тау-кен өнеркәсібі. Оның инвестиция көлемі 130 млрд. теңгеге жуық. Сондай-ақ, Қостанай ауданындағы Ломоносов қазба орнынан темір рудасын шығару. Инвестиция көлемі шамамен 100 млрд. теңге.
 Аймақ басшысы Нұралы Садуақасов қазіргі елдегі жағдайдың құбылып тұрғанын, сол себепті әрбір аудан-қаланың даму көрсеткішіне мониторинг жасап, қадағалауға алу керектігін айтты. Қазір аудан-қала, ауыл басшыларының есептері аяқталды. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы жерде қалмау керек.
– Экономикалық тұрақсыздыққа қарамай, алдағы уақытта Қостанай облысында ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу салалары бойынша кәсіп-орындар құрылуы мүмкін. Ең бастысы, өндіріс салаларының былтырғы деңгейін сақтап қалуына күш саламыз. Ал шағын кәсіпкерлерге несие беру жолдарын оңтайландыру жөніндегі Елбасының тапсырмасы да назардан тыс қалмасын. Өткен аптадан бері қол қойыла бастаған меморандумдардың күшін сақтап, отандық өндірушілердің бір-бірімен сауда жасауы арта беру керек. Тағы бір мәселе,  алда  көктемгі егіс науқаны тұр. Осы мезгілде ауыл шаруашылық техникасы қосалқы бөлшектерінің қымбаттауына жол бермеуіміз керек, – деді Н.Садуақасов.
Қыдырбек
         ҚИЫСХАНҰЛЫ
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓