Қыста қардан, жазда жөндеуден арылмайтын – жолдар, жолдар . . .

Ресейліктердің «екі бәлекеті: жол және жол үстіндегі жындылар» деген сөзі біздің санамызға да сіңісіп кеткен сыңайлы. Екі елдің де маңдайындағы соры – қыста қардан, жазда жөндеуден арылмайтын жолы бар. Жыл он екі ай қайталанар бір құбылыс, жер қарайғаннан қазылып, қара күзге дейін жамалып жатқан жолдар, жолдар . . .
Жол жондеу
Биыл да сол! Мамыр айының шуақты бір таңында жұмысқа келе жатып, Баймағамбетов көшесіндегі «жол жөнделуде» деген белгісіне тіреліп, Алтынсарин көшесімен орағытуыма тура келді. Сөйтсем, қыс бойы жүрген көшеміздің қар астынан көрінбей келген бұдырлары бар екен, соны ретке келтіру мақсатында, жол біраз уақытқа жабылыпты. Жүрер жолымыздың жарқырап жатқанын көңіліміз де, көлігіміз де қалайды. Сондықтан да, аздаған қиындыққа (өзге көшелермен айналма жол іздеуді айтамын) шыдауды жөн көрдім. «Бұл – біздің көрер құқайымыздың басы ма?» — деген ой Абай даңғылы, Таран көшелеріндегі көлік кептелісін көргенде келген еді. Жол жөндеу жұмыстары Алтынсарин, Гоголь, Чехов көшелерінде жүргізіліп жатыр. Осының салдарынан, Баймағамбетов көшесінің Әл-Фараби даңғылы мен Таран көшесі қиылысында ұдайы көлік кептеліп тұрады. Әсіресе, таңертеңгі жұмысқа келер уақыт пен қайтар кезде Әл-Фарабидағы тізілген темір тұлпарлар бірінші емхананың тұсына дейін созылады. Қаланың қай қуысына қарасаңыз да, үй салынып, жол жөнделіп жатыр. Әрине, сүйікті шаһарымыздың инфрақұрылымының жаңарып жатқанына қуаныштымыз. Десек те, бір жолдың жыл сайын жаңартылып жатқан көріп, қайран қаласыз. Таран көшесі жыл сайын жөнделеді. Чехов, Герцен көшелерінің жаңартылып жатқанына да біршама уақыт өтті. Екі жыл бұрын Елбасымыздың келуіне орай жаңартудан өткен Дизель зауытының жолы да биыл жаңартылып жатыр. Мұндағы айналма жол тіптен, орағытып өтуге де жарамай қалыпты. Білікті мамандардың пайымдауынша, қысы қатты, жазы ыстық келетін Қостанай облысында жолдың жиі бұзылуы заңды құбылыс. Расымен де, қыстың қытымыр аязында қатып жатқан тас жол ауыр көлік өткенде, қақырап жарылатын көрінеді. Ал, күннің ыстығында қара жолдың үстінде көлік тұрмақ, жаяу жүргінші табанының ізі қалады. Мұндай жолдардың қандай талапқа сай жасалғанын түсіне алмай-ақ қойдым. Біздің жолдардың жарамсыздығы мен қыруар қаржының желге ұшып жатқаны жайлы айтпаған адам қалмаған шығар, сірә. Жасы мен жасамысы, оқушысы мен оқымыстысы да тас жолды мықтаудың түрлі әдістері мен жолдарын әлі де ұсынуда. Жақында, Шымкент шаһарын мекен еткен мектеп оқушылары да өздерінің инновациялық жобаларымен жолды қалай дұрыстауға боларын жаһанға жариялағаны ел есінде. Ғазиза мен Әйгерім есімді жас ғалымдар осы тың жобасының арқасында жөндеуден көз ашпайтын жолдардың қияметінен құтылуға көмектеспек ойда. Шымкенттің зияткерлік мектебінде 11-ші сыныпта оқитын балалар асфальттың арзан әрі төзімді түрін Семейде өткен ғылыми жобалар сайысында ұсынғанын еліміздің белді телеарналары жарыса хабарлаған болатын. Жолға төселетін бұл жабын жаңбыр мен еріген қар суын бойына сіңіріп, астына орнатылатын түтіктер арқылы ылғал сыртқа ағып кетеді. Авторлардың бұл жобаға кірісуіне жол жөндеуге кететін толағай шығын түрткі болыпты. Жас ғалымдардың зерттеуінше, тек соңғы үш жылда өткелдерді қалыпқа келтіруге 28 млрд теңге жұмсалған. Алайда, одан жолдың жыртығы азайған жоқ. Жас өнертапқыштардың есебінше, жоба жүзеге асырылған жағдайда асфальт 30 жылға дейін мызғымай тұрады. Ресейліктердің де осы бағытта бас қатырып, қыруар қаржыны жолдың жыртығын жамау мақсатында, шашып жатқанын айта кеткен жөн. Әрине, көрші елмен қоңсылас отырған қазақ елінің ауа-райы мен табиғаты, тіптен болмысы (менталитеті) бірдей болғандықтан, проблемаларымыз да ұқсас болар. Дей тұрғанмен, өзге көршіміз Қытайда жолдың жыртығын да, жол үстіндегі жындыларды да кездестіруіңіз неғайбыл. Ендеше, соларға қарап неге бой түземеске?!
Жұматай Кәкімжанов

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓