Жаса, Қазақстан!

Айналдым сенен, Атамекен-ай!
прогулка по СенеМенің бұл жолғы сапарымда қазақтың маңдайына біткен ерекше дарынды қызы Роза Рымбаеваның орындауындағы осынау ән бір сәтте санамнан кетпеді. Ұзыннан шұбатылып, көкжиекке жол тартып, созылып жатқан темір жолмен жүйткіп келе жат-қан поезд ара-тұра ышқынып қояды.  Ал, вагон іші абыр-сабыр жолаушы. Терезеден еліміздің жомарттығындай болған кең дала көзге ыстық болып көрінеді. Бағыт – Отанымыздың жүрегі іспеттес сан тағдырды тоғыстырған сәулетті шаһар Астана. Бұл қала да  маған ерекше ыстық. Себебі, менің Түркістан, Мекке мен Мединеге қасиетті сапарларым осы қаладан басталып еді.
Ал, қазіргі барғалы отырған мемлекет туристердің көп баратын орталығы деуге болады. Бұл қалаға жылына сырттан 29 миллион адам атбасын тірейді екен. Ол – талайдың арманына ай- налған Париж.
Осылай үлкен әсермен Елордаға да жеттік. Барлық жұмыстарымды аяқтап, визамды рәсімдеп болғанша түс ауды.
Кешкі үйге қайтатын поезға дейін жарты күндік уақыт бар.  Осы сәтті орайлы пайдалануды ұйғарып, Бәйтерекке қарай беттедім. Еліміздің тұрақтылығы мен бейбітшілігінің символына ай-налған алып ескерткіш менің жол сапарымды рәсімдеп жүрген виза орталығының тап жанында екен. Осынау қасиетті орынға жақындағанда тағы бір тамаша көріністің куәгері болдым. Астананы тамашалауға келген болу керек, нәрестесі бар жас ана серуендеп жүр екен. Ештеңеден алаңсыз сәби өзінің арбасында тәтті ұйқы құшағында жатыр. Ал қыдырып жүрген жас отбасының Астанаға деген таңданысын жанарларынан айқын сезінуге болады. Осы арада еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында өркендеп жатқан мемлекетіміздің күш қуатын ай-қын сезінесің. Белгіленген уақытта сүйікті қалам Қостанайдан жырақтап, Парижге қарай жол тарттым. Ол үшін   ұзақ жол жүру керек. Ресей арқылы Парижге жету керек. Осы тұста атақты композитор Ескендір Хасанғалиевтің "Қайда жүрсең Атамекен, Көкейіңде жатады екен",–  деп шырқалатын өлең жолдары арқылы сүйікті қалам Қостанайға деген сағынышымды басқандай болдым.
 
Әміре Қашаубаев ізімен
 Парижді бір көру менің бала күнгі армандарымның бірі деуге болады. Себебі, осынау қаланың сұлулығымен қатар, қазақтың күміс көмей әншісі Әміре Қашаубаевтың Париж жұртын таңқалдырған ерекше талантына тәнті болып өстім.
Әміре Қашаубаев 1921-1924 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы "Ес-аймаққа" мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің IV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен.
1925 жылдың 26 маусымында осы концерт жайында "Правда" газеті "Керемет концерт. Маусымның шыңы. Керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек биші-әншісі Тамара Ханум… шын мәнісіндегі халық артистері" деп жазды.
1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте "Ағаш аяқ", "Қанапия", "Үш дос", "Жалғыз арша", "Қос балапан", тағы басқа әндерді орындап, екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. "Париж апталығы" газеті мен "Ле мюзикль" журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шыр-қады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы кон-цертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс, тағы басқалар тарапынан жоғары баға алған.
А.В.Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан "Бал-қадиша", "Дударай", "Бес қарагер", "Көк көбелек" тағы да басқа әндерін жазып алған. Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А.В.Луначарский, Г.Любимовтар және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М.Әуезов, С.Сейфуллин,  И.Байзақов,  Ә.Марғұлан, Ж.Елебеков, А.Жұбанов, Қ.Жандарбековтер жоғары бағалаған.
1925 жылы  Әміренің   орын-дауында фонографқа жазылып алынған "Жалғыз арша", "Үш дос", "Ағаш аяқ", "Смет", "Дударай", "Бес қарагер" әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж.Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілген.
Әміре Қашаубаев орындаған қазақтың классикалық әндері ол айтқан үлгі-өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Мәдениет Ешекеев, Бекболат Тілеуханов сияқты жезтаңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап айтқан жөн.
Ә.Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданды. М.Әуезовтың "Еңлік-Кебек" трагедиясы алғаш қойылған кезде Жапал рөлін ойнады. Кейін М.Әуезовтың "Қаракөз", "Бәй-біше-тоқал", "Айман-Шолпан" спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрда әнші-әртісі болған. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера жөне балет театрына ауысты.
Міне, осындай дарын иесін Франция мемлекеті әлі де есте-ріне сақтайды. Оны осы сапар барысында анық байқадым. Сонымен қатар Париж тұрғындары Қазақстанның жетістігі мен Елбасының саясатынан жан-жақты хабардар.
Алда ел мерейін асқақтататын тағы бір  ірі көрме тұр.  Ол ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесі. Осынау ауқымды шараны ұйымдастыру құқығын жеңіп алу үшін біздің мемлекетіміз көптеген қиындықтар мен кедергілерді бағындырды. Ал Елордамызда өтетін бұл көрменің жөні бөлек. Себебі, ХХ ғасырда қазақтың Әміредей ұлдары Парижді бағындырып жатса, ХХІ ғасырда қазақтың бағына бұйырған бұл көрмеде еліміздің әлеуетін әлемге паш ететініне сенімдімін.
 
Ұрпақка жол ашқан тәуелсіз елім бар!
Қостанайда жақында физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылмақ. Қазақстандық білім беру жүйесін қаржыландыру басқа мемлекеттер таңғаларлықтай мемлекеттік бюджеттің 17 пайызын құрайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Мерейлі отбасы" жалпыұлттық алғашқы байқауының жеңімпаздарды марапаттау сәтінде "Біздің еліміз – бәріміз бірге біртұтас отбасы ретінде құрып жатқан бейбітшілік пен келісімнің үлкен де берік үйі. Онда біздің балаларымыз, немерелеріміз және барлық келер ұрпақ қауіпсіз, молшылықта және әл-ауқатты өмір сүруі үшін оны ғасырларға арнап тұрғыздық. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы", – деген еді.
Аллаға шүкір! Халықтың әл-ауқаты көтеріліп, тіршілік қайнап жатыр. Осының бәрі елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында. 
 Жаса! Қазақстан!
Жаса, менің ұлы елім
Атқан таңдай ашық болсын ажарың.
Жаса! Қазақстан!
Ата мекен тұрағым
Көк аспанда желбіресін байрағың!
Гүлсайра Хафизова,
"Қостанай таңы" жана-шырлар клубының мүшесі.
Қостанай ауданы.
СУРЕТТЕ: мақала авторы Парижде.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓