Жастар не ойлайды?

Солай да солай, қарағым,
Отыздан асып барамын.
(М. Мақатаев). 
 
Средний возрастБейресми деректерге қарағанда Қазақстандағы өмір сүрудің орташа деңгейі 70-75 жас көрінеді…  Атам қазақ "Он үште отау иесі" деген. Құда болудың да түр-түрі бар. Тіпті халық ауыз әдебиетінің өзінде-ақ біреулердің бір-біріне "егер ұл туса, біздің қатын қыз туса онда құда болайық" деп уәделесіп жататыны өмірден алынған. Қазіргідей отыз-қырыққа келгенше білім алып, ел-жер көріп, жағдайын жөндеу ол кезде қайдан болсын. Ол кезде қырықтағылар шал-кемпір еді. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Бұрын жиырма бестегі қыз "кәрі қыз" атанған. Осы орайда бір әңгімені айта кетпеске болмайды. Бір әпкеме кейіген апасы оған сынықтан сылтау іздеп ақыл айтып, сөздің соңын "сен – оттырып   қалған қызсың!" деп түйіндепті. Үкім шығар-ған үнмен. Отыздағы қыз болса "отырып қалсам-тұрамын, жатып қалмасам болды, жатып қалсам тұру-тұрмасым белгісіз" депті. Төсек тартып жатып қалуды меңзегені.  Шынтуайтында, кәрі және қыз дегендер бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар. Қыз болған соң оның кәрі болуы мүмкін емес, себебі ол қыз. Ал егер кәрі болса ол қыз емес, не әйел не кемпір болғаны. Қыз-кішік, оның жасы әрдайым кіші, жолы жіңішке, қыз қадірлі. Яғни, қыз екенсің демек жас болуың керек. Тіпті нешеде болсаң да жас болуға міндеттісің. Зат екеш затты күтіп ұстап өмір жасын, сапасын сақтап қалуға болады. Адамның жастығы өмір сапасына, ішкен ас-суына, көрген бейнетіне, күтіміне байланысты. Тұқымқуалаушылықтың да қатысы зор. Өмірде қырықтағы  қылшылдаған жігіттер де, құнтиған құлыншақтай қылмиған қыздан артық бикештер де бар. Мәселе – сыртқы түрде ғана емес, рух саулығында, биіктігінде жатыр. Адамның басы – Алланың добы. Адамның жасы – сапаның нақты көрсеткіші. Осы орайда біраз белестен асып, қырық деген қырқаға беттеген жастардан өз пікірлерін сұрап көрдік.
Жастардан деген сізге ерсі көрінді ме? Менің уәжім: қырыққа жетіңіз, сосын "мен әлі жаспын!" деп, тіпті осы құқығыңызды ел үшін күрескендей кеудеңізбен қорғайтын да боларсыз. Мен танитын қырықтардағы біраз жайсаң жандар "жаспын!" деп өз  құқығы, жастығы үшін шындап күреседі. Жақсы, сауатты адамдар солай деп есептесе сөздерінің жаны да, қисыны да болғаны. Ал психологиялық тұрғыдан қарағанда, мұның өзі адамдарға ертеңге деген сенім, көңілге жайлылық, сұлу көктем сыйлайтын секілді. Жақсы сөз – жарым ырыс. Оңбайсың мен жарайсыңның айырмашылығы зор, бұл бағдарлама нақты жұмыс істейді. Өмірде жақсыны жақсы, әдеміні әдемі, ақылдыны ақылды десек білгендік болады. Шыны керек, қазір жақсы сөз (бұл жерде: комплимент – Д. Д.) айту көп емес. Себебі, мәселе көп. Ал мұның пайдасы зор. Біріншіден, кісінің көңілін көтересіз, ол тіпті жылдар бойы шебер немесе шешен не болмаса көрікті екендігіне күмәнді болуы да мүмкін. Екіншіден, рухтанған адамнан жақсылық күте беріңіз, ісіңіз оңай шешіледі. Олай болса, адамдардың көңіл-күйі сөзге қатысты болса, біз неге олардан "жаспын" деген сөзді көп көруіміз керек, қоғамның тұтастығы, көңіл-күйі маңызды емес пе. Сондықтан тіпті күлкіміз келіп тұрса да төзуге міндеттіміз. Саясат не үшін керек десек ол қоғамның амандығы, тұтастығы үшін қажет. Сонымен қырыққа жақындаған жастар не дейді?
Руслан, 30 жаста: Мені не ойландырады? Мен әлі бойдақпын. Себебі, өзіме лайықты иманды, арлы, әдемі қызды таба алмай жүрмін. Қазіргі қыздардың көбі есепшіл, ар-ождандары мен ойлаған деңгейде емес. Көп мәселе ойландырады, мысалы, туыстарымның көпшілігі жұмыссыз. Жемқорлықты құрықтау мүмкін бе. Жең ұшынан жалғасу, меніңше, бола береді. Пәтер жалдап тұрамын. Ақша жинап жүрмін. Сірә, тиімді бағаға  ауданнан қарапайым бір үйді сатып алып, содан соң үй болатын шығармын.
Талайлы,  30 жаста:  Егер осыдан он жыл бұрын сұраса, отыз деген орта жас қой дер ме едім. Шындығында жаспыз ғой. Тіпті отыз бестен кейін адам жас емес, жастық шағы біткені деген деректер де бар. Іс жүзінде сол қағиданың аясында өмір сүрудің өзі күлкілі. Өзім екі жыл бұрын тұрмыс құрғанмын, қызымыз қазір бір   жаста. Қиындығы мен қуанышы аралас өмір енді басталды. Ал мәселелер әрине бар. Мәселе тек есі жоқ және өлі адамдарда ғана жоқ деген рас. Мені дәл осы күндері әлемдегі тығырық ойландырып жүр. Ертеңгі күнге алаңдаймын. Елбасыға, ел тұрғындарына сенемін. Бірақ, әлем үлкен. Қай жерден ши шықса да жақсы емес. Өйткені жердегілер тұтас бір ағза секілді, қай қолды кессең де жанға батады. Сондықтан жер бетіндегі жаңалықтың бәрі бізге әсер етеді. Елде ақша құнсызданбаса, қиын заман болмаса деп ойлаймын. Ең бастысы қантөгіс, табиғи апат болмаса екен.  Бейбіт өмір сүрсек болғаны.
Арай, 35 жаста: Өткен іске өкінбеу керек дейді. Бірақ естен біржола өшіру мүмкін емес. Өмірімде өкініштер көп. Мысалы, мен үшін мамандық маңызды. Ең бастысы – денсаулық, содан кейін мамандық, одан кейін отбасы. Мамандық құштарлығы өз саласын қадір тұтатын адамдар үшін маңызды. Отбасылымын, бір ұл, бір қызымыз бар. Бірақ мен мамандық таңдауда қателесіппін. Мен нағыз педагог емеспін. Шындығында күнкөріс үшін істеп жүргенім болмаса, қызметіме жігерленіп бармаймын. Мұным қателік. Енді  өзімді тауып, модельер болғым келіп жүр. Оқып та жүрмін. Мен жап-жас кезімде "оқы" деген соң оқи салыппын, бір-ақ шын педагог талантты болуы керек, бұл менің салам емес. Ұрпағым бар. Артыма мұра қалдырғым келеді. Бұл әрине істеген еңбегімнің нәтижесі, кісіге қылған қайырымым болуы керек. Артына мұра, өлмейтұғын сөз қалдырған адам бақытты.  Мен игі мақсаттарым үшін өмір сүремін. Маған сенген жандардың сенімдерін ақтауым керек. Арманым осы десем артық айтпағаным.
Ержан, 35 жаста:  Бәрі де ойландырады. Өзім орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымын. Қағазбастымын, жұмысым көп. Үйленгенмін. Жолдасым балабақшада тәрбиеші, екі қызым бар. Өміріме ризамын. Мұрагерім туса екен деймін. Балаларымды қатарынан кем қылмай жеткізу – басты парызым. Дүние жүзінде бейбітшілік, теңдік болса екен деп тілеймін. Бұл, меніңше, мүмкін. Тәрбие басы – тал бесік. Тәрбиені  түзеу керек. Жақсы тәрбиеленген адам сарқылмас қазына. Біреу тойып, біреу тоңып жүруі әділдік емес. Үйсіз-күйсіздер, мүгедектер, дерттілер, тіпті  көшедегі иесіз жануарлар  да ойландырады. Оның әрқайсысы өз алдына бір әңгіме. Жердегі байлық бәрімізге жетеді. Тек кім азулы сол жеңіп жүр. Тәрбиеге, ділге, саясатқа мән беру керек. Біраз өзгерістер керек. Және жылдам түрде. Себебі ғаламшарымыз дертті. Біз асырап отырған ағаштың тамырына балта шапқан ақымақ маймыл болуды доғарып, саналы адам деңгейіне жетуіміз керек. Өзекті жанға бір өлім. Бірақ бақытты балалыққа, жалынды жастыққа, әдемі қарттыққа, ақ өлімге не жетсін.
Төңіректегі ақ қар мен көк мұз лағылдай құлпырған ерте көктемдегі бала кезде бәрі таза болатын. Бәрі де. Күллі өмір, он сегіз мың ғалам. Өйткені періштедей бала көңіл солай қабылдайтын. "Кім боламын" деген оқушы шығармасына көбіміз "…себебі өмірді өзгерту, әлемді құтқару үшін тек менің ғана үнім жетпей тұрған сияқты"  деп жазатынбыз. Бұл қиял емес, сенім болатын. Егер де бәріміз, барлық адамдар өмірді өзгерту, әлемді, Жерді құтқару үшін әдемі көріну, мәдениетті сөйлеу ғана емес, ар-ождан, адам құқығы үшін күресу, бұл күресте жеңу міндет деп түсінсек әлемдегі атыс-шабыс, ядролық қару, індет т. б.  зұлматтардан арыла аламыз. Теориялық жағынан алғанда бұл әбден мүмкін. Ал іс  жүзіне келсек, адам ақыл-ойы жеткен жағдайларды адам ғана шеше алады. Тек, кешігіп қалмасақ екен, міне, мәселе осында жатыр. 
Ділнар Дүйсенғали.
Меңдіқара ауданы.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓