Алғашқы бесжылдықтың қорытындысы

Биыл еліміздегі индустрияландыру науқанының бірінші кезеңі аяқталады. 2010 жылы басталған мемлекеттік ауқымды шара республиканың барлық өңірін қамтыды. Қостанай облысы да осы бағдарламадан шет қалған жоқ – өнеркәсіп көлемі артып, былтыр 530,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Ал жыл басынан бері он ай ішіндегі көрсеткіш 436,7 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл туралы сәрсенбі күні аймақ әкімдігінде болған жиында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы М.Соқытбаев баяндады.
IMG_9206Айтуынша, Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылғалы бері өңіріміздегі тау-кен өнеркәсібінің өндіру көлемі төмендеген. Есесіне қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, машина құрастыру, құрылыс материалдарын жасау қатарлы салалар қарқын алып келеді.
— Индустрияландыру картасы аясындағы 4 жыл 10 ай аралығында облысымызда жалпы құны 112,1 млрд. теңге болатын 74 жоба жүзеге асып, 4534 тұрақты жұмыс орындары ашылып отыр. Облыс бойынша Қостанай (24 жоба), Рудный (13 жоба) қалалары және Қостанай (6 жоба), Денисов (6 жоба) аудандары көш бастап тұр. Алайда бағдарлама аясында Амангелді, Жангелдин, Науырзым аудандары бірде-бір жоба ұсынбаған. Биыл Индустрияландыру картасына қатысуға аудан-қалалар 78 өтініш білдірді, бұл жағынан Таран, Сарыкөл, Денисов аудандары мен Рудный қаласы белсенді, — деді М.Соқытбаев.
IMG_9203Алайда облыс әкімі Н.Садуақасов бағдарламаның орындалуында өңірдегі тепе-теңдіктің сақталмай тұрғанын айтты. Сөзінше, жүзеге асырылған жобалардың басым бөлігі бірнеше ауданға ғана тиесілі. Мәселен, Қостанайда – 24, Рудныйда – 13 жоба болғанмен, көп аудандар бір-екі ғана жобамен қатысып жатыр. Сол себепті, өңір басшысы жиынға келген қалалар мен аудандың әкімдеріне осы тұрғыда үлкен жауапкершілікпен қарауды, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуді тапсырды.
 
 
Қыдырбек Қиысханұлы
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓