Марафоншылар Тобыл төсінде!

Бас-аяғы 8 күнге созылатын Нұр-Сұлтан-Көкшетау-Петропавл-Қостанай-Ақтөбе-Орал бағытындағы жаяу жүгірушілер 29 қараша күні кешке Қостанай қаласына келіп кірді. Олар елордадан 26 қарашада шыққан болатын. Астанадан Жайық бойына дейінгі қашықтық биылғы жылдың символикасы ретінде 2021 шақырымды құрайды. Бұл ультрамарафон Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Желақтардың тұрақты құрамы – 15 тәжірибелі ультрамарафоншы болғанмен, ұйымдастырушылар кез келген өңірдің азаматтары өз аумағында бірге жүгіруге болатынын айтады.
Марафонды ұйымдастырушылар – «Астана Желаяғы» марафоншылар клубы» ҚБ мен «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ.
Тәуелсіздің 30 жылдығына арналған аламан марафонға қатысатын 15 тәжірибелі желаяқтарды қостанайлықтар Сарыкөл тасжолы бойынан қарсы алды. Қыстың көзі қырауда екі мың шақырымнан астам қашықтықты жолсызбен жүгіріп өтуге бекінген тәуекелшіл топты қарсы алу үшін ең бірінші Қостанай ауданының тұрғындары күннің аязына қарамастан жиналды. «Алтын дән» мәдениет үйінде арнау айтып қарсы алып, ұлттық қолөнер бұйымдарынан жасалған көрмені тамашалады. Мұнан кейін жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт қойылды.
            Марафоншылар Тобыл қаласынан облыстық әкімдік алаңында дейін жаяу жүгіріп жетті. Орталық алаңдағы шара кішігірім мерекелік концертке ұласып, рухты сөздер мен ақ баталар айтылды. Марафоншыларға ақ жол тілей келгендердің арасында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова да болды.
            «Құрметті спортшылар, біздің Тобыл-Торғай өңіріне қош келдіңіздер! Біздің жастарымызды салауатты өмір салтына насихаттайтын жақсы үлгі көрсетудесіздер. Бұл марафон еліміздің тәуелсіздігіне қосылған үлкен үлес және ата-бабаларымыздың рухына ерекше тағзым ретінде қабылдаймыз», — деді Б.Есімова.
 Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, «Nur Otan» партиясы, Ақпарат және қоғамдық даму, Ішкі істер, Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдіріп отыр. Ал Stroiklass құрылыс компаниясы аламан марафонға демеуші ретінде атсалысуда.
«Осындай кең байтақ жерді кешегі бабаларымыз күші мен рухы биік болғандықтан, мықты мінезбен қорғай алған. Бүгінгі марафонға қатысушылардың арасында 62 жастағы азамат та бар. Батыр бабалардан қалған рухтың арқасында мынадай аязда 2000 шақырымды күн, түн демей жүгіріп өтуге бекініп отырмыз, — дейді  марафон ұйымдастырушысы, «Астана Желаяғы» марафоншылар клубы» қоғамдық бірлестігінің және  «Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Сонымен қатар марафоншылар өздерімен бірге Қазақстанның туын алып жүріп, оны орталық алаңға дейін жеткізетін болатын. Еліміздің көк байрағын Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Саят Шаймұрыновқа табыс етті.  
Енді марафоншылар бірер күн аяқ суытып алып, Ақтөбе қаласын басып өтіп, Оралға жетеміз деп отыр. Ұрандары – «Аяңмен де, көлікпен де 1 шақырым да жүрмейміз».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аламан марафонның маршрутында табиғи кедергілер мен қиын асулар да кездеседі. Мұны олар Тәуелсіздіктің 30 жылындағы тәуекелдер мен қатерлердің символы ретінде таңдаған екен. 15 желаяқтың ішінде біздің жерлестеріміз де бар болып шықты. 53 жастағы Меңдібай Әлімғазин мен Жақсыбай Есжанов. Ал, 62 жастағы Талапнұр Байзақ саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқанына 40 жылдан асқанын айтады.
  Марафон маршрутына кірген елді мекендер марафоншылардың алдынан шығып, құрмет көрсетуде. Желаяқтар Оралға дейін ауыл-ауылдың арасымен жүгіріп жетпекші.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓