Ахаң туралы фильм түсіріліп жатыр

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» атты фильм түсіріліп жатыр. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісі жазды.
Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылып жатыр. Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, ұлт ұстазы, қоғам қайраткері және саяси публицист, реформатор Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына арналған.
Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Нұрмұхамбетов «Жаңғақ ағашы» фильмі үшін Пусан халықаралық кинофестивалінде (Оңтүстік Корея) «Жаңа ағымдар» секциясының Гран При иеленген. Режиссердің «Уақыт жолдары» атты соңғы картинасы осы жылы Францияда прокатқа шықты. Оның серіктесі Ерген Тоқмурзин көптеген деректі фильмдердің қоюшы режиссері болған.
Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңін қамтиды.
Басты рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды ойнайды.
«Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильм. Оның өмірі, қоғамдағы істері және, ең бастысы, оның күресі туралы туынды. Мемлекеттің арнайы тапсырысымен түсіріліп жатқан үлкен жоба. Ахаң – ұлттың мақтанышы. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахаңның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек», — дейді актер Азамат Сатыбалды түсірілім алаңында журналистерге берген сұхбатында.
Сондай-ақ, картинаға Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев сынды әртістер түсіп жатыр.
Түсірілімнің негізгі локациялары – Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы. Қоюшы оператор – Марс Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым Доскен. Жыл соңына дейін авторлар 14 ауысымды түсіруді жоспарлап отыр. Фильмнің негізгі бөлігі келесі жылы түсіріледі.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓