Келешекке бастар келісім

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті мен «Олжа Агро» ЖШС арасында кезекті рет әріптестік байланыс нығайып жатыр. Оқу ордасы мен еліміздегі ірі агроөнеркәсіптік кешен бұл жолы білім гранты, мамандарды кешенді даярлау, дуалды оқыту, практика базасы, жұмысқа орналастыру, білім беру бағдарламаларын өзектендіру, "практик-тәлімгер-кеңесші-басшы" тұжырымдамасын енгізу, ғылыми зерттеулер жүргізу, тағылымдама және біліктілікті арттыру, бірлескен кәсіби бағдар беру жұмысы жөніндегі меморандумға қол қойысты.
Меморандумның басты мақсаты – цифрландыру, Индустрия 4.0 (Төртінші өнеркәсіптік революция) заманауи сын-қатерлеріне жауап беретін бизнес пен білім берудің жаһандық интеграциясы болып табылады.
— Біз меморандумға қол қойғанға дейін бизнесте, өнеркәсіпте қандай қажеттіліктер бары жайында мәселені талқыладық. Сол кездесуде Айдарбек Асанұлы біздің әріптестігіміздің бағдарламасын қайта қарау туралы ұсынысын айтты. «Олжа Агро» – біздің ұзақ жылдан бері келе жатқан серіктесіміз екенін білесіздер. Ал «өнеркәсіп – бизнес – білім» коллабарациясы мемлекетіміздің дамуының негізгі мәні болып табылады. Біздің университетіміз бен «Олжа Агро» арасында бұдан былайғы әріптестігімізге ребрендинг жасау қажеттілігі туындап тұрғанын ақылдастық. Серіктестіктің бас директоры тарапынан өте маңызды, өзекті, келешегі зор ұсыныстар айтылды. Осы ортада түлектеріміз бен студенттер бар. Олар практика, ғылыми-зерттеу жұмыстары, ең бастысы, жұмысқа орналасудың қаншалықты қолжетімді болатынын өз көздерімен көріп отыр, — деді А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Басқарма төрайымы – Ректоры Алма Дощанова.
Ахаң атындағы өңірлік университет сексен жылдан астам уақыт бойы еліміздің инновациялық экономикасы үшін үш деңгейлі жүйе – бакалавриат, магистратура және докторантура, 167 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлап келеді. Студенттер контингенті 7,2 мыңнан артық, қызметкерлері мыңнан асады. 600 оқытушы-профессорлық құрамның 200-ден астамы ғылыми дәрежеге ие. Университет түлектерінің 90 пайызы жұмысқа орналасады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 10-15% артық. Шетелдік университтермен жобалар алмасу жағынан көш бастап тұр. Ғылыми зерттеу жұмыстарына зор басымдық берілген. Қолданбалы биотехнология ҒЗИ жұмыс істейді. Биыл білім шаңырағына қабылданған абитуриенттер саны айтарлықтай көбейген. Өткен жылы оқу ордасы өңірлік университет аталып, коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесін алды. Осыған орай қаржы мәселелері, академиялық саясат пен басқару жағынан еркіндік беріліп отыр.
Ал университет аймағымыздағы ең ірі кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның ішінде «Олжа Агро» компаниясымен байланыс ұдайы қарқын алып келеді. «Олжа Агро» – еліміздің ең ірі қарқынды дамып келе жатқан агрохолдинг. 2020 жылы серіктестіктің еншілес кәсіпорындарға салған инвестициялар көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрады, холдинг жерлерінің сапасын жақсартуға салынған инвестициялар шамамен 5 млрд теңге, техниканы күрделі жөндеуге және қосалқы бөлшектерді өндіруге салынған инвестициялар 8 млрд теңгеден асты.
— Біздің агрохолдингте 7 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Көбі бізге агроном, зооветеринар мамандар қажет деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Серіктестігіміздің құрамында қаншама ауылдар бар. Оларда тек ауыл шаруашылық саласының адамдары еңбек етпейді ғой. Мұғалім, дәрігер, балабақша тәрбиешісі, учаскелік инспекторлар да жұмыс істеп жүр. Елді мекенде мектеп, балабақша, медициналық пункт болмаса, оның болашағы жоқ. Өзім осы елге келгеннен бері үш-төрт ауылдың жабылғанын көзім көрді. Сол себепті, педагогикалық, басқа да салалардың мамандары ауадай қажет. Ал біз өзіміздің компанияға қарасты ауылдардан келіп оқитын студенттерге білім грантын беру жағына әзірміз. Сондай-ақ, агро-технологиялық парк құру болашағы зор өте ауқымды бағыт. Бұдан бөлек, Алма Іргебайқызы біздің холдингтің балансындағы жерлердің бір бөлігі университет құзырында болып, ол жер білікті мамандар даярлайтын алаңға айналса деген ұсынысын айтты. Бұл ұсынысты қуана қабылдаймыз әрі ол жерлердегі ғылыми-зерттеу орталықтарын қаржыландырып, тұқымдармен, химиялық тыңайтқыштармен қамтуға әзірміз. Біздің холдинг пен өңірлік университет арасындағы мұндай өзара ықпалдастық, жаңашылдықты Қазақстан бойынша еш жерде көрген жоқпын, — деді «Олжа Агро» ЖШС бас директоры Айдарбек Ходжаназаров.
Кездесу барысында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеттің Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының директоры Тілеген Ахметов «Олжа Агро» басшылығына ауылды жерлерден келіп оқитын студенттерге берілетін гранттар санын арттыруды сұрады. Ал Айдарбек Асанұлы бұл мәселені күн тәртібіне қойып, демеушілік жағын қолға алатынын жеткізді.
Қыдырбек Қиысхан,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓