Жасампаздық қағидаттары жария етілді

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Бейнеконференция байланысы режимінде өткен отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері, «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттардағы партия фракциясының депутаттары, өңір басшылары, «Jas Otan» жастар қанатының көшбасшылары қатысты.
Жиынды ашқан Елбасы отыз жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктеріне тоқталып, мұның барлығы бірлесе атқарылған жұмыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.
«Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Осы орайда партияның соңғы парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі арта түсуде. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын центристік ұстанымды сақтауымыз қажет екенін тағы да атап өткім келіп отыр. Партияның міндеті – халықты бөліп-жару емес, біріктіру», – деді Елбасы.
Елбасы партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді.
«Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссия деп санаймын», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Жиында Елбасы жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды:
Бірінші. Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.
Екінші. Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.
Үшінші. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.
Бесінші. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.
Алтыншы. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.
Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.
Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз.
Елдіктің жеті тұғыры дегеніміз – осы!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Төрағасы лауазымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруға шешім қабылдады.
«Бұл шешім ел ішіндегі және сыртындағы барлық тараптарға биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына толықтай берік екендігін көрсетеді. Қосарланған билік туралы айтылған барлық негізсіз пікірлер мен орынсыз ұйғарымдарды теріске шығаратын қадам. Елбасының ел үшін және билеуші партия үшін осындай маңызды шешімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қабылдауы үлкен символдық мәнге ие деп білемін», — деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
 
Қырмызы Жаңбыршина,
Қостанай облыстық мәслихат депутаты 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓